
Сурет: ortcom.kz
Сарапшылар, әсіресе, 2022 жылғы конституциялық реформаға ерекше назар аударып, оның нәтижесінде Конституцияның үштен бірі жаңартылғанын, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтіліп, Конституциялық сот құрылғанын, Президент өкілеттігі бір мерзіммен шектелгенін оң бетбұрысқа балады. Ғалымдар бұл өзгерістерді мемлекеттіліктің және саяси жүйе дамуының маңызды белесі деп есептейді.
Іс-шара барысында ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты осы жылдың 11 шілдесі мен 12 тамызы аралығында халық арасында жүргізілген жаппай сауалнама нәтижелерін жария етті. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалар – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысқан. Ол іріктеу көлемі 8 мың респондентті құрағанын мәлімдеді.
Әлеуметтанулық сауалнамаға сәйкес респонденттердің 76,3 пайызы ел Конституциясының мазмұнымен және негізгі ережелерімен таныс екенін айтқан. Мамандар бұл топтағылардың дені жастар екенін атады. Осылайша, 18–29 жас аралығындағы респонденттердің 79,1%-ы Конституцияны жақсы біледі/оқыды немесе жалпы түсінікке ие. Одан кейінгі топтарда көрсеткіш келесідей: 30–45 жас (77,5%) және 46–60 жас (74,9%). 61 жастан жоғары (72,5%) егде жас тобында көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен.
«Сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың саяси өзгерістер мен реформаларды жіті бақылайтынын көрсетті. Азаматтар оларды заң үстемдігін нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде қабылдайды. 2022 жылғы конституциялық өзгерістер қоғам үшін маңызды болды. Бұл азаматтардың осы реформалардың негізгі нәтижелері туралы хабардар болуының жоғары деңгейімен расталады. Осылайша, ұсынылған 15 бастаманың ішінде қазақстандықтар үшін ең маңызды үштікке мына өзгерістердің кіргенін атаған жөн. Президенттік өкілеттікті бір реттік 7 жылға өзгерту – 34,7%; Жер, оның қойнауы және басқа да табиғи ресурстар халықтың айрықша меншiгi деген норманың бекітілуі – 27,8%; Конституциялық сотты құру – 23,9%. Сондай-ақ респонденттер назарына іліккен кезекті нормалардың қатарына: Мәжілістің санын 98 депутатқа дейін қысқарту (14,6%); өлім жазасын толығымен алып тастау (13,4%); Президентке, Конституциялық соттың төрағалары мен мүшелеріне, Орталық сайлау комиссиясына, Жоғарғы есеп палатасына саяси партияларға мүшелікке шектеулер енгізу (13%); Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе беру (10,3%); Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мен мәртебесін күшейту (9,7%); партиялық тізімдерге және мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және мүгедектерге 30% квота енгізу (9,5%) мәселелерін кіргізуге болады», дейді А.Жолдыбалина.
Осы бастамаларды іске асыру тұрғысында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын атап өткен жөн. Оған сәйкес Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың жинақ шоттарына аударылады. Бұл ұлттық бағдарлама «Әділетті Қазақстан» қағидаттарына сәйкес табиғи ресурстардан түсетін табысты қайта бөлу арқылы өскелең ұрпақтың тұрақты болашағын нығайтуға және қамтамасыз етуге арналған. Жалпы, зерттеу нәтижелері азаматтардың саяси сауаттылығы артып, 2022 жылғы конституциялық өзгерістерді қоғамдық тұрғыдан мақұлдағанын көрсетеді.
«Үш жылдан кейін азаматтар конституциялық реформалардың маңыздылығын және олардың күнделікті өміріндегі оң әсерін атап өтеді. Соның нәтижесінде елімізде жүргізіліп жатқан реформалар қазақстандықтардың көпшілігі үшін жоғары құндылыққа ие. Жүзеге асырылып жатқан реформалар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының тиімділігін көрсете отырып, халықтың бүгінгі сұранысына жауап береді», дейді мамандар.
Қатысушылар реформалардың табысты жүзеге асуы қоғамнан қолдау тауып, өзгерістердің мәнін жұрт жіті түсінбесе, межеге жету мүмкін емес екенін атады. Осы орайда құқықтық мәдениет қалыптастыру және Конституцияны мемлекеттік құрылымның негізі әрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде кеңінен насихаттау басты басымдық ретінде белгіленді.
КИСИ GPS жұмысына Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласындағы филиалының директоры Айнұр Идрисова, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары Ермек Тоқтаров, ҚР ҰҒА Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен және басқа да сарапшылар қатысты.
АЛМАТЫ