Президент • Бүгін, 09:05

Озық білімді, жаңа технологияны игерген елдің ұпайы түгел

10 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен дәстүрлі респуб­ликалық Тамыз конференциясы өтті. Мемлекеттік орган өкілдері, білім саласының қызметкерлері, ата-аналар жиналған алқалы жиында былтырғы оқу жылының нәтижелері қорытындыланып, жаңа оқу жылындағы өзгеріс­тер айтылып, тиімді, жемісті пе­дагогикалық тәжірибелер көрсе­тіліп, ұрпақ тәрбиелеу, оқыту ісіндегі үздіктерді Президент марапаттады.

Озық білімді, жаңа технологияны игерген елдің ұпайы түгел

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

«Адал азамат» мектепте қалыптасады

Отырыста сөз алған Мемлекет басшысы қатысушыларды дәстүрлі Тамыз кон­фе­ренциясының ашылуымен құттықтап, басқосудың маңызына тоқталып, жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрген педагог қауымға ризашылығын білдірді.

– Шын мәнінде, мұғалімдер мемлекет­тік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғам­дағы орны бәрінен биік болуға тиіс. Біз бір ел, бір халық болып, Әділет­ті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатыр­мыз. Ұлттың жаңа сапасын қалыптас­тыру үшін нақты реформаларды қолға алдық. Бұл – ауқымды әрі күрделі жұмыс. Бүгінге дейін біраз шаруа атқарылды. Елдегі саяси жүйе толық жаңғырды. Ұлттық экономиканың жаңа бағдары айқындалды. Қоғамымыз дамып, азамат­тардың сана-сезімі өзгеріп келеді.

Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты. Билікте де «отбасылық жүйе» жоқ. Азаматтарды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен олардың білімі мен кәсіби білігі ескеріледі. Қазір елімізде рухы азат, ойы еркін ұрпақ өсіп келеді. Заңды сыйлау, тәртіпке бағыну қоғамның мызғымас қағидасына айнала бастады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан жаңа сипатты ел болу жолына бет бұрды. Бірақ өзгерістерді жасау – бір бөлек болса, оны біржола орнықтыру – бір басқа мәселе. Ол үшін, ең алдымен, қоғам санасы түбе­гейлі жаңғыруы қажет. Осы ретте сіздерге, яғни ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Себебі нағыз «Адал азамат» мектепте қалыптасады, – деді Қ.Тоқаев.

Президент атап өткендей,  ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Сол себепті Мемлекет басшысы өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауы­мыз керектігін жеткізді.

– Мен білім беру саласына айрық­ша мән беремін. 2019 жылы Прези­дент ре­тінде қабылдаған алғашқы шешім­дер­­дің бірі ұстаздарға қатысты болға­нын білесіздер. Қазір – білім мен ғылым­ның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білім­ді игерген, жаңа технология­ны мең­герген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүре­міз. Сондықтан осы саланы қолдау мемле­кеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Соңғы жылдары бұл бағыт­та ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жыл­дан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашыл­ды. «Келешек мектептері» ұлттық жоба­сы аясында жалпы саны 217 мектеп құры­лысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп са­лынды. Бұдан бөлек, Білім беру ин­фра­­құрылымын қолдау қорының қар­жы­­сына алпыстан астам мектеп салынды. Та­ғы 30-ға жуығы салынып жатыр. «Пе­­д­а­­гог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды.

пр

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Қала мен ауыл білімін теңестіру – міндет

Президент мұғалімдердің жаңа тол­қы­нын даярлау айрықша маңызды жұмыс екеніне тоқталып, биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінгенін айтты.

– Педагог мамандығы бойын­ша оқып жатқан студенттердің шәкірт­ақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады. Осындай нақты шаралар­дың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді. Былтыр 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагог мамандығына оқуға түскен. Ал биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр. Бұл – барлық «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызға жуығы деген сөз. Мұның бәрі қоғамда ұстаздардың абырой-беделінің арта түскенін аңғартады.

Мұғалімнің білігін, мәртебесін көтеру және білім сапасын арттыру үшін басқа да көптеген іс атқарылды. Нәтижесі жаман емес. Биыл оқушыларымыз әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан 27 медаль алды. Бұдан бөлек, халықаралық олимпиа­далардан 1000-ға жуық медаль иеленді. Бұл – әрине, ұл-қыздарымыздың сапалы білімі мен терең ізденісі және ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі. Мен жақында осындай бір топ оқушыны Ақордаға арнайы шақырып, марапаттадым. Олар қазақтың зияткер ұлт екенін бүкіл әлемге танытып жүр. Жалпы, нақты жетістіктер аз емес. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі алда атқарылатын шаруа одан да көп. Осы орайда, бүгін Оқу-ағарту саласына қатысты бірқатар ойымды ортаға салғым келеді, – деген Президент Қ.Тоқаев бес басымдыққа тоқталды.

