ЖОЛДАУ • Бүгін, 09:56

Соңғы 5 жылда жүк тасымалы 6 есеге артты

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТМТМ) дамыту арқылы Еуразиялық логистикада жетекші орынға ие болуда. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркиямен бірлесе отырып ТМТМ әлеуетін толық пайдалану бойынша күш-жігерді біріктіруді тапсырған еді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін беріп отыр, деп жазады Egemen.kz

Соңғы 5 жылда жүк тасымалы 6 есеге артты

Серіктестермен бірлесе отырып 2027 жылға дейін «тұйық» жерлерді синхронды жою бойынша жол картасы әзірленді. Оның аясында «Достық–Мойынты» теміржол желісі пайдалануға берілді, Алматы стансасының айналма жолы салынуда, порт инфрақұрылымы жаңғыртылуда: Құрық портының акватория түбі тереңдетілді, қуаттылығы 1 млн тонна астық терминалы және Ақтау портында контейнерлік хаб  іске қосылды.

2023 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның қатысуымен Middle Corridor Multimodal Ltd бірлескен кәсіпорнының құрылуы маңызды қадамдардың бірі болды. Компания «бір терезе» қағидаты бойынша кепілдендірілген тарифпен және жеткізу мерзімімен мультимодальды тасымалды қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта Қытай теміржолдарының еншілес компаниясы CRCT-ның бірлескен кәсіпорынға қосылуы жоспарланып отыр, тиісті меморандумға 2024 жылдың қарашасында қол қойылды.

Қазақстаннан тыс жерде де порт инфрақұрылымы белсенді дамып жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылдың маусымында Грузияның Поти портында аумағы 8,9 гектар жылына 120 мың контейнер өңдеуге қауқарлы қазақстандық мультимодалды терминал іске қосылды.

Нәтижелер айтарлықтай өсімді көрсетіп отыр: соңғы бес жылда бағыт бойынша жүк тасымалының көлемі алты есеге ұлғайды – 2020 жылғы 0,8 млн тоннадан 2024 жылы 4,5 млн тоннаға жетті. Тек былтырдың өзінде тасымал көлемі 62%-ға артып, контейнерлік тасымал 2,7 есеге көбейді. 2025 жылдың алғашқы жартысында тасымал көлемі 2,3 млн тоннаға жетіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық болды.

Сонымен қатар контейнерлік тасымалдардың айтарлықтай артуына кедендік рәсімдерді автоматтандыру да ықпал етті: енді бір контейнерлік пойызды рәсімдеуге небәрі 30 минут кетеді, бұрын бұл процесс үш сағатқа дейін созылатын еді.

«Жуырда қытай тарапымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлық терминал іске қосылды. Сиань қаласында біздің құрғақ порт табысты жұмыс істеп тұр. Селятино, Свислочь және Будапешт маңында жаңа терминалдар салынуда», деді Мақсат Қалиақпаров.

Транскаспий бағыты бойынша қытай автопойыздарының қозғалысының басталуы да маңызды оқиғалардың бірі болды: 2024 жылы Құрық порты арқылы 3,5 мыңға жуық жүк көлігі өтті, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында олардың саны мыңнан асты. 

Бұл шаралардың барлығы Транскаспий бағытын Еуразиялық логистиканың негізгі буыны ретінде қарастыруға мүмкіндік береді, бұл еліміздің халықаралық сауда мен транзиттегі позициясын күшейтеді.