
Сурет: azan.kz
Бала қатарларынан қалмай, таңдаған мамандығы бойынша биыл қалайда оқуға түскісі келетінін білдірді. Мұның бір ғана жолы бар, ол – ақысын төлеп оқу. Мөлиген бала келер жылы қайта бақ сынар болса, арада бір жыл уақыт бос кететінін, «темірді қызған кезде соққан» тиімді екенін, биылдан қалса, білім алуға деген атқақтаған көңілі басылып қалатынын жеткізе келіп, соңында ақылы негізде оқуға жіберуін сұрады. Әке ұлының меселін жыққысы келмей, қолдағы азын-аулақ мал-палды сатып, басқа да жиған-тергенін қосып ақылы оқуға түсіретін болды.
Әкесі ұлына қажетті қаржыны жерден қазғандай болып тауып берді. Қарашаңырақтың қоры ойсырап қалды. Ата-ана сенімі, артылған жауапкершілік баланы әрі-сәрі күй кештірді, көңілі бір тасып, бір басылды. Жолға шығар сәтте бала ата-анасына риясыз пейілмен: «Тұздарыңызды ақтаймын... Ертең қартайғандарыңызда қазы-қарта, жал-жая, бал мен қаймақ беріп бағамын», деді.
Әкесі: «Ниетіңе жет. Әрбір перзенттің әке-шешесіне «қартайғанда жақсылап күтіп-бағамын» деп уәде беруі үйреншікті жайт қой... Дегенмен сен әлгі жылы-жұмсақты жастау кезімізде жегіз, әйтпесе қартайғанда оның дәмі таңдайға татымды, құнар-қуаты тәнге жағымды бола қоймас. Ол кезде ештеңе керек те болмай қалуы мүмкін», деді.
«Мүмкіндік беріңіз... Сенімдеріңізді ақтауға барымды саламын», деді бала.
«Әке-шешесінің жігерін жасытып, зар жылатып, жүрегін жұлым-жұлым етіп, бар қуатын сарқып, олардың кәрілік кезеңге қалт-құлт етіп жетуіне басты себепкер болатын ұл мен қыз аз ба?.. Перзент атаулының көбі ата-анамды «қартайғанда жарылқаймын» деп өзін-өзі алдаумен жүр. Әке-шешесінің қарттық кезеңге жетер-жетпесіне кім кепіл? Ата-анаға баласының дұрыс жүріп-тұрғаны, оңды адам болғаны ғана керек. Сонда әке мен шеше кәріліктің ауылына өкпесі өшпей тың жетеді. Тың адамға жылы-жұмсақ берсең жанына жағады, ал сүлдері ғана қалған кәрі-құртаңға аузына ақ май ағызып қойсаң да жұқпайды... Менің саған айтарым, кәрілік келгенде пешенемізге не жазылатынын кезінде көрерміз, маған қазір керегі – сенің амандығың, көштен қалмай, жаман атты болмай жүргенің. Сонда ғана кезі келгенде қарттықтың ауасын ентікпей еркін жұтамыз, не берсең де таңдайымызға татиды. Әйтпесе бәрі бекер...» деді әке.
Ата-ана сенімі, риясыз пейілі, мойнына артылған жауапкершілік-аманат бозбаланың жігерін жаныды, атақты университеттің зәулім ғимаратының есігін батыл ашты. Әке-шеше үмітін ақтаған бала жаман болмас, ел аманатын арқалай алса керек. Әке сөзін көкірегіне түйе білгендер елдік мүддені де ескеретіні сөзсіз.