ЖОЛДАУ • Бүгін, 16:31

Бектенов жол сапасына қатысты заңбұзушылықтарды сынға алды

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен автокөлік жолдарының сапасын арттыру мәселелері бойынша жиын өтті. Көлік желісін жаңғырту бойынша Президент қойған міндеттерді ескере отырып, саланың ағымдағы жағдайы мен даму жоспарлары қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бектенов жол сапасына қатысты заңбұзушылықтарды сынға алды

Фото: primeminister.kz

Жиын барысында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, «ҚазЖолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева баяндама жасады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, еліміздегі автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 185 мың шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 25 мың шақырым, жергілікті деңгейде 70 мың шақырым жол және елді мекендердің 90 мың шақырым көшелері бар.

Мақсат Қалиақпаров автожолдардың сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. 2025 жылы 13 мың шақырым жол қамтылмақ. Оның ішінде республикалық 2 мың шақырымнан астам жол реконструкцияланып, облыс орталықтары арасындағы 6,6 мың шақырым жол жөнделмек, ал жергілікті жерлерде 4,1 мың шақырым жол жаңартуға жатады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жай-күйін 94%-ға, жергілікті жолдардың нормативтік жай-күйін 91%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Заңнамалық деңгейде бірқатар түзету қабылданды. Соның негізінде сапа орталығының ескертулерін жоймай нысандарды пайдалануға қабылдауға тыйым салынды, ал 2023 жылдан бастап барлық орташа жөндеу жобалары жобалық шешімдердің және олардың құнының дұрыс қолданылуына қатысты ведомстволық сараптамадан өтуге міндетті.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде 2025 жылдың 7 айындағы қорытынды бойынша сапасыз жол-құрылыс материалдары мен ақаулар санының 2%-ға төмендегені, жергілікті жолдарды қиыршық тастан асфальтбетон төсеміне ауыстыру 14%-ға өскені байқалды. Сонымен қатар жобалық шешімдерді оңтайландыру 1 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді, ал жергілікті жолдарды диагностикамен қамту 50%-ға жетті.

Жол-құрылыс үдерісіне қатысушылар жауапкершілігін арттыру мақсатында жұмыстың барлық кезеңінде сараптаманы автоматтандырудың цифрлық жүйелері мен тетіктері енгізілді, 384 асфальтбетон зауытына кешенді тексеру жүргізілді, сондай-ақ «ҚазЖолҒЗИ» АҚ институтымен «кілтті тапсырғанға дейінгі» келісімшарттар жасалып және жобалау құжаттамасына сараптама жүргізу енгізілді.

«ҚазЖолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева жол саласына цифрлық технологияларды енгізу туралы хабардар етті. Соңғы 5 жылда институт автожолдарды салу және жөндеу технологияларын жетілдіруге бағытталған 20-дан астам ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бүгінде елімізде бірнеше цифрлық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жобалау сапасын арттыру мақсатында жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы мен нақты климаттық жағдайларға және қозғалыс қарқындылығына материалдарды дәл таңдау есебінен берік және сенімді жол төсемдерін пайдалануға бағытталған Superpave технологиясы енгізілді. 

Жалпы саны 2 мыңнан астам пайдаланушысы бар Jolshy жол саласы мамандарының базасы талдамалық ақпарат алуға, кадрлық өзгерістерді бақылауға және жол-құрылыс жұмыстарын орындаудың сапасын қамтамасыз ету үшін мамандардың біліктілік деңгейін қадағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «ҚазЖолҒЗИ» апаттардың себептерін жүйелі бағалауға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ЖКО талдау порталын әзірлеп жатыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі жолдар желісін одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. 2030 жылға дейін 4 мың шақырымға жуық автожол қайта жаңғыртылады. Биыл бірқатар негізгі жобаны аяқтау жоспарланып отыр, бұл ретте жобалық құжаттаманың дайындығы жоғары жаңа жобаларды: «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған, Атырау – Доссор жолдары мен Сарыағаш, Петропавл, Рудный және Қызылорда қалаларын айналып өту жолдарын, сондай-ақ 2,5 мың шақырым автожолды орташа жөндеу маңызды.

Көлік, Қаржы министрліктеріне  және ҚазАвтоЖолға мердігерлерді қаржыландыру мен айқындауды қамтамасыз ету, ал Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік министрліктеріне «кілтті тапсырғанға дейінгі» ірі жобаларды жедел жүзеге асыру үшін мемлекеттік сараптама мен құрылыс-монтаждау жұмыстарының қатар өту тетігін әзірлеу және бекіту тапсырылды.

Олжас Бектенов шұғыл шешуді қажет ететін мәселелерге назар аударды. Жетісу, Алматы облыстарын қоса алғанда, Ұлттық сапа орталығы тарапынан ескертулерге қарамастан нысандарды қабылдау тәжірибесі жалғасып жатқан өңірлер аталды.

Мердігерлердің кепілдіктерін қадағалау және сапасыз материалдарды пайдалану мәселелері атап өтілді. Мысал ретінде, Павлодар тас жолының бетон төсемі көтеріліп жатқаны аталды, Солтүстік Қазақстан облысында тексерілген сынамалардың 43%-ы сапа стандарттарына сәйкес келмеген. Елді мекендердегі тұрғындар тарапынан жол сапасына қатысты ең көп сын Атырау және Түркістан облыстарында тіркелген. Премьер-министр кепілдік мерзімін ұлғайтуды және мердігерлердің кепілдік міндеттемелерін сапасыз орындағаны үшін мердігерлік ұйымдар жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.

Жергілікті жолдар желісін дамытуға қаражат жұмсаудың тиімділігі мен қаржыландыру мәселесіне назар аударылды. Премьер-министр едәуір көлемде бюджет қаражаты бөлінгеніне қарамастан, кейбір өңірлерде оны игеру баяу жүріп жатқанын атап өтті. Мәселен, Абай облысында – 42%, Ақтөбеде – 52%, Ақмолада – 56% игерілген.

«Жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарды ескере отырып, Көлік министрлігіне және Ұлттық сапа орталығына 1 қазанға дейін барлық автожол жобаларының жүзеге асырылуын тексеруді тапсырамын. Оның қорытындысында анықталған кінәлілерді жазалау бойынша есеп пен ұсыныстар енгізілсін. Көлік және Қаржы министрліктері Ұлттық сапа орталығының қызметін күшейту бойынша шешімдер дайындасын», деп атап өтті Олжас Бектенов.