
Кутлердің айтуынша, «Тяньцзинь саммиті ШЫҰ-ның жиырма бес жылдық тарихындағы ең ірісі болды. Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Иран және Қазақстан көшбасшыларының қатысуы ұйымның халықаралық салмағын арттыра түсті».
Шын мәнінде, бұл жолы еліміздің рөлі айрықша байқалды. 2024 жылғы төрағалығы кезінде Астана ұсынған бастамалар – энергетикалық стратегия, мәдени мұраны насихаттау, денсаулық сақтау саласында ынтымақтастық құру – Тяньцзиньде нақты шешімдерге айналды. Әсіресе, ШЫҰ-ның 2030 жылға дейінгі энергетикалық ынтымақтастық стратегиясының қабылдануы Қазақстанның көпвекторлы саясатының табысты нәтижесі болып отыр.
Сонымен бірге Астана тек үлкен державалардың ойыншысы емес, өңірлік медиатор ретіндегі рөлін де айқын көрсетті. Жаңа мүшелердің интеграциясын үйлестіру, ұйым ішіндегі консенсусты сақтау – орта мемлекет үшін үлкен дипломатиялық қадам.
Кутлер бұл туралы: «Қазақстан енді тек қатысушы емес, күн тәртібін айқындаушы елге айналды», деп атап өтті.
Осылайша, Тяньцзинь декларациясында Қазақстанның қолтаңбасы айқын көрінеді. Егер алға қойылған бағыттар жүзеге асса, еліміздің Еуразиялық көпжақтылықтағы орны бұрынғыдан да беки түсетіні сөзсіз.