Сұхбат • Бүгін, 08:17

«Абай арқылы ішкі әлемімізді тазарту маңызды»

20 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жуырда ғана Абай Құнанбайұлының 45 қара сөзі қазақтың қара өлең өрнегімен қайта жырланған кітап шыққанын естіп елең ете қалдық. Аталған еңбек ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлібек Шегебайдың кейінгі бес жылда атқарған ауқымды әдеби еңбектерінің бірі саналады. «Қара сөз қара өлеңге айналғанда...» атты туынды әдеби ортада кеңінен талқыланып жатыр.

«Абай арқылы ішкі әлемімізді тазарту маңызды»

Осы орайда автормен тың жобаның туу тарихы, шығармашылық үдерісі, оның мұрасымен үндестігі және қазіргі  қоғамда Абай аманатына адалдық туралы ой бөлістік.

– Осы кітапты жазу барысында өзіңіздің ішкі әлеміңізде қандай өз­герістер болды? Абаймен іштей тіл­десу, оның әр сөзін қайта жырлап көру сізге қандай рухани әсер сыйлады?

– Абаймен іштей сұхбаттасу – жай ғана әдеби жұмыс емес, бұл дегеніңіз адамның өзімен-өзі сырласуы, өз арын, өз ойын сүзгіден өткізуі. Абайдың әр қара сөзіне терең бойлау арқылы мен тек өлең жазған жоқпын, өз-өзіме үңіліп, өз ішкі әлемімді тазартып, қайта тәрбиеледім десем де болатын шығар. Абай – тек ойшыл емес, рухтың биігі, адамның ар-намысын таразылайтын таразы. Әр қара сөзін өлеңге айналдырарда «Мен осыны шынымен түсіндім бе? Бұл ойды көтере алам ба? Осы сөзді жүрегіммен ұқтым ба?» деген секілді ойлардың мазалағаны да рас.

Абаймен рухани сұхбаттасқан бес жыл ішінде көп өзгерген сияқтымын. Бір сөзбен айтсам, поэзияға келген Әлібек басқа еді, ал Абаймен сырласқан Әлібек – басқа. Сөзге деген жауапкершілік артып, адамның ішкі тазалығы мен рухани тәртібі алдыңғы орынға шығады екен. Абаймен бірге іштей көп үнсіздікке баттым, көп нәрседен безіндім, көп нәрсені қайтадан таңдадым. Осындай сан түрлі сезімдер мен көңіл күйді басымнан өткере отырып, Абайдың аманатын өлеңмен жеткіздім. Бұл еңбек мен үшін жай бір жобадан бөлек, тылсым рухани мектеп болды.

– Осы қара сөздерді өлеңге айналдыру барысында сіз Абаймен бір дәуірде, бір кеңістікте жүргендей сезінген сәттер болды ма?

– Мен осы уақытқа дейін Абайдың топырағына үш мәрте тағзым етіппін. Әр сапарым – санамның өз өзегіне үңілген, жүрегімнің жаңа бір қырын ашқан ерекше жолcыйлық болды. Ең алғаш 27 жасымда Хакім еліне бет бұрған екенмін. Ол кезде көңілді әлдебір мақтаныш сезімі кернеген: «Абайдың еліне, Абайға бара жатырмыз» деген жай қызығушылық, жастыққа тән шабыт қана болатын. Бірақ уақыт өте келе бұл сапарларым мүлде басқа сипат алды. Соңғы барғаным – өзгеше күй, ерекше толғаныс. Бұл кезде мен Абай әлеміне біршама терең бойлап, оның қара сөздерін қара өлеңге көшіріп, жүрекпен жазып жүрген шағым еді. Сондықтан да сол жолғы сапарда Шыңғыстаудың әр қыры, әр белесі маған бөтен емес, туған топырағымдай ыстық көрінді. Көзім көрген көріністер жүрегімде жаңғырып, жан дүниемді тербетіп, өзге бір әлемге жетелеп отырды. Кей сәттерде тіпті өзімді Шыңғыстаудың баурайында, Абайдың жанында отырғандай да күй кештім. Ол – үнсіз ой үстінде. Мен – сол ойдың аудармашысымын. Ақ қағазға оның үні мен күрсінісін, исі мен иірімін түсіруге тырысқан, жүрекпен естіп, жанмен жеткізген тілмәш секілдімін. Бұл бір бейсаналық деңгейде болатын, сөзбен айтып жеткізуге қиын күй. Абаймен ішкі диалогім әр жол сайын, әр сөз сайын өр­біді. Бірде оның айтқанына іштей қарсы уәж білдіргім келеді, бірақ уақыт өте келе сол ойдың өзіме айналып соғатынын түсінемін. Бұл деген тек оқырман ретінде емес, Абаймен шығармашылық байланыс орнатқан адам ретінде бастан кешкен рухани жүздесу.

– Қазақ әдебиетінде прозалық классиканы поэтикалық тілге көшіру тәжірибесі сирек. Бұл тәсілді алдағы уақытта тағы кімдердің шығармасына қолдануға болады деп ойлайсыз?

