
Ішкі Ресейден мұнай өндіруге келген мордва жігіті осы жақта тұрақтап, қызмет етті. Үй салды, қазақ қызына үйленді. Қазір ұлдары ержетіп, бір-бір мамандық иесі атанды. Береке-бірлігі жарасқан тату, үлкен жанұяға айналды. Еңбекқор ата-анасының тәлім-тәрбиесімен ержеткен балалары да бау-бақша өсіріп, мал баққанды ұнатады. Мұнайдың майы жұққан Жақсымайдың топырағы шаруаға қолайлы болып шықты. 90-жылдардың қиын-қыстау кезеңінде де тозған жоқ, ауылдықтар көшіп кетпеді. Бүгінде көгілдір отын құбыры әр үйге тартылған. Орталықтандырылған су желісі бар, тал-терегі көп, тасжолдың бойындағы берекелі ауыл.
Әке Чирковтың өнегелі ісін туған ауылында жалғастырып отырған Максим деген ұлы отызды орталаған жігіт. Үйленген, екі баласы бар. Келіншегі аудандық архивте жұмыс істейді. Өзі аудандық көркемөнер мектебінде балаларды қолданбалы өнерге баулып жүр. Он төрт жылдан бері Жақсымайдан Шұбарқұдыққа жеке көлігімен қатынап жұмыс істейді. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде қолданбалы өнер мамандығын оқып, диплом алған бойы туған ауылына оралған. Біз Максимнің Жақсымайдағы үйінің атшаптырым ауласындағы тамаша жеміс бағы туралы айтуды жөн көрген едік. Оның ауласындағы жүзден астам жеміс ағашының 45-і тек қана алма ағаштары. Одан өзге алмұрт, қызыл, сары, қара өрік, шие талдары, сібір шыршасы, самырсын жайқалып тұр. Жеміс бұталары да сан алуан: қарақаттың бес түрі, құлпынай, қызылқат, жүзім түрлері өседі. Ауланың кіреберісінен бастап түкпірге дейін көздің жауын алатын гүлдер жайқалады: гортензия, таушымылдық, раушан, түймедақ, хризантема, інжугүл, қалампыр, гладиолус, лалагүл, әртүрлі иристер. Раушан гүлдерінің де бірнеше түрі өседі. Күн салқындағанда көпжылдық гүлдерді қымтап жауып тастаса, пиязшықты гүлдерді қазып алып жертөлеге қояды. Максим көпжылдық гүлдерді орнынан қозғағанды ұнатпайды. Ең бастысы, кез келген өсімдік тамырын суық шалмауы керек.
«Біздің үйден көк жуа, ақжелкен, аскөк сатып алуға келетін көршілеріміз ауламыздың аптап ыстықта қоңыржай, ылғалды болып тұратынын айтады. Аулада ағаш көп болса, ауа тазарады. Әсіресе сібір шыршасы, көгілдір шырша ауаға оттегіні көп бөледі», дейді Максим.
Ерекше талғаммен, баппен отырғызған өсімдіктерді көрген жан ауладан ұзап кеткісі келмейді. Максимнің ауласы жақында ғана аудандық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған «Үздік абаттандырылған аула» байқауына қатысып, бірінші орын жеңіп алды. Иә, осынша шаруаны бір адамның атқаруы әсте мүмкін емес. Бұл іске жасыл желекті ерекше сүйетін еңбекқор бағбанның қолы керек.
«Күнделікті қарбалас шаруаның ізіне түсіп, кей-кейде аулаға қарайласуға уақыт тапшы болып жатады. Әсіресе жаз бойы бақшаны суаруға, арамшөптерін жұлуға қолымыз тие бермейді. Ауыл іші болған соң, шақырып қалатын ауылдастар бар. Осындайда бізге әке-шешеміз көмектеседі. Олар зейнеткер, бос уақытында ауланың күтімін жасағанды жөн көреді», дейді Максим сөзін жалғап.
