Саясат • Бүгін, 08:55

Ынтымақтастықты дамытатын ортақ мүдде

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізге ресми сапармен келген Тәжік­стан Республикасының Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы Рустами Эмомали­мен кездесті.

Ынтымақтастықты дамытатын ортақ мүдде

М.Әшімбаев кездесуде мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Тәжікстан еліміздің маңызды стратегиялық серіктесі және сенімді одақтасы екенін айтты. Сондай-ақ екі мемлекеттің басшылары арасындағы өзара сенімге негізделген қарым-қатынастың және олардың күш-жігері мен бірлескен жұмысының арқасында барлық деңгейде тығыз саяси байланыс орнағанын атап өтті. Сұхбат кезінде өзара экономикалық іс-қимыл белсенді дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығая түскені сөз болды.

«Жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулердің және мемлекет бас­шыларының өзара сапарлары­ның нәтижесінде ауқымды мәселе­лер бойынша маңызды келісім­дерге қол жеткізілді. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон 2023 жылы Қазақстанға мемлекет­тік сапармен келді. Сапар барысын­да Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойыл­ды. Былтыр Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға мемлекеттік сапары аясында Одақтастық қаты­настар туралы шартқа қол қойыл­ды. Екі құжат та бауырлас халық­тарымыздың ұлттық мүдде­леріне сай келеді және елдері­міздің өзара іс-қимылын жан-жақты тереңдетуге айтарлықтай серпін берді. Осы орайда біздің басты міндетіміз – мемлекет басшыларының деңгейінде қол жеткізілген барлық уағдалас­тықты тиімді іске асыруға ықпал ету», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар тараптар екі ел президенттері белгілеп бер­ген ынты­мақтастықтың жоға­ры деңгейін парламенттер ар­қылы да қолдаудың маңызды екені­не назар аударды. Бұл ретте Екі­жақты өзара іс-қимылдың жол картасы ерек­ше мәнге ие. Ол өңір­аралық өзара іс-қимылды дамы­тумен бірге өзге де ауқымды мәсе­лелерді қамти­ды. Құжатқа Душан­беде өткен тұрақты комиссия­ның отырысында қол қойылғанын атап өткен жөн. Бүгінгі кездесуде Жол картасында көрсетілген міндеттерді іске асыру аясындағы бірлескен жұмыс туралы да сөз болды.

«Қазіргі таңда елдеріміздің парла­менттері арасындағы бай­ланыстар тұрақты және жүйелі сипатқа ие. Екіжақты өзара іс-қи­мылдың жол картасын қабыл­дау Парламент палата­лары­ның бірлескен іс-қимылы бағы­тындағы маңызды қадам болды. Бүгінде Палаталарымыз арасында Ынтымақтастық жөнін­дегі комиссия, сондай-ақ өңірлік парламентаралық ынтымақ­тас­тықтың маңызды негізін қалаған Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумы бел­сенді жұмыс істеп келеді. Мұн­дай форумдарды өткізу аймақ елдерінің мүдделеріне сай келеді және Орталық Азияның саяси, экономикалық, мәдени әлеуетін тиімді іске асыруға ықпал етеді», деді М.Әшімбаев.

Кездесуде екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша сындарлы диалог орнатудың маңызы да әңгімеге арқау болды. Экологиялық сын-қатерлерді еңсеру жолында күш-жігерді ортақ мүддеге жұмылдыру мәсе­ле­сіне баса мән берілді. Бұл ретте су қатынастары сала­сын­дағы түйткілдерді шешу кезіндегі өзара іс-қимылдың нақты шара­лары, Халықаралық Аралды құтқару қоры аясын­дағы бірлескен жұмыс, оның ішінде су-энергетикалық ынтымақ­тастық­тың тиімді тетігін әзірлеу жұмыс­тарына үлкен көңіл бөлінді.

Өз кезегінде Р.Эмомали парла­ментаралық және өңірлік дең­гей­лерде қазақ-тәжік ынты­мақ­тастығы тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Ол біздің еліміздің әлемде рухани дипломатияны дамытуды көздейтін бастамалары мен сол бағыт­тағы батыл қадамдарын жо­ғары бағала­ды. Сондай-ақ бар­лық маңызды сала бойынша өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айтты.

Бұдан басқа, тараптар өңірдің орнықты дамуына, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алдағы съезі аясында рухани дипломатияны ілгерілетуге қатысты мәселелер жөнінде пікір алмасты. М.Әшімбаев Тәжікстанның съезді жан-жақты қолдап, Тәжікстан ғұламалар кеңесінің аталған іс-шараға белсенді қатысып келе жатқанын тілге тиек етіп, диалог, бейбітшілік және келісім мәдениетін ілгерілету ісіндегі ынтымақтастық үшін тәжік тарапына алғыс білдірді.