– Шынында, бұл тәсіл – әдебиетіміздегі тың әдіс болып тұр. Оны айналамдағы әдеби орта да, жолыққан, кездескен белгілі абайтанушы ғалымдар да айтып жатыр. Прозалық мұраларды поэзия тілімен қайта өрнектеу – бұрын кеңінен қолға алынбаған бағыт. Оның ішінде Абайдың қара сөздерін өлеңге айналдыру – тәжірибе емес, жауапкершілігі ауыр шығармашылық жүк. Бұл әдісті әр шығармаға қолдануға бола бермейтін шығар. Себебі поэзияға айналуға ла­йық прозалық мәтіннің өзінде ішкі ырғақ, философиялық тереңдік пен көр­кемдік пласт болуы керек. Дегенмен Шәкәрімнің «Үш анық» еңбегі, Мәшһүр Жүсіптің кейбір прозалық жазбалары, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» ішкі монологтері – осындай қайта өрі­луге лайық дүниелер. Бірақ оны Абайға жасағандай етіп емес, әрқайсысының табиғатына сай тәсілмен жасау керек шығар.

– «Қара сөз қара өлеңге айнал­ғанда...» кітабы мектеп оқулығына немесе қосымша оқу құралы ретінде ұсынылса деген ой болды ма?

– Иә, бұл еңбектің ендігі бағыты тек сөрелерде тозып жату емес, жүректермен жүздесу деп білемін. Әсіресе жас ұрпақ­пен рухани байланыстың алтын көпіріне айналса, мақсаттың орындалғаны. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы таныс болған көптеген кітапхана қызметкер­лері хабарласып, «осы туындыларды жас оқырмандарымызға таныс­ты­рып, шараларымызда пайдалансақ» деп ықылас білдіріп жатыр. Сондай-ақ қазір­дің өзінде бірнеше мектеп пен педагоги­калық қауымдастықтар тарапынан да ұсыныстар бар. Кейбір ұстаздар Абайдың қара сөздері мен оның өлеңге айналған баламасын қатар оқытып, жаңа оқу жылында түрлі әдеби іс-шаралар, байқаулар өткізгісі келетінін айтып, ниет танытты. Бұл мен үшін үлкен қуаныш әрі үлкен жауапкершілік. Кітапта Абайдың қара сөздерінің түпнұсқасы мен сол ойды өлеңмен өрнектеген баламасы қатар берілген. Мұндай құрылымның бір пайдасы оқушының салыстыра оқу машығын дамытып, ойлау көкжиегін кеңейтеді. Әр оқушының қабылдау ерекшелігі әртүрлі екенін ескерсек, Абайдың сөзін әр балаға жүрегіне жақын жолмен жеткізу – үлкен тәрбие, шынайы әдістеме. Алдағы уақытта бұл еңбекті оқу бағдарламасына қосымша құрал ретінде ұсыну жағын да ойластырып жатырмыз. Алайда мен үшін ең бастысы бұл еңбектің тек білім беру құралы болып қалмай, Абай руханиятына ашылған терезе, жүрекке жол салатын мұра ретінде қабылдануы. Себебі Абай – тек оқу материалы емес, өмірлік бағдар, ұлттық рухтың темірқазығы.

– Өзіңіз үшін Абайдың ең қысқа, бірақ ең ащы айтқан сөзі қандай? Сол сөздің өмірлік ұстанымыңызға қандай әсері болды?

– «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол...» – осы бір қарапайым көрінетін, бірақ өмірлік қағидаға айналған сөз – Абайдың ең ащы әрі дәл айтқан өсиеті. Себебі бұл жерде Абай бізге нақты бағдар береді: не істемеу керек және не істеу керек. Бұл сөзді тек балаларға емес, билік басындағы азаматтарға да, қалам ұстаған зиялыларға да, қарапайым жұртқа да ұстаным ретінде ұсынуға болады. Өз басым осы сөзді жазу үстінде де, өмірде де жиі еске аламын. Абай айтқандай, «еріншек, бекер мал шашпақ» – адамды құртатын екі індет. Ал «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» – адамды өсіретін бес қасиет.

– Абайдың 200 жылдығында қазақ қандай болады? Абайдың сөзі, идеясы өзгере ме? Болашақ ұрпақ Абайды қаншалықты бағалай алады?

– Абайдың 200 жылдығы – сондай бір алыс болашақ емес, рухани тұрғыдан өте жақын белес. Бұл тек мерейтой ғана емес, ұлттық зерденің деңгейін көрсететін тарихи кезең болмақ. Менің ойымша, сол кезде қазақ халқының болмысы мен рухани мәдениеті мүлде жаңа сапаға өтеді. Себебі бүгінгі жүріп жатқан рухани серпіліс Абай ілімінің қайта оралуының алғашқы нышандары. Болашақта қазақ баласы Абайды жаттап қана қоймай, түсінуге ұмтылады. Абайды тек мектеп оқулығынан емес, жүрегімен оқитын ұрпақ өсіп келеді деп сенемін. Себебі Абайдың идеясы – уақытқа бағынбайтын, заманмен бірге түлейтін ілім. Оның сөзі өзгермейді, тек тыңдай білетін құлақ пен сезе білетін жүрек қажет. Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген бір-ақ жолы, алдағы ғасырдың да адамына бағытталған үндеу болмақ. Әр заманның өз сынағы бар. Егер болашақ ұрпақ тұлғалық ізденісті, рухани биіктікті, парасатты ой мен адал еңбекті өмірлік қағида етіп ұстанса демек, Абайды түсінгені. Абайды бағалау дегеніміз тек оның ескерткішіне гүл шоғын қою емес, өз өміріңмен оның идея­сын дәлелдеу. Абай армандаған «толық адам» бейнесі – болашақ қазақтың рухани келбеті бола алады. Менің үмітім зор. Себебі Абай сөзі бүгінгі ұрпақтың санасына баяу сіңіп жатса да, терең бойлап барады. Ал тамыры тереңге кеткен дарақ ешқашан қурамайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»