
Тауарлық газ ресурсы 5,5 млрд текше метрге артады
Былтыр бірқатар газ кен орындары пайдалануға берілді. Одан бөлек, жалпы өндіру көлемі жылына 1 млрд текше метр болатын жаңа газ кен орындарын игеру жоспарланып отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай екі жыл бұрын Анабай, Шығыс Өріктау мен Рожков кен орындары өнеркәсіптік игеруге енгізілді. Бұл кен орындары тауарлық газ өндірісінің көлемін жылына 1 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Кен орнының шикі газы Чинарда жұмыс істеп тұрған газ өңдеу зауытына жеткізіледі. Сондай-ақ Батыс Прорва, Қаламқас, Өріктау орталық кен орындарын алдағы 2026 мен 2027 жылдары іске қосу үшін жұмыс қауырт жүргізіліп жатыр», дейді Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Ержан Қошқаров.
Оның айтуынша, бұл кен орындарының шикі газы Боранкөл зауыты, ҚазГӨЗ және Жаңажол зауытындағы жұмыс істеп тұрған газ өңдеу қондырғыларына апарылады. Сонымен қатар Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жобасы қолға алынды. Ол келесі жылы тәмамдалады деп жоспарланған. Қашаған кен орнының әлеуетін ескере отырып, қайта өңдеу көлемі жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылысы келісіледі, оны 2030 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Екі жобаны іске асыру үшін Қатар инвесторлары тартылған.
«Сондай-ақ бүгінде қуаттылығы жылына 4 млрд текше метрге дейінгі газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, оның аяқталу мерзімі – 2028 жыл. Маңғыстау облысында қуаттылығы жылына 0,9 млрд текше метр болатын ҚазГӨЗ зауытының құрылысы басталды. Пайдалануға беру 2027 жылдың ақпан айына жоспарланып отыр. Осы жобаларды іске асыру елдің тауарлық газының ресурстық базасын жылына шамамен 5,5 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді Е.Жетпісұлы.
Төмен баға төрге шығармайды
Президент Үкіметке Жаңаөзен, Қашаған мен Қарашығанақта газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын жеделдетуді жүктегені мәлім. Қысқа мерзімде оған көңілге қонымды тарифтер мен көтерме бағалар белгілеп, инвестицияны қайтаруға бағытталған пәрменді ынталандыру шаралары да енгізілуі қажет екенін тапсырды. Үкіметтің Президент алға қойған міндеттер шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмысы биыл бекітілген «Газ саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарымен» үйлестірілді.
«Неге осы уақытқа дейін елімізде газ саласы дамымады? Себебі бізде нарықтағы газ бағасы өте төмен. Қазір газды тек Қытайға ғана экспорттай аламыз. Қытай 1 000 текше метр газды бар-жоғы 240 долларға сатып алады. Ал жергілікті баға одан 5 еседей төмен. Ол баға өңірлер ерекшелігіне байланысты шамалы құбылуы ықтимал. Сондықтан үлкен Қашаған мен Қарашығанақ жобасы газ өндіретін зауыттар салмай отыр. Егер олар газ өңдеу зауытын салса, «QazaqGaz» ҰК оны өзі ұсынған бағамен сатып алуға құқылы. Ондай төмен баға инвесторларды қанағаттандырмайды. Себебі олар салған ақшасын пайызбен қайта өндіріп ала алмайды. Сондықтан инвестор газды қайта өңдеуге құлықты емес. Осы жағдайларға қатысты газ саласы елімізде дамымай келе жатыр», деді мұнай-газ саласы бойынша сарапшы Нұрлан Жұмағұлов.
Десе де, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі газ өңдеу зауыттарының құрылысы жанданды. Жоғарыда айтылған Қашаған мен Қарашығанақта құрылысы жүріп жатқан ірі газ өңдеу кәсіпорындарынан бөлек Жаңаөзенде қуаттылығы жылына 900 млн текше метр жаңа ГӨЗ құрылысы басталды. Сонымен қатар биыл мамырда «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Бұл оңтүстік өңірдегі энергетикалық қауіпсіздік пен транзиттік әлеуетті айтарлықтай нығайтады. «QazaqGaz» ҰК басқарма төрағасының жаңа жобалар бойынша орынбасары Батыржан Тергеусізов таяуда Қашағандағы қуаты 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылыс барысына инспекция жасады.
Бүгінде құрылыс алаңына 1 900-ге жуық адам, 370 техника жұмылдырылған. Басты назар өнеркәсіптік және өрт сөндіруді қамтамасыз ету мен түнгі уақыттағы жұмысты ұйымдастыруға аударылған. Түнгі ауысымға 105 жұмысшы тартылған. Негізі, «QazaqGaz» құрылыстың барлық кезеңінде жобаның іске асырылу барысына тұрақты әрі жүйелі мониторинг жүргізеді. Бүгінде елді газдандыру деңгейі 62,4%-ды құрайды. Бұл 20,2 млн халықтың 12,6 млн-на газға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Былтыр 4 000 шақырымнан астам газ құбыры салынып, 93 жоба жүзеге асты. Биыл 300 мыңнан астам адамды газға қосып, тағы 77 жобаны аяқтау жоспарланған.
«Газ зауыттарын салу ісі аздап тежелуі ықтимал. Себебі газ тапшы, артық газ ішкі қажетті әрең жабады. Мысалы, Түркістан облысына инвесторлар келіп, «цемент зауытын саламыз, бізге газ беріңіздер» десе, мемлекет оларға газды ішкі бағамен бермейді. Газды экспорттық бағамен сатып алыңдар деп ұсынады. Содан келісім қанағаттандырмаған инвесторлар кері қайтып кетеді», дейді Н.Жұмағұлов.
Мемлекет пен инвестор мүддесі қалай тоғысады?
Сарапшы пікіріне құлақ түрсек газ саласының дамуын ынталандыру үшін бағаны қымбаттату керек. Сондықтан алдағы уақытта газ бағасы 33 пайызға дейін көтерілмек. Қысқасы, келешекте арзан газ болмайды. Себебі салаға инвесторлар келмей отыр. Соның салдарынан экономикаға тежеу болып отыр. Осы жағдайға қарағанда газ бағасы біртіндеп өсе беретін сыңайлы. Ал мемлекет тұрмысы төмен отбасылардың хал-жағдайын ойлап, олар үшін арнайы әлеуметтік әмиян жүйесін енгізіп жатыр.
Газ өңдеуді күшейту арқылы еліміз қосылған құнды өнім (метан, этан, пропан-бутан, техникалық газдар) экспортын арттыра алады. Қазір халықтың тұрмыстық тұтынуынан бөлек, энергетика, химия өнеркәсібі мен көлік секторы газға айрықша тәуелді. Газды терең өңдеу арқылы пластмасса, тыңайтқыш, полимер өнімдері өндірісін жолға қоюға мүмкіндік бар. Бұлармен қатар, газ өңдеу – мұнайға қарағанда экологиялық тұрғыдан таза әрі тиімді. Көмірден газға көшу еліміздің «жасыл экономика» стратегиясына сай келеді.
Жалпы алғанда, мұнай-газ секторында инвесторлар мүддесі мен ұлттық қауіпсіздік мүддесі тоғысып жатыр. Шетелдік компаниялар көбіне шикізатты экспортқа бағыттауға мүдделі. Ал мемлекет үшін басымдық – ішкі нарықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету мен газ химиясын дамыту. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға қарай елде газ тұтыну көлемі қазіргі деңгейден шамамен 40%-ға өседі.
Газ өңдеу кәсіпорындары – ел экономикасының стратегиялық тірегі. Алдағы онжылдықта жаңа зауыттар салу, ескі өндірістерді жаңғырту, газ-химия саласын дамыту – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты болмақ. Алда мүмкіндіктер мол, бірақ оны іске асыру үшін мемлекет пен инвесторлардың ортақ мүддесі қажет. Сонда ғана еліміз шикізат экспортынан дайын өнім өндіруге қарай қадам жасай алады.