
«Бейбарыс сұлтан» – астаналық театр афишасындағы сәтті спектакльдердің бірі. Онда авторлар жоғары билікке қол жеткізудің артында не тұрғаны, кейіпкердің таққа жайғасу үшін және билікті уысында ұстап қалу үшін қандай құрбандыққа баратыны туралы ой толғайды. Байтақ даланың бейнесі және Отанға деген сағыныш спектакльдің лейтмотивіне айналды. Қойылымды қоюға талантты өнер қайраткерлері – композиторлар – Хамит Шаңғалиев пен Әлібек Әлпиев, либретто авторы – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, суретші-сценограф – Леонид Басин, костюм суретшісі – Ася Соловьева, жарық суретшісі – Арсения Сафиуллина қатысты.
«Біз жаңа маусымның ашылуына дайындық үстіндеміз, театрда жұмыс қызу жүріп жатыр. «Бейбарыс сұлтан» балетінің репетициясымен қатар, жаңадан қосылған жас әртістердің спектакльге қосылуы да қатар жүріп жатыр. Бейбарыстың басты партиясын жетекші солистер орындайды. Солардың қатарындағы Сүндет Сұлтанов пен Ерқанат Ермағамбет үшін бұл дебют болмақ», дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Өнер ұжымы қыркүйек айында гастрольдік бағдарламасын жоспарлап отыр. 12–14 қыркүйек аралығында Қостанай тұрғындары «Кармен-сюита» және «Тағдыр бұлтарыстары» бір актілі балеттерін, сондай-ақ «Ұлы дала мұрасы» ұлттық дивертисментін тамашалайды. Ал 20 қыркүйекте 19 жылын балет сахнасына, оның 8 жылын біздің театрымызға арнаған Фархад Буриевтің бенефисі өтеді. 27 қыркүйекте симфониялық оркестр «Есімдер. Double Concerto» концертін қояды.