Қоғам • Бүгін, 08:32

Баршынның Борашы

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бораш. Еңбекті сүйген ер, ауылына жанашыр, атымтай жомарт Боранбай Мұқаналиевтің ел ішіндегі екінші есімі осындай. Баршын ауылының өрісіне мыңғырған малын өргізіп, шаруашылығын шалқытып отырған еңбек ардагері – ауылының қамқоршысы.

Баршынның Борашы

Боранбай Қасымбекұлы – жақ­сының жалғасы, тектінің тұяғы. Әкесі Қасымбек – Екін­ші дүниежүзілік соғыстың ардагері, «Даңқ», басқа да орден-медаль­дардың иесі. Айбарлы әкенің тәлімімен жігерін жанып өскен жас жігіт әскерге шақырылған уақытта Ауғанстан жерінде соғыс жүріп жатқан еді. Сол аймақта әскери борышын ойдағыдай өтеп, елге есен-аман оралды.­ Ауған соғысының ардагері Бо­ранбай Қасымбекұлының да омырауында авиация генерал-майоры «Талғат Бигелдинов», «Сағадат Нұр­мағам­бетов» медалі, «Ин­тернационалист-жауынгер» төсбелгісі бар. Мұның бәрі – Қа­сымбек әкенің қанымен келген қайсарлықтың үлгісі.

Ауған даласынан орала сала еңбекке араласып, шағын малмен шаруашылық құрады. Сол қысы-жазғы қып-қызыл бей­неттің, маңдай тердің өтеуі – өрісі толған малы. Бала кезінен малсақ болып өскен азамат үйір-үйір жылқысының түсін түстеп тани алады. Сөйтіп, Боранбай Қа­сымбекұлының мұқалмас жіге­рімен «Мұқаналиев» фермер қожалығы аудандағы іргелі агрокешенге айналды.

«Бүгінде мемлекет ауыл ша­руашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Мал шаруа­шылығын дамытуда жеңілдетілген несиелер, ірі қара малға субсидиялар беру, техниканы лизингке алу ісі дұрыс жолға қойылған. Соларды шаруалар ұтымды пайдаланса болғаны. Осы қолдаулар арқылы шаруашылыққа жаңадан 5-6 мал қора салдық. Өзім «Сыбаға» бағдарламасымен 100 ірі қара алып, өсіріп отырмын. Байқау арқылы жалға жер алып, жайылымды кеңейттік. Малдың тұқымын асылдандыру мәселесі де қолға алына бастады. Бес бас асыл тұқымды бұқа әкелінді. Жалпы, асыл тұқымды бұқа сатып аламын деген шаруаға мемлекет тарапынан болатын көмек қазір қомақты. Субсидия арқылы оның құнының белгілі бір бөлігін өтеп береді. Астанаға жақын маңайдан жер алып, мал бордақылау алаңын салдық, ол да өз жемісін беріп жатыр», дейді шаруашылық басшысы.

Мал баққанға бітеді. Шаруаның басы-қасында Боранбай Қасымбек­ұлының өзі жүреді. Ат мініп, өрісін аралап, төрт түлігін түгендемесе, көңілі көншімейді. Өмір бойғы салты солай. Содан да болар, еңбегі жанды, бейнеті бағын да, барын да еселеді.

Ауылды күл-қоқыстан тазалау, су құбырлары істен шығып қалса, оны жөндеу секілді шаруа­лар Боранбай мырзаның демеу­ші­лігімен жүзеге асады. Мұны­мен қоса, ауылда қаңырап қалған ғима­ратты өз қаражатына күрделі жөндеуден өткізіп, балалар мен жасөспірімдерге спортзал ашып берді. Қазір ауыл балалары бокс, күрес секцияларына барып жүр.

Ауылындағы тоқсан жастағы ананың ескі үйін сүріп, жаңа үй салып берген сақи да өзі. Ауылдың мектебіне, ауруханасына үнемі көмектеседі. Әлеуметтік топтағы ағайынға жыл сайын тегін соғым береді. Былтыр Нұра ауданының 90 мұқтаж отбасына ет таратты. Одан бөлек, мал сою алаңын салып, қолданысқа берді. Ауыл зиратын қоршат­ты. Нұра өңіріндегі мәдени, спорттық іс-шараларға үнемі демеу­шілік көрсетеді. Панде­мия кезінде ауылын тегін дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз етті. Мал жайылымындағы су ша­йып бұзылған екі бөгетті қалпына кел­тірді. Көрші Тікенекті ауылын­дағы мешіттің құрылысына қаржы­лай көмек көрсетті. Ауылы­на кө­шіп келгендерге де қарайласады. Соғымын, жемшөбін, керек болса алдына малына дейін салып береді.

Боранбай Қасымбекұлы аудан­­­дық мәслихаттың бірнеше шақырылым депутаты. Ел аманатын орындау мақсатында Астана, Қарағандыға жиі қатынап жүріп, ауылға «Билайн» мобильдік байланыс жүйесін орнатып берді. Міне, бұл атымтай азамат жасаған жақсылықтың біз білетін бір парасы ғана.

Зайыбы Зәуре Қазанбайқызы – мемлекеттік қызметтің қазанында қайнаған жан. Қазір құрметті еңбек демалысында. Қызмет еткен жылдары ауылының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, елдің батасын алған. Зәуре Мұқаналиеваның еңбегі жанып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының «Үздік ашық әкім» аталымын жеңіп алған. Теңіз өңіріне өркениет сыйлаған әкім ретінде есімі ел аузында. Ол әкім болып тұрған тұста атқарылған жұ­мыс аз емес. Атап айтар болсақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көшелер асфальтталды. 284 жарық шамдары қойылды. Ауылдың полиция бөлімінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Екі электр трансформаторы алынды. Төрт бірдей елді мекенге балалар ойын алаңы орнатылды. Ауыл жастарына арна­лып коворкинг орталығы ашылды. Ауруханаға жаңа жылыту қа­зандығы қойылды. Жедел жәр­дем көлігі, мектеп балаларын та­сымалдауға автобус сатып алынды.

Мұнымен қоса, жас мамандарға екі пәтерлі үй салынған. Екі бірдей дөңгелек жөндеу шеберханасы мен наубайхана, дәмхана ашылып, қазір ауыл халқына қызмет көрсетіп отыр. Осындай игілікті іс­тің бәріне Зәуре әкім ұйыт­­қы болды. Оған басты қолдауды әрине, асыл азаматы Боранбай Қасым­бекұлы көрсетті.

Жары Зәуреш екеуінің осыдан қырық жыл бұрын құрған шаңы­рақтары бүгінде үбірлі-шүбірлі әулетке айналған. Ұл­да­рын ұяға, қыздарын қияға қон­дырған. Бәріне еңбекті ертеден үйреткен екеуі балаларының, немере, жиендердің қызығына кенеліп отыр.

Маңдай тер түбі төрге шы­ғарады. Еңбегімен еңселі Боран­бай Қасымбекұлы абырой биігінде, құрметтің төрінде. Кеу­десінде Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалі жарқырайды. Нұра ауданының құрметті азаматы.

Теңіз өңірінің өркендеуіне телегей үлесі бар Баршын бағла­нының жүрегі осылайша «ауылым» деп бүл­кілдейді. Ардақты азаматты ауы­лы да сәйкесінше алақанына са­лып отыр. «Бұдан асқан қандай ба­қыт бар?» дейді атпал азаматтың өзі.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы,

Баршын ауылы