Аймақтар • Бүгін, 08:50

Қонағы көп қаланың қауіпсіздігі құнтталды

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қауіпсіздік – еліміздің әрбір өңір, әр ауылы үшін маңызды мәселе. Ал шығысында Талас Алатауы, оңтүстік батысында Өгем, Қаржантау, Қазығұрт тау сілемдерінің бөктерінде орналасқан Төлеби ауданы, оның орталығы Леңгір қаласы үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті еселене түседі. Олай дейтініміз, табиғаты тамаша таулы аймаққа келуші қонақтар мен туристер көп. Яғни жауаптылар үшін жергілікті тұрғындармен қатар саяхаттаушы, демалушылардың алаңсыз да емін-еркін жүріп, аман қайтқаны маңызды.

Қонағы көп қаланың қауіпсіздігі құнтталды

Жаз күндері мұнда салқын болады. Сондықтан оңтүс­тіктің шіліңгір шіл­десінде қала тұрғындары тауға ағылады. Қыс­тыңгүні тау бөктерінде қарға аунап, сырғанақ теуіп қайтатындар да аз емес. Сондай-ақ облыс бойынша ең көп демалыс орындары – осы Төлеби ауданында. Биылдың 5 айында ауданға 23 мыңға жуық демалушы келіпті. Туризм саласында қызмет көрсететін Ақмешіт, Біркөлік шатқалдарында, Сайрам-Өгем, Қасқасу, Көксәйек, Төңкеріс елді мекендерінде орналасқан 300-ге жуық демалыс аймағы бар. Аталған демалыс орындарына келушілер, шетелдік турис­тер аудан орталығы арқылы өтеді немесе қалаға келіп түрлі қызметті пайдаланады. Бұл орайда Леңгір қаласы аумағында құқықтық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында бейне­бақылау жүйесі кеңейтілген.

«Бүгінде аудан орталығы Леңгір қаласында жалпы 44 бейнекамера жұмыс істейді, жыл соңына дейін 18 бейнекамера орнату жоспарланып отыр. Бұл жүйе қылмыстың алдын алуға, құқық бұзушылықты жедел анықтауға және тәртіп сақшыларының жұмысын жеңіл­детуге айтарлықтай үлес қосып отыр. Сонымен қатар тұрақты түрде құқық қорғау органдарының қатысуымен рейдтік іс-шаралар жиі өткізіліп, түнгі уақытта жастар мен жасөспірімдер арасында заңсыз әрекеттердің жолы кесіліп жатыр. Мемлекет басшысы «Әрбір азамат өз елінде қауіпсіз өмір сүруге тиіс. Бұл үшін құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеуі керек» деген болатын. Осыған орай, Ленгір қаласының учаскелік инспек­торлары әкімдік қызметкерлерімен бірге тұрғындармен тығыз байланыс орнатқан. «Полиция – халықпен бірге» қағидаты негізінде учаскелік пункттер мен мектеп инспекторлары күшейтілген түрде жұмыс істейді. Оған қоса интернет алаяқтарының әрекетін алдын алу мақсатында тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, түрғын үйлерге хабарлама таратылып тұрады», дейді Леңгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев.

Қауіпсіз әрі жайлы қала қалып­тастыру мақсатында қала ішіндегі жол-көлік қауіпсіздігін арттыру үшін ауқымды жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Өткен жылы жалпы қала аумағында 16 көшеге, биыл 21 көшеге асфальт салынған. Жыл соңына дейін тағы 5 кө­ше­ге асфальт төселмек. Сонымен қа­тар жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл 6,5 шақырым 3 көшеге аяқжол салу жұмыстары жүргізілді. Қала әкімінің айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жарықтандыру жұмыстары да тұрақты атқарылып жатыр. Жалпы, былтыр 17 көше жарықтандырылса, биыл жыл соңына дейін 14 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылады. Жол инфрақұрылымын жетілдіру аясында 66,2 шақырым жолға жол сызықтары сызылып, 990 шаршы метр жаяу жүргіншілер өткелі боялған. Сонымен қатар 143 жол белгісі жаңартылып, 18 көшеге жол кедергілері орнатылды.

