
Мұндай рухани аялдамалардың алғашқысы Көкпекті аулында ашылған еді. Онда QR-код орнатылған. Оны көкпектіліктер мен ауыл қонақтары, жолаушылар сканерлеп Абайдың өлеңдерін оқып, оның шығармаларының аудио нұсқасын да тыңдай алады. Және ақынның өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат алады. Осылайша, аялдама мәдени-ағарту алаңына айналды.
Осындай нұсқадағы аялдама ауданның Ботақара кенті мен Доскей ауылында да пайда болды. Олар мәдени-ағартушылық үлгіде безендіріліп, стендтерінде Абайдың өмірбаяны, өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер, ақынның өмір сүрген дәуірін бейнелейтін фотосуреттер мен иллюстрациялар орналастырылған. Ұлттық ою-өрнектермен және қанық түстермен бедерленген аялдама елді мекендерге ерекше көрік беріп тұр.
– Абайдың әдеби аялдамалары абаттандыру нысаны ғана емес, өскелең ұрпаққа кемеңгердің соңында қалдырған мәңгілік мұрасын еске салудың бір жолы, – дейді осы жоба бастамашылары.
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы