ЖОЛДАУ • Бүгін, 16:20

Әлеуметтік сала мен еңбек нарығы жаңғыртылып жатыр

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әлеуметтік сала мен еңбек нарығын сапалы түрде өзгерту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлеуметтік сала мен еңбек нарығы жаңғыртылып жатыр

Фото: Ашық дереккөз

Үкімет Жолдаудың негізгі қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыруға баса назар аударып отыр. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік қолдауды проактивті және атаулы принциптерге көшіру жүзеге асырылып, барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктерге негізделген инклюзивті орта қалыптастыру көзделген. Экономикалық өсуге қолдау көрсету мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыру, кәсіпкерлік бастамаларды дамыту және сапалы жұмыс орындарын құру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейтеді, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді және сындарлы әлеуметтік әріптестікті дамытады.

Мемлекет жыл сайын шамамен 4,5 млн адамды әлеуметтік төлемдермен қамти отырып, өзінің әлеуметтік міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындайды. Биылғы жылдың алғашқы 7 айында жоспарланған 6 трлн теңгенің 3,4 трлн теңгесі төленді. Оның ішінде: 

  • 2,5 млн зейнеткерге 2,5 трлн теңге көлемінде зейнетақы төленді;
  • Жалпы сомасы 382 млрд теңге болатын 542 мың азаматқа мүгедектігі бойынша және 195 мың отбасыға асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы берілді;
  • 613 мыңнан астам көпбалалы отбасы мен 243 мың марапатталған аналарға 354,5 млрд теңге төлемдер жасалды;
  • 200 мыңнан астам отбасыға бала тууы және бала күтімі бойынша 61,8 млрд теңге жәрдемақы төленді; 
  • 102 млрд теңге көлемінде өзге де әлеуметтік төлемдер жүргізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік қолдаудың атаулы бағыты күшейтілді. Ең басты өзгеріс – әлеуметтік көмек санаттарға бөлуден нақты қажеттілік критерийлеріне көшу болды. Әр отбасының әл-ауқатын объективті бағалайтын скорингтік модель жасалды, және бұл тәсіл қазіргі уақытта Шымкент пен Қарағанды облыстарында сынақтан өткізіліп отыр.

«Біз мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қысқартпаймыз. Аталған өзгерістер зейнетақыға, мүгедектік бойынша, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыға және республикалық бюджеттен төленетін басқа да төлемдер сияқты мемлекеттік кепілдіктерге еш әсер етпейді. Біз жергілікті деңгейде көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың атаулылығы мен ашықтығын күшейтеміз»,  деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау кезінде енді медианалық табыс көрсеткіші қолданылады, сондай-ақ отбасының кірістерімен қатар шығыстары да ескеріледі. Биылғы жеті айда АӘК-ке 18,6 млрд теңге төленіп, оны 48 мың мұқтаж отбасы алған. Еңбекке қабілетті азаматтар үшін көмек әлеуметтік келісімшарт талаптарымен беріледі. Биыл 8,3 мың адам отбасының табысын арттыру мақсатында жұмысқа орналастырылған.

Атаулы және белсенді көмектің технологиялық негізі – «Бірыңғай цифрлық платформа және Отбасы картасы». Платформаның негізгі мақсаты бюрократиялық кедергілер мен адами факторды жою арқылы әлеуметтік көмектің барлық түріне арналған бірыңғай сандық жүйе құру. Платформа әртүрлі мемлекеттік жүйелердегі деректерді талдайды және қай отбасының қолдауға мұқтаж екенін автоматты түрде анықтайды.

Қазіргі таңда жүйеге 128 Отбасын қолдау орталығы қосылған, ал жұмысқа білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, полиция және пробация қызметінен 32 мыңнан астам мобильді топ мамандары жұмылдырылған. Осы цифрлық экожүйе арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған 4 мың отбасы қазір толық кешенді қолдауға ие болып отыр.