
Фото: parlam.kz
«Біздің Конституциямыздың 1-бабының 1-тармағында: «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Осы принципті нақты өмірде жүзеге асыру үшін әділеттік, теңдік сынды конституциялық құндылықтар ескерілді», деді Марат Башимов.
Спикер Ата заңға енгізілген негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтарды атап өтті.
«Президенттік Республика болғаннан кейін Президент 7 жыл мерзімге ғана сайланады. Сонымен қатар, оның туыстары билікте қызмет атқармайды. Парламентке сайлау жүйесі өзгертіліп, енді депутаттар тек партиялар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсыну арқылы және бір мандатты округпен сайланады. Оның нәтижесін қазір көріп отырмыз», деді депутат.
Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палата енді жылына екі рет Парламент алдында есеп береді. Бұл бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесі артты. Конституциялық сот қайта құрылып, азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін тікелей шағымдана алады. Сонымен қатар, Бас прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конституциялық сотқа арыздана алады. Марат Башимовтың айтуынша, бұл – заңның үстемдігін арттыру жолындағы үлкен қадам, әрі демократия принциптерінің нығаюы.
«Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» принципі де осы конституциялық реформадан шыққан. Өйткені Үкімет жауапкершілікті ұлғайтып отыру керек. Осындай конституциялық өзгерістер қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты және оның ашықтығын күшейтті. Адам құқықтарына баса назар аударылды», деп қорытындылады Марат Башимов.