Қоғам • Бүгін, 11:00

Саясат Нұрбек Алматы тұрғындарымен кездесті

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен кездесуде ғылым мен жоғары білім саласын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

Саясат Нұрбек Алматы тұрғындарымен кездесті

Кездесуде 2023–2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы, жасанды интеллект және цифрлық білім беру, AI-SANA жобасы, инфрақұрылымды дамыту, жастарды қолдау және ғылыми жобаларды қаржыландыру қажеттігі сөз болды. Сондай-ақ жалақы мен әлеуметтік кепілдіктерді арттыру, академиялық ұтқырлықты кеңейту, қазақстандық ЖОО-лардың халықаралық рейтингтердегі орнын жақсарту және білім беру бағдарламаларын жаңа технологиялармен жаңарту мәселелері көтерілді.

Министр Саясат Нұрбек демографиялық өсімге байланысты жоғары білім беру жүйесіне түсетін жүктеменің артқанын атап өтті.

«Үш жыл бұрын біз 620 мың студентпен бастағанбыз. Қазірдің өзінде 680 мыңнан астам студент оқып жатыр. Ал 2029-2030 жылдарға қарай, біздің болжам бойынша, студенттер саны 1 миллионға жетеді деп отырмыз. Инфрақұрылым, цифрлық платформалар, үздіксіз білім, Coursera тәрізді халықаралық платформалармен серіктестіктер – мұның бәрі осы демографиялық өсімге тікелей байланысты»,  деді ол.

Жатақхана мәселесіне де ерекше тоқталған министр Алматыда арнайы Ахуалдық орталық ашылғанын айтты. Бұл орталық арқылы студенттер тәулік бойы жатақханаға қатысты көмек ала алады. Министрдің айтуынша, мұндай шаралар жаңа оқу жылы қарсаңында студенттердің барлығын баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.

Алматы тұрғындары

Кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің жүзеге асырылу барысы да баяндалды. Атап айтқанда, ЖОО базасында жасанды интеллект мамандарын даярлау, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі мен «Мамандығым – Болашағым» жобасының іске асырылуы туралы тың ақпараттар ұсынылды.

Ресми бөлімнен кейін министр азаматтарды жеке қабылдап, олардың жеке мәселелерін тыңдады. Жергілікті тұрғындар ғылым мен білім саласында қолға алынған өзгерістерге белсене атсалысуға дайын екендіктерін жеткізіп, ашық пікір алмасу форматына ризашылық білдірді.