Шаруашылық • Бүгін, 09:49

Елімізде суару маусымы аяқталуға таяу

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарында егіс алқаптарын суару үшін жоспарланған 10,1 млрд текше метр судың 9,9 млрд текше метрі алынған, қалған 200 млн текше метр су вегетация кезеңінің соңына дейін алынады, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде суару маусымы аяқталуға таяу

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Вегетация кезеңі басталғалы Алматы облысында 1,2 млрд текше метр су алынып, 136 мың гектар егістік суарылған. Ал Жетісу облысында 1 млрд текше метр су алынып, 132 мың гектар жер суарылды. Жамбыл облысында алынған су көлемі 897 млн текше метр болған, 70 мың гектар көлеміндегі егістік суарылған. Ал кестеге сәйкес күріштің масақтану кезеңі өтіп жатқан Қызылорда облысының алған су көлемі 3,476 млрд текше метрді құрап отыр. Түркістан облысына 3,27 млрд текше метр су берілген.

Еліміздің басқа өңірлерінде жалпы көлемі 327 млн текше метр су алынған.

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша елімізде суару маусымы аяқталуға жақын. Министрлік қабылдаған шаралар вегетация кезеңінің қалған бөлігін тұрақты өткізуге мүмкіндік беріп отыр.

«Елдің оңтүстігінде каналдар арқылы суды кезекпен беру кестелері бекітілді, сорғы қондырғылары мен тік дренаж жүйелері қосылды, сондай-ақ су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп, коллекторлық-дренаждық су қайталама пайдаланылып жатыр», деді Н.Алдамжаров.