«Бұл шаралар қала көшелерінде қозғалыс қауіпсіздігін айтарлықтай жақсартты. Яғни қала көшелерінде қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етіліп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүруіне жайлы жағдай жасалды. Жаңартылған жолдар мен аяқжолдар, түнгі жарық шамдары апаттың алдын алып, тәртіп пен тыныштықты нығайтады. Сондай-ақ қала аумағында тұрғындардың жайлы демалысы үшін 3 саябақ, 9 сквер, 6 аллея, 16 гүлзар орналасқан. Барлық нысан заманауи жабдықтармен қамтылып, түнгі жарық шамдарымен жарықтандырылған және бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген», дейді М.Жұмабаев.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданда 25 орынға «Сергек» камерасы, 60 бейнебақылау жүйесі орнатылмақ. Мектеп маңындағы жол кедергілері жаңартылып, қосымша 137 жерге орнату – жоспарда. Ауданның Зағамбар, Алғабас, Тағайна ауылдары ішімдік сатудан толық бас тартқан. Мұндай бастама тұрмыстық қылмыс пен жанжалдың азаюына, жастардың спорт пен білімге бет бұруына, ауылдың мәдени ахуалының жақсаруына ықпал етеді. Мәселен, Алғабас, Тағайна ауыл­дарында кейінгі 3 жылда мүлдем қылмыс тіркелмеген. Ал ішімдіксіз өмір салтын қолға алған соң үш ауылда да әкімшілік құқықбұзушылықтар да едәуір азайған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, таулы өңірдің табиғатына қазығушы шетелдіктер көп. Төлеби аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаевтың айтуынша, көші-қон қызметі құқықтық бейімделуін жеңілдету мақсатында 1200-ден аса шетелдікке QR-коды бар SIM-карталарды тегін таратыпты. Бұл бастама шетелдіктердің қауіпсіздігін арттыруға және көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді. Аталған SIM-карталар арқылы шетелдіктер арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, көші-қон қызметімен тікелей байланыс орната алады. Қосымшада ел аумағында жүріп-тұру тәртібі, уақытша тіркеу, заңды тұру және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы толық ақпарат ұсынылған.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде: «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу керек. Бұл – қаладағы бейнебақылау құралдары енді адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алады деген сөз. Мұндай озық технологиялар түрлі заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді, сол арқылы қоғамдық тәртіпті нығайта түседі», деп атап өтті. Қауіпсіздік бағытындағы тапсырмаларды орындау мақсатында аудан­да алдағы жылдарға нақты жоспарлар бекітілген. Жаһандық ақпараттық кеңістік дамыған сайын интернет алаяқтық та көбейіп барады. Қауіпсіздік мәселесінің ең өзекті бағыттарының бірі – киберқылмыс. Әсіресе интернет-алаяқтық қылмысы күннен-күнге күрде­леніп, жаңа тәсілдермен жасалады. Осыған орай, Төлеби аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Интернет-алаяқтық: сақтан, сенбе, қорған!» атты ауқымды ақпараттық форум өткізілді. Іс-шараға киберқылмысқа қарсы күрес саласының өкілдері, ІТ мамандар және банк секторының қаржылық қауіпсіздік бойынша жауапты қызметкерлері қатысып, тұрғындарға алаяқтықтың алдын алу жолдары, жиі кездесетін тәсілдер мен қорғану амалдарын түсіндірді. Бұл бағыттағы алдын алу жұмыстары тек форуммен шектелмейді. Жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары халық көп жиналатын орындарда, сауда нүктелерінде, мемлекеттік мекемелерде, тіпті жеке үйлерді аралау арқылы да түсіндіру шараларын үзбей жүргізеді. Жыл басынан бері 4 700-ден аса тұрғынға интернет-алаяқтыққа қарсы үнпарақшалар таратылды», дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғ.Қуашбаев.

Ашық әкімдік қағидатын ұстан­ған Ленгір қаласы аумағында ат­қары­лып жатқан барлық жұмыс әкім­дік­тің әлеуметтік желілердегі ресми парақ­шаларында жарияланып, тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары әрқашан ескеріліп отырады. «Қауіпсіз әрі жайлы қала» – бұл жай ғана ұран емес, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес іске асырылып жатқан нақты жұмыс. Леңгір қаласы – заң мен тәртіпке негізделген, тұрғындарының жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасалған өңірлер­дің қатарында. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, өйткені қауіпсіздік – тұрақты дамудың кепілі, ал заң мен тәртіп – сол жолдағы темірқазық», дейді қала әкімі М.Жұмабаев.

Ашықтық пен қоғамдық бақылау – қала әкімдігінің ұстанымы. Қоғамдық кеңестерде және тұрғындармен кездесу барысында халықтың ұсыныстарын тыңдап, оларды қандай да бір шешім қабылдау кезінде ескеріліп отырады. Сондай-ақ қала әкімі аудан басшыларымен, полиция бөлімі басшылығы­мен, қала депутаттарымен, зиялы қауым өкіл­дерімен қоян-қолтық жұмыс жүргізі­ле отырып, Леңгірді қауіпсіз әрі жайлы қалаға айналдыру бағытында жүйелі шара­лар атқарылып жатқа­нын айта­ды. «Цифрлық Қазақстан» бағдар­ла­масы аясында мемлекеттік қызмет­терді электрондық форматқа көшіру – жем­қорлық тәуекелдерінің алдын алудағы маңызды шараның бірі. Электронды фор­мат тұрғындар үшін ыңғайлы және әкім­дікпен тұрақты кері байланыста болады.

 

Түркістан облысы