Біз мақаламыздың басында Чирковтар отбасының «Ауыл аманаты» жобасы бойынша мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, табысты шаруашылық ұйымдастыру тәжірибесі жөнінде бірден көсіліп айтпақшы едік. Әйткенмен аулада қызарып піскен түрлі жемістерді, есіктен төрге дейін кілем жайылғандай көмкерілген гүлдерді көрген соң, бірден бақша жайына ауысып кеттік. Максимнің анасы, келіншегі қысқа компот, тосап дайындаумен қарбаласта екен. Шие, алма, алмұрттан компот жауып жертөлені толтырған. Көп жемісті қатырып та сақтайды. Бұл әулет 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасымен 5 млн 400 мың теңге несие алып, жылыжай салды. Кең ауласының түкпірінде орналасқан жылыжайда қияр, аскөк, ақжелкен, көк жуа, салат жапырағы, руккола өсіріп, Шұбарқұдық мейрамханаларына, базарға өткізеді. Табиғи өнімдерін үйіне келіп сатып алатын қауым да көп.
– Өсіргенім ауылдан ауыспайды. Жылыжайдан бір жылда екі рет өнім аламын. Ерте көктемде еккенім тамыздың ортасына дейін жетеді. Қыркүйекте ол орынды жинап тастап, қайта егемін. Бұл жолы ақпан айына дейін өнім береді. Былайша айтқанда, он ай өнім беріп, екі ай демалады. Алдын ала тапсырыс беріп қоятын тұрақты сатып алушыларым бар. Темір ауданынан бөлек, Қандыағаш қаласынан, Ақтөбеден келіп сатып алады. Бақшама да, жылыжайға да тамшылатып суару әдісін қолданамын. Топыраққа минералды тыңайтқыштарды қоспаймын, тек малдың тезегі түріндегі органикалық тыңайтқыштармен құнарландырамын. Онда да екі-үш жыл жатқан сиырдың тезегін саламын. Жылыжай көкөністері таза өнім болғандықтан, сұраныс көп. Қыста жаңа піскен қиярдың килосы ауылдың дүкендерінде 1200 теңгеден сатылса, мен оларға 1 мың теңгеден өткіземін. Ең өтімдісі – қияр. Оның бағасы да әр түрлі: қыс ортасында, мереке алдында 1000 теңгеден жоғарыласа, көктем шыға 800, 700 теңгеден 450 теңгеге дейін арзандай береді. Қазіргі уақытта қияр 350 теңгеден сатылып жатыр. Енді баға одан түспейді, қымбаттай береді», дейді Максим.
Кейіпкеріміз ағаш, гүлдер мен бұталардың тұқымдарын Ресейден алдыртқан. Өйткені, бұл өлкеге суық жақта өскен ағаштар мен бұталар ғана жерсінеді. Максим қолда бар жеміс ағаштары мен бұта көшеттерін будандастырып сатуды бастап кетті. Балабақшалар мен мектептерге гүлдер мен ағаш тұқымдарын, өскіндерін тегін таратады. Мақсаты – аулалар мен көшелер, саябақтарды жасыл желекпен көмкеруге атсалысу. Ағаш, талы көп жердің ауасы тазарады, топырағы тозбайды, жерасты суы да тамырына ілесіп, жердің бетіне жақындайды. Максимнің көшеттері күй талғамай, жақсы көктейтіндіктен, Ақтөбе облысында сұранысқа ие болып келеді. Тек топыраққа шаншылған шыбықты аз-аздап суарып, қыста тамырын үсікке ұрындырмай, күтіп-баптап отырса жеткілікті.
Жақсымайдың жайсаң ұлы «Таза Қазақстан» секілді жалпыұлттық акцияларда тек қоқыс жинаумен шектелмей, төңіректі таза ұстап, жасыл желек отырғызу, оны күтіп-баптау әрбір адамға міндет екенін айтады. Бізде де Максимнің ауылына, өскен өлкесіне жанашырлығын көріп, іштей риза болдық. Расында, шын көңілмен баптаса, тақыр жердің өзін гүлдендіруге болады. Оған әуелі еңбек, табиғатқа деген жанашырлық сосын барып бастаған істі аяқтайтындай табандылық, күш-жігер керек. Өйткені жер жалқауды сүймейді.
Ақтөбе облысы,
Темір ауданы