
Сурет: kostanaytany.kz
Сарыкөл ауылында сенаторлар ауылдың дамуына белсенді үлес қосып жүрген «Агро Парасат» ЖШС-ға барды. Кейінгі екі жылда компания өз қаражаты есебінен спорт алаңдарын, хоккей кортын салып, «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауыл көшелерін жөндеген.
Сонымен қатар депутаттар Тагиль ауылындағы бірінші репродукциялы тұқым өндіруге маманданған «Сатаев Б.Х.» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Сапар барысында денсаулық сақтау саласына да ерекше көңіл бөлінді. Сенаторлар Сарыкөл аудандық ауруханасына барып, медицина қызметкерлерімен кездесіп, мекеменің өзекті мәселелерін талқылады. Депутат С.Карплюк аудандық ауруханадағы кәріз жүйесінің мәселесін шешудің маңыздылығын атап өтті.
«Ауруханаға су бұру жүйесін орнату жобасын аяқтау – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Ол кешенді шешімді және қажетті қаржыландыруды талап етеді. Бұл мәселені біз республикалық деңгейде көтереміз», деді ол.
Өз кезегінде сенатор Б.Аққожина әлеуметтік нысандарды мемлекет тарапынан қолдау маңыздылығына тоқталды.
«Ауылдағы әрбір медициналық нысан – тұрғындар үшін өмірлік маңызды ресурс. Мұндай инфрақұрылымдық жобаларды кейінге қалдыруға болмайды, себебі олар халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді», деді ол.
Сапар қорытындысында парламентшілер аудандық мәслихат депутаттарымен және жергілікті қауымдастық өкілдерімен кездесіп, аурухана ғимаратын жөндеу, су бұру жүйесін жетілдіру және жобалық-сметалық құжаттаманы қаржыландыру мәселелерін талқылады. Жұмыс сапары барысында көтерілген барлық ұсыныс пен мәселе алдағы бюджет қалыптастыру мен заң шығару қызметінде ескерілетінін атап өтті.
Сондай-ақ сенаторлар Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев Жамбыл облысының Шу ауданына барып, құрылыс жұмыстарының барысымен және бірқатар маңызды әлеуметтік әрі өндірістік нысандардың жағдайымен танысты.
Алғашқы нысан – «Fufeng» компаниясының жүгері өңдеу зауыты болды. Бұл жоба өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда және жаңа жұмыс орындарын ашуда стратегиялық маңызға ие. Кейін депутаттар Шу қаласының теміржол вокзалында болып, оның жаңғырту жобасымен танысты. Аталған жоба ауданның көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Депутаттар «Горгаз» шағын ауданындағы ауызсу жүйесіне ерекше назар аударды. Бұл нысан тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге және коммуналдық қызметтердің деңгейін көтеруге бағытталған. Сондай-ақ сенаторлар Жиенбет ауылында салынып жатқан 100 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Бұл білім ошағы ауыл балаларына қолайлы әрі заманауи жағдайда білім алуға мүмкіндік беріп, ауданның білім беру саласын дамытуға елеулі үлес қоспақ.
Сапар қорытындысында депутаттар көтерілген барлық мәселе мен ұсыныс назарға алынып, тиісті деңгейде шешім қабылданатынын атап өтті.