Аймақтар • Бүгін, 10:34

Жетісу өңірінде білім сапасы артып келеді

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорғанда өткен «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы облыстық тамыз конференциясында Жетісу облысының педагогтары жаңа оқу жылының міндеттерін айқындап, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетісу өңірінде білім сапасы артып келеді

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, соңғы үш жылда білім саласына бөлінген қаржы көлемі айтарлықтай өсіп, облыс бюджетінің 36%-ын құраған. Бұл қаражат есебінен 232 ауыл мектебі жаңартылып, 20 жаңа білім нысаны ашылған, 22 нысан күрделі жөндеуден өткен.

Конференция барысында Мемлекет басшысы қойған бес негізгі міндетті іске асыруға назар аударылды. Атап айтқанда, педагогтердің біліктілігін арттырудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу, мектепке дейінгі және бастауыш білім арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету, ауыл мектептерінің әлеуетін көтеру, тәрбие жұмысын жүйелеу және цифрлық технологияларды дамыту мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы таныстырылып, оқушыларды құқық бұзушылықтан қорғау, психологиялық қолдау көрсету шаралары талқыланды. Биыл 43 мектепке жоғары жылдамдықты интернет орнатылып, 734 заманауи оқу кабинеті жабдықталған.

– Мұғалім еңбегі – болашаққа жасалған инвестиция. Әр сабақ, әр айтылған жылы сөз – баланың өмірін өзгерте алады. Сондықтан білім сапасын арттыру жолында күш-жігерімізді біріктіруіміз керек, – деді облыс әкімі.

Жиын соңында білім беру саласының үздік жобалары көрмесі ұйымдастырылып, өңір педагогтарының жетістіктері таныстырылды. Айта кетейік, бүгінде Жетісу облысында 15 мыңнан астам мұғалім еңбек етеді, ал соңғы жылдары 243 оқушы халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.