
Бұл марафон 13 шілдеде Чехия астанасы Прагадан басталған. Қатысушылар бір жарым ай ішінде Аустрия, Мажарстан, Түркия, Грузия, Әзербайжан және Орталық Азияның бірнеше елін кесіп өтті. Сөйтіп, Шығысқа жетіп, табан тіреген. Айта кетерлігі, мұнда қарапайым шағын көліктер жарыс жолына шыққан. Қатысушылар тек ескі әрі көлемі шағын көлікпен жолға шығуға тиіс еді. Бағыт біреу болғанымен, жету жолын әркім өзі таңдады.
– Біздің көлік 1998 жылғы. Біз оны жолға әбден дайындадық. Соның өзінде түрлі қиындық болды. Қаншама қаланы басып өттік. Байқағанымыз, Қазақстан ерекше әсер қалдырды. Табиғаты әсем, халқы өте мейірімді. Маған ас мәзірлері қатты ұнады, – дейді нидерландық қатысушы Макс Бриман.
Еске салсақ, мұндай жарыс мәресі Өскеменде екінші рет ұйымдастырылды. Биылғы додаға отыздан астам елден жүз сегіз команда қатысты. Олардың ішінде Нидерланд, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, тіпті мұхит асып, Аустралиядан да келгендер бар. Жарыс жолына ерлермен үзеңгі қағыстыра нәзік жандылар да шықты.
Соның бірі – АҚШ намысын қорғап, саяхатқа шыққан Морей Мэдисон. Мамандығы – балабақша тәрбиешісі. Күнделікті күйбең тіршіліктен сәл үзіліс қажет болған соң осынау сапарға шыққан.
– Қазақстанға алғаш келуім. Менің саяхатымдағы 32-ел. Әсіресе Астана қаласы қатты әсер қалдырды. Жолда көлігіміз бірнеше рет бұзылды. Бірақ қазақстандықтар көмектесті. Жолай ұшырасқан эвакуатор жүргізушісі бізді алыстағы қалаға тегін жеткізді. Қазақстан жүрегімде мәңгі қалады. Ал Астанаға міндетті түрде қайта ораламын, – деді Морей Мэдисон.
«Mongol Rally» қатысушыларын өскемендіктер құшақ жая қарсы алып, зор құрмет көрсетті. Облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов та шараға арнайы келіп, саяхатшыларды құттықтады.
Өскемен