Пікір • Бүгін, 09:30

Басты мақсат – Орталық Азиямен байланысты одан әрі нығайту

60 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

24–26 тамыз аралығындағы Қазақстанға сапарым Жапония Сыртқы істер министрі ретінде кейінгі үш жылдағы алғашқы сапарым болғалы тұр. Көптен бері көкейімде жүрген сапарымды жүзеге асыратыныма қуаныштымын.

Басты мақсат – Орталық Азиямен байланысты одан әрі нығайту

Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия мен Жапония арасындағы байланыстардың тарихы мың жылдан аса уақытты қамтиды. Жапонияға көптеген мәдениет пен технологияның жетуінде зор маңыз иеленген Ұлы Жібек жолы жапон тарихы мен қоғамына үлкен әсерін тигізіп келді. Орталық Азия мен Жапония арасында құрлық пен теңізден тұратын мыңдаған шақырымдардың жатқанына қарамастан, бір-бірімізбен мәдени және этностық жақындығымызды ерте кезден дамытып келеміз.

Жапония Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқылардың бірі болып, 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Содан бергі 30 жылдан аса уақыт ішінде Қазақстанға үнемі қолдау көрсетіп, дос пейілді байланысын жалғастырып келеді. Мәселен, Жапония Қазақстан егемендік алған кезден бері инфрақұрылым саласы мен кадрларды оқытуды қамтитын мемлекеттік құрылысқа қолдау көрсетіп, сондай-ақ жапон компаниялары мұнай және уран өндіру жобаларына қатысып, бизнес саласындағы ынтымақтастық та жалғасын тауып жатыр.

Бұрынғы Кеңес одағы кезінде 40 жылдай уақыт бойы 450-ден аса ядролық сынақ жасалған Қазақстан аумағында әлі күнге дейін радиация зардабын тартып жүргендердің көп екенінен хабардармын. Соғыс кезінде ядролық бомбалаудан зардап шеккен бірден-бір мемлекет ретінде Жапония өз тәжірибесі мен білімін пайдалана отырып, «Дамуға ресми көмек» (ODA) жүйесі бойынша медициналық құрал-жабдықтар ұсыну мен кадрлар даярлауға, сонымен қатар Семей қаласындағы үкіметтік емес ұйымдар мен жоғары оқу орындары сияқты жекеменшік ұйымдар арқылы Қазақстандағы ядролық сынақтардан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге белсенді үлес қосып келеді.

Тарихқа үңілсек, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң көптеген жапондық бұрынғы Кеңес одағының тұтқынында қалды. Қазақстан Үкіметі жапон жеріне орала алмай, Қазақстанда көз жұмған жапон азаматтарының сүйектерін жинау, олардың туыстарының зиярат ету сапарларын жүзеге асыру және 2023 жылы Астанада жапон интерн-тұтқындарына арналған ескерткіш салу жобасында үлкен түсіністік пен ынтымақтастық көрсете білді. Сол үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.

Жапония Орталық Азияның маңыз­дылығына ерте кезден назар аударып келді. Сөйтіп, бірінші болып 2004 жылы Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен бірлесіп, Орталық Азия елдері жетекші рөл атқаратын, ал Жапония қозғаушы күш ретінде әрекет ететін, аймақтық ынтымақтастықты ілгерілетуді мақсат еткен «Орталық Азия + Жапония» диалогі форматын бекітті. Аталған диалог аясында Сыртқы істер министрлерінің алғашқы жиыны сол жылы Астанада өтіп, оған сол кезде Қазақстанның Сыртқы істер министрі болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза қатысқан еді. 20 жылдан аса уақыт жалғасып келе жатқан «Орталық Азия + Жапония» диалогі шеңберінде бүгінге дейін өткен Сыртқы істер министрлерінің тоғыз кездесуі, сондай-ақ көптеген саяси диалогтер мен гуманитарлық жобалар Жапония мен Орталық Азияны байланыстырушы берік негізге айналды.

Бүгінде Орталық Азия тұрақты эконо­микалық дамуға қол жеткізіп, Еуро­па мен Азияны жалғайтын сауда жолы ретінде маңызы артып келеді. Сонымен қатар Жапония халықаралық жағдайдағы өзгерістердің Орталық Азия елдеріне айтарлықтай әсер етіп отырғанын жақсы біледі. Орталық Азияны қоршап тұрған орта күрт өзгеріп тұрған қазіргі уақытта аймақтағы ынтымақтастық аса қажет болып тұр. Осы тұрғыда менің бұл жолғы сапарымның басты мақсаты – Орталық Азиямен қарым-қатынасты одан әрі нығайту, сонымен қатар «Орталық Азия + Жапония» диалогі шеңберінде заң үстемдігіне негізделген еркін және ашық халықаралық тәртіпті қолдау үшін бірлесіп жұмыс істеу.

25 тамызда болатын Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мырзамен кездесу барысында екі ел арасындағы бүгінге дейін қалыптасқан ынтымақтастық пен өзара қарым-қатынастарды негізге ала отырып, табиғи апаттардың алдын алу және олардың салдарын азайту, көміртексіздендіру секілді салаларда тұрақты дамуға бағытталған ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ экономикалық қауіпсіздік тәрізді халықаралық мәселелердің шешімін қарастыруға байланысты ашық пікір алмасуды жоспарлап отырмын. Қазақстандағы сапарымды қазақстандық достарыммен бірге екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі ілгерілету үшін барынша күш салатын мүмкіндік ретінде пайдалануға ниеттімін.

Сөзімнің соңында «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру» тақырыбында сәуір айынан бастап жұмыс істеп жатқан «ЭКСПО-2025 Осака-Кансай» Дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан павильонын күн сайын көптеген жұрт тамашалап жатқанын айтқым келеді. 10 тамызда ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мырзаның қатысуымен Қазақстанның Ұлттық күніне арналған іс-шара сәтті өтті. «ЭКСПО» көрмесі екі ел арасындағы түрлі деңгейдегі адами және экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға себеп болады деп сенемін. Көрменің аяқталуына бір жарым айдай уақыт қалды. 2017 жылы Астанада «ЭКСПО» Дүниежүзілік көрмесін өткізген Қазақстанның барша халқын Жапонияға шақырғым келеді.

 

Такеши ИВАЯ,

Жапонияның Сыртқы істер министрі 

Соңғы жаңалықтар