Денсаулық • Бүгін, 10:47

Ана өлімі тарихи ең төменгі деңгейге түсті

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Жолдауындағы тапсырмаларды орындау және денсаулық сақтау сапасын арттыру бағытында Үкімет кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Соның нәтижесінде халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарып, ана мен бала өлімі едәуір азайды,  деп жазады Egemen.kz.

Ана өлімі тарихи ең төменгі деңгейге түсті

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі – халықтың денсаулығын қорғау. «Біздің мақсатымыз – 2029 жылға қарай қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізу. Бұл межеге жету қолжетімді. Жыл сайынғы динамикада оң көрсеткіштер байқалады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жастан асты»,  деді министр.

Министрлік мәліметінше, өткен жылы ана өлімі көрсеткіші 12 пайызға төмендеп, тарихи минимумға жетті. Сонымен қатар неонаталдық өлім 20 пайызға, сәби өлімі 11 пайызға, ал бала өлімі 8 пайызға азайды.

Мұндай оң нәтижелер жаңа технологияларды енгізумен де тікелей байланысты. 2024 жылы елімізде алғаш рет «Феталды медицина» әдісі қолданылып, 71 жатырішілік ота жасалды. Соның арқасында 96 нәрестенің өмірі сақталып қалды. Бұдан бөлек, жаңа туған сәбилер хирургиясы да қарқынды дамып келеді: 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында туа біткен даму ақаулары бар 600 нәрестеге ота жасалған.

«Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында біз халық денсаулығын жақсартуға бағытталған шараларды жүйелі түрде жүргізіп келеміз»,  деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.