Спорт • Бүгін, 07:58

Алтынды аңсаған ширек ғасыр...

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

13–21 қыркүйек аралығында Хорватияның астанасы – Загребте күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Елімізде балуандық өнердің бай дәстүрі бар екенін барша жұрт жақсы біледі. КСРО дәуірінде Анатолий Колесов, Валерий Анисимов, Владимир Бакулин, Валерий Резанцев, Анатолий Назаренко, Анатолий Быков, Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыхановтың есімдері әлемдік спорттық шежіреде алтын әріптермен жазылды. Сол жеңіспен өрілген дәстүр тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасты.

Алтынды аңсаған ширек ғасыр...

Әңгімеміздің «әлқис­са­сын» грек-рим кү­ресінен бастасақ. Елі­міздің ұлттық құрамасы әлем чем­пионаттарына 1993 жылдан бері үзбей қатысып келеді. Сол жылы Швецияның бас шаһары Стокгольмде өткен бәсекеде Дәу­лет Тұрлыханов (82 кг) күміс ме­дальды мойнында жарқырат­ты. Фи­налда түркиялық Хамза ­Ерлік­айдан ұтылды. Сөйтіп, бұ­ған дейін әлем чемпионатының алтыны мен қола медалін ол­жалаған даңқты балуанымыз Скан­динавия түбегінде де жеңіс тұ­ғы­рына көтерілді.

1994 жылы сегіз балуанымыз Финляндияның Тампере қаласына сапар шекті. Солардың арасынан Юрий Мельниченко (57 кг) суырылып шықты. Бар­лық қарсыластарын қапы қал­дырып, әлем чемпионы атанды. Финалда ресейлік Александр Игнатенконың тас-талқанын шығарды.

1995 жылғы дүниежүзілік доданы Чехияның астанасы қа­был­дады. Прагада қоржынымыз­ға қос күміс медаль түсті. Оның иегерлері – Юрий Мельничен­ко (57 кг) мен Бақтияр Байсейі­тов (74 кг). Қос балуан да асқан ше­берлік танытты. Мельничен­ко бастапқы бәсекелердің бірінде әйгілі Александр Игнатенко­ны ұтса, Байсейітов жартылай финалда Олимпия ойын­да­ры­ның жеңімпазы, әлемнің үш дүркін чемпионы Мнацкан Искан­деряннан айласын асыр­ды. Бірақ ақтық айқаста жерлес­теріміздің жолы болмады. Юрий америкалық Денис Халға, Бақ­тияр француз Ивон Риамерге есе жіберді.

1997 жылы Польшаның Ворц­лав қаласында Юрий Мель­ни­ченко (58 кг) екі дүркін әлем чемпионы атанды.

1998 жылы Швецияның Евле қаласында еліміздің балуандары өз­дерінің мықтылығын түпкілікті мойындатты. Төрткүл дүние­нің теңдессіздері бас қосқан жарыста біздің команданың қор­жынына қос алтын медаль түсті. Мхитар Манукян (63 кг) қар­сы келгендердің барлығын қоға­дай жапырып өтті. Бақтияр Бай­сейітов (76 кг) финалда Олим­пиа­да чемпионы, кубалық Роберто Фелиберто Аскуяны таза ұтты.

1999 жылы Грекияның Афи­насында Мхитар Манукянның (63 кг) қайта бағы жанды. Ол жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, Юрий Мельниченко (63 кг) екінші мәрте күміс жүлдегер атанды.

2001–2009 жылдар арал­ығын­да Қазақстан құрамасы жеті әлем чемпионатына қатысып, соның төртеуінен қоржыны бос қайт­ты. Атап айтсақ, 2001, 2002, 2006, 2007 жылдары жерлестеріміз ­өз жанкүйерлерін қуанта алмады. 2003 жылы Георгий Цурцумия (120 кг) қола медаль алса, 2005 жылы Ермек Көкетов (55 кг), 2009 жылы Нұрбақыт Теңізбаев ­(60 кг) сол межеден көрінді.

2010 жылы Мәскеуде қос қандасымыз – Алмат Кебісбаев (60 кг) пен Нұрмахан Тыналиев (120 кг) қола медаль иеленді. 2011 жылы Ыстанбұлда Алматтың алтын алуға тамаша мүмкіндігі болды. Алайда финалда қандасы­мыз ирандық Омид Ноуризиге есе жіберді. Нұрмахан тағы да үшінші орынға табан тіреді. 2013 жылы Будапештте Н.Тыналиев әлемдік додада үшінші рет қола медальды еншіледі.

2015–2021 жылдар аралығын­да Алмат Кебісбаев (59 кг, 63 кг, 67 кг) тағы үш рет қола ме­дальды олжалады. Осы жылдары ұйымдастырылған жарыстар­да Алматтан бөлек, тағы біреше балуанның бағы жанды. Атап айтсақ, 2015 жылы Лас-Вегаста Досжан Қартықов (75 кг) күміс алса, 2017 жылы Парижде Мейрамбек Айнағұлов (59 кг) пен Демеу Жадыраевтың (71 кг) бас жүлдені олжалауға тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ шешуші сайыста Мейрам­бек­тің жапониялық Кэнъитиро Фу­митаға, Демеудің герма­ния­лық Франк Штеблерге әлі жетпеді.

2018 жылы Будапештте Айдос Сұлтанғали (60 кг) мен Мейір­жан Шермағаханбет (67 кг) үшін­ші сатыға жайғасты. 2019 жылы Астанада Қорлан Жақанша (55 кг) екінші, Мейрамбек Айнағұлов (60 кг) үшінші орындарды еншіледі.

2022 жылы Белградта Айдос Сұлтанғали (60 кг) үздік үш­тікті түйіндеді. 2023 жылғы Сер­бияның астанасындағы жарыс­та жерлестеріміз тегіс ұтылды. Былтыр Тиранада Олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойын­ша өткен әлемдік додада Ержет Жа­рылқасын (63 кг) ер­леді. Финал­ға дейін жеткен ол әзер­байжан­дық Нихат Мәмедлиден ұтылып, күмісті қанағат тұтты.

1993–2025 жылдар аралығын­да жалауы желбірген әлем чемпионаттарында еліміздің грек-рим күресі шеберлері 5 алтын, 9 күміс, 15 қолаға қол жеткізді. Барлығы – 29 жүлде. Әрине, бұл аз табыс емес. Дегенмен бізді қын­жылтатыны – алтынның азды­ғы. Бас жүлденің бесеуін де біз ХХ ғасырда алдық. Соңғы рет 1999 жылы Афинада әнұранымыз шырқалды. Содан бері ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Нақ­тылап айтсақ, 26 жылда 20 жарыс­тың жалауы желбіреді. Сол уақыт ішінде күрестің осы түрін серік еткен бірде-бір саңлағымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріле алған жоқ.