
Фотолар: Қорғаныс министрлігі
Аталған министрліктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше Семей қаласында Қорғаныс министрі гарнизондағы әскери бөлімдердің басшылық құрамымен, Абай облысының әкімі Берік Уәлимен, ардагерлер кеңесінің өкілдерімен және «Семей инжиниринг» АҚ басшылығымен кездесті.
Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейін сақтау, жеке құрамның тактикалық шеберлігін жетілдіру, әскери техниканың жарамдылығын қамтамасыз ету және далалық оқу-жаттығуларды одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Әскерилердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда тамақтану сапасы, жатақхана жайлылығы, медициналық қызмет көрсету және әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілетін қолдау шаралары бар.
Министр сондай-ақ әскери қызметшілердің заманауи байланыс құралдарымен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және цифрлық басқару жүйелерімен жұмыс істеу дайындығын күшейтуді тапсырды. Ол жастарды Отанға адалдық рухында тәрбиелеудің, ардагерлермен тұрақты кездесулер өткізудің, қоғаммен ашық байланыстың және мәдени-спорттық іс-шараларға қатысудың маңыздылығын атап өтті.
Абай облысының әкімі Берік Уәлимен кездесуде гарнизондарда орналасқан әскери бөлімдердің инфрақұрылымын дамыту, жергілікті атқарушы органдар мен Қорғаныс министрлігі арасындағы жұмылдыру дайындығы саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру және басқа да әлеуметтік кепілдік мәселелері талқыланды.
Ардагерлер ұйымының өкілдерімен өткен ашық диалог барысында тәлімгерлік, мерзімді қызметтегі сарбаздармен, мектеп пен колледж оқушыларымен әскери-патриоттық жұмыс, әскери дәстүрлерді сақтау мәселелері қозғалды.
Қорғаныс министрі әскери зейнеткерлердің әлеуметтік қорғалуы, медициналық қызметі, санаторлық-курорттық емделу және басқа да жеңілдіктерге қатысты сұрақтарына жауап берді.
Ардагерлерге арнаған сөзінде министр олардың армияны қалыптастыру мен нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.
«Сіздер еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға өлшеусіз үлес қостыңыздар. Өмір жолдарыңыз сарбаздар үшін тәрбие мектебі, қазіргі ұрпақ үшін үлгі. Әскери қызметтің маңызын және Отанды қорғау қасиетті борыш екенін жастарға сіздерден артық жеткізе алатын ешкім жоқ», деді министр.
Сапар аясында авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов «Семей инжиниринг» акционерлік қоғамына да барып, кәсіпорын басшылығымен кездесті. Өндірістік қуаттармен және қорғаныс пен азаматтық мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, өндіру, жөндеу және қызмет көрсетуге маманданған зауыттың даму перспективаларымен танысты. Аталған кәсіпорын Қарулы күштерді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.