– Бірінші. Білім сапасын жақсарта түсу қажет. Қазір ғылым мен білім, технология өте жылдам өзгеріп жатыр. Кеше алған білімің ертең өзекті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің білікті болуы – өте маңызды мәселе. Жоғары оқу орнында алған біліммен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті. Озық ойлы шәкірт тәрбиелеу үшін ұстаздар ұдайы ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы керек. Балалардың оқуға зейінін ашатын әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген абзал.

Дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономиканың тірегі, қозғаушы күші екені белгілі. Сондай елдердің тәжірибесін зерттеген жөн. Бірақ басқалардың бала оқыту үлгісін құр көшіріп әкеле салуға да болмайды. Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек. Жалпы, білім беру стандарттарына, оқыту әдістемесіне, оқулыққа енгізілетін кез келген өзгерісті өте мұқият саралау қажет. Себебі білім саласында ешқандай қателікке жол беруге болмайды. Бір ғана қателіктің салдары өте ауыр болуы мүмкін.

Тағы бір маңызды міндет – қала және ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіру.

Кейінгі төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техни­калық қоры жаңғыртылды. Оның басым көпшілігі – ауыл мектептері. Ауылдағы білім ошақтарына күрделі жөндеу жүр­гізіліп, жаңадан кітапхана, асхана мен спорт залдары салынып жатыр. Бұл жұ­мыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек, – деген Мемлекет басшысы «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да осы екенін атап өтті.

 

Өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау маңызды

Президент келесі бағытта білім мен тәрбиеге тоқталды.

– ЕКІНШІ. Білім тәрбиемен ұштас­қанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғам­ның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бі­рінен бөліп қарауға болмайды. Мек­­теп – білім мен тәлім-тәрбиенің киелі ордасы. Ұлы Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез де­ген нәрселермен озбақ» деген. Өске­лең ұрпақты білімпаздыққа баулу қан­ша­лықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Біз жастардың адал әрі еңбекқор болып өсуіне ерекше мән беруіміз қажет. Ұл-қыздарымыз жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арасын ажырата білуі керек.

Биылдан бастап елімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарлама­сы жүзеге асырыла бастайды. Бұл бағ­дарламаны барлық мектеп, соның ішінде жекеменшік мектептер де қолданады. Сондай-ақ мен осы жобаны педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына да енгізуді ұсынамын. Ұлттық білім саласындағы тәрбие жұмысында біртұтас жүйе болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жас ұрпақтың бойына  жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру қажеттігін де атап өтті.

люди

– Әрбір жас отаншыл, жасампаз, жаңашыл, білімпаз, еңбекқор, ұқыпты, үнемшіл болып өсуі керек. Сондай азаматтар ғана мәдениетті, қауіпсіз әрі «Заң мен тәртіп» үстемдік құратын қоғамның іргесін қаламақ. Халқымыз «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаған. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұғалім және мемлекеттік органдар бірге жұмыс істеуге тиіс. Себебі жауапкершілік бәріне – ортақ.

Хакім Абай да «Адамның адамшы­лығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан. «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ал бұл үштіктің өзегінде – еңбекқорлық идея­сы болуға тиіс. Жас ұрпаққа еңбек­сіз ешқандай игілік болмайтынын үне­мі түсіндіріп айту керек. Қоғамда масылдыққа жол бермеу қажет. Себебі бұл жол тек тығырыққа тірейді.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы – осы бағыттағы нақты шараның бірі. Мен бұған дейін де айттым. Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан-дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады. Қолы таза адам жемқорлыққа бармайды, адал болады. Асыл қасиеттерді бойына сіңірген нағыз адал азаматтар Әділетті Қазақстанның тірегі болатыны сөзсіз, – деді Қ.Тоқаев.

ҮШіншіден, Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау маңызды екенін атап өтті.

– Балалар өмірлік дағдының көбін мектепте меңгереді. Олар мұнда тәртіпке бағынып, жүріп-тұру ережелері мен әдеп нормаларын сақтауды үйренеді. Сондықтан мектеп өзара құрмет пен жана­шырлыққа толы үйлесімді қоғам­ның үлгісі болуға тиіс. Балаларды жауапкершілікке бау­лып, оларға кез келген әрекеттің салдары болатынын түсіндіру маңызды. «Заң мен тәртіп» қағидаты тәрбие жұмысының ажырамас бөлшегіне айналуға тиіс. Ең басты міндет – осы тұжырымдаманың мән-маңызын түсінікті тілде, озық педагогикалық әдіс­тер арқылы өскелең ұрпақтың сана­­­сына сіңіру. Бұл іске директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, сынып жетекшілері мен мектеп психологтерінен бөлек, барша ұстаз қауымы атсалысуға тиіс. Өйткені бұл – мемлекеттік маңызы бар міндет.

Балаларды әлеуметтік кеселдерден қорғау үшін олардың сыни ойлау қабілетін ұштау қажет. Жас ұрпақтың көп уақытын интернет пен әлеуметтік желілерде өткізетіні белгілі. Олар жалған идеялар мен мінез-құлықты бұзатын теріс тәрбиенің ықпалына оңай түсуі ықтимал. Сол себепті әр педагог балаларды өз эмоциясын