Энергетика • Бүгін, 09:10

Энергетикалық қуатты арттыру – айрықша міндет

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Энергия қуатын арттыру бүкіл әлемде түйткілді мәселеге айналып отыр. Еліміз бұл міндетті кешенді шешімдер арқылы реттеуге мүдделі. Қазіргі уақытта отын-энергетика кешенін жүйелі жаңғырту жұмыстары белсенді қолға алынған. Бұл өз кезегінде тұрақты экономикалық өсімге негіз болмақ.

Энергетикалық қуатты арттыру –  айрықша міндет

Инфографикаларды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жыл санап өңірлерде әр алуан өндіріс орындары ашылып жатыр. Бұл әрине, қуантарлық құбылыс. Дегенмен өндіріс нүктесінің көбеюі ауқымды энергетика­лық қуаттылықты қажет етеді. Президент сұраныстың еселеп артуына байланысты алдағы бес жылда кемінде 14 гигаватт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу міндетін алға қойды. Осы орайда жұмыс бірнеше бағытта жалғаспақ, ол – жұмыс істеп тұрған стансаларды жаңғырту, энергия өндіретін жаңа қондырғылар салу, гидро және жаңартылатын энергия көздерін дамыту.

2023 және 2024 жылдары 1,3 гигаватт жаңа электр қуаты іске қосылды. Осы жылы қосымша 621,5 мегаватт енгізу үдерісі жүріп жатыр, ал келер жылға 2 648,5 мегаватт жоспарланған. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін басталған жобалардың ішінде Түркістан облысындағы 1 000 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысы негізінде салынатын электр стансасын, Қызылордадағы 240 МВт қуатқа ие жылу электр орталығын айтуға болады.

«ЖЭО-ның тозуын азайту мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында. Келесі жылы 10 энергоблокты, 63 қазандықты және 39 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Жүргізіліп жатқан шаралар қазірдің өзінде нақты нәтиже беруде: құрал-жабдықты жаңғырту мен жаңарту нәтижесінде еліміздегі ЖЭО-лардың орташа тозуы 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді», делінеді Үкімет мәлімдемесінде.

Ұлттық жобаға сәйкес 86 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға шамамен 6,8 трлн теңге инвестиция тартылады. Нәтижесінде, апат саны 27%-ға азаймақ. Сонымен қатар электр қуатын өндірудің жаңа көздерін салуға және қолданыстағы стансаларды жаңғыртуға 6,2 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген.

Бүгінде елімізде электр энергиясын өндіретін 55 ұйым жұмыс істейді, оның 19 стан­са­сы 65%-дан аса тозған. Электр энергиясын өндіру көлемі – 113 млрд кВт/сағ, ал тұтыну көлемі – 115 млрд кВт/сағ. Осылайша, алдын ала болжам бойынша, алдағы бес жылда Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін энергетика және коммуналдық шаруашылық секторға шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту қажет.

Үкімет ақпаратына қарасақ, қаражаттың негізгі бөлігі же­кеменшік қаржы институттарынан (екінші деңгейлі банктер, халықаралық қаржы ұйым­дары, Өнеркәсіпті дамыту қо­ры) тартылады. Одан өзге, тіке­лей қаржыландыру, бірлесіп қаржыландыру, облигация, бюд­жет­тік несие, жекеменшік монополистер капиталы және лизингтік қаржыландыру сияқ­ты те­тіктер қарастырылған. Әрбір кәсіпорын үшін қаржы­ландырудың жеке моделі әзір­ленбек.

Президент Жолдауда мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамыту мәселесіне де назар аудар­ды. Үкіметтің хабарлауынша, қазір Мемлекет басшысының шикізат экспортынан қосылған құны жоғары өнім шығаруға көшу жөніндегі тапсырмалары орындалып жатыр. Алты ірі жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 15 млрд долларды құрайды. Нәтижесінде, 3 500 тұрақты және 16 000 уақытша жұмыс орны құрылады.

«Қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Қуаттылығы жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құры­лыс жұмыстары жүріп жатыр. Іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы, автомобиль және жеңіл өнеркәсіпте сұранысқа ие бутадиен, карбамид, терефтал қышқылын және басқа да өнімдерді өндіру бойын­ша перспективалы жобалар пысықталды», деп жауап береді Үкімет.

Сонымен бірге электр энергетикасында ЖИ дрондары электр желілерін жедел диагнос­­ти­ка­­лауға, ақаулар­ды анықтауға, олар­­­дың  алдын алуға көмектесе­ді. Жылу энерге­ти­касында акустикалық резонансқа негізделген роботты кешендер құбырлардың күйін ішінен сканерлейді, бұл жөндеуді нақты, тиімді және тариф­т­ік жүктемені төмендету арқылы жүргі­зуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар