
Кездесуге Мәжіліс депутаттары, жетекші заңгер-ғалымдар, саясаттанушылар мен Қазақстан, Ресей және Қырғызстанның қоғамдық институттары өкілдері қатысты.
Кездесудің мақсаты – Конституцияның мемлекетшілдікті нығайтудағы рөлін сараптамалық тұрғыда пайымдау, 2022 жылғы референдумның қорытындыларын талдау және реформалардың құқықтық жүйенің дамуына ықпалын бағамдау болды. Қатысушылар ұлттық конституциялық негіздерді озық халықаралық тәжірибемен ұштастыру қажеттігіне айрықша назар аударды.
Талқылаулардың басты өзегі Конституцияның мемлекеттiң құқықтық негізі әрі саяси жаңғыртудың негізгі құралы ретіндегі рөлі болды.
Отырыста Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан атап өткендей, еліміздің Конституциясы билік тармақтарының бөлінісін бекітіп қана қоймай, мықты парламентаризмді дамытуға жағдай жасады. Ең маңызды өзгерістер қатарында ол Сенаттың негізгі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалатын кандидатураларды келісу жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтуді, заң шығару рәсімдері мен Парламент құрылымын қайта қарауды, бюджет процестеріне парламенттік бақылауды енгізуді, Жоғары аудиторлық палатаны құруды және аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесіне көшуін атады. Оның айтуынша, бұл реформалар парламентаризм рөлін күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесіне қоғам сенімін арттырды.
«Сондай-ақ Конституция – құқықтың үстемдігін, саяси плюрализмді, биліктің бөлінуін және адам құқықтарын құрметтеудің басты қағидаттарын жасай отырып, мемлекеттік эволюцияның бағытын анықтады. Конституция тиімді институттардың, тұрақты құқықтық жүйенің және экономикалық қайта құрулардың жұмыс істеуіне, сондай-ақ ішкі тұрақтылықты нығайтудың негізін қалыптастырды», деді Н.Пан.
Ал «Ауыл» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев еліміздің Ата заңы ең алдымен Қазақстанның жаңа даму бағытын, демократиялық және зайырлы мемлекет ретіндегі болмысын айқындап бергенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік билік бөлінісі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, меншікке қол сұқпау принциптері еліміздің басты заңы арқылы бекітілгенін айтты.
Партия төрағасы С.Егізбаев Конституциямыз 2022 жылы жаңа дәуірге бейімделіп, реформаланғанына тоқталды.
«Конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізілді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасының нақты іске асуы еліміздегі тарихи өзгерістердің бастауы болды.
Президенттің қандай да бір партиядан тыс болуы және мұның конституциялық заң арқылы бекітілуі елімізде демократияның дамуына жол ашты деп сеніммен айта аламыз. Қазіргі Парламент мәжілісінің құрамын бұған нақты мысал ретінде көрсетуге болады. 8 шақырылымдағы Парламент мәжілісінде 6 партия өкілдерімен бірге, бір мандатты округтерден сайланған депутаттар бар. Бұл еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған өте маңызды өзгеріс. «Ауыл» партиясы 25 жылдық тарихында Президент бастаған конституциялық реформалардың нәтижесінде тұңғыш рет Парламенттік партия болды», деді Мәжіліс депутаты.
Осылайша, Астанада өткен халықаралық сарапшылық кездесу Ата заңның 30 жылдығы аясында мемлеетімізідің конституциялық дамуының болашағын талқылаудың маңызды алаңына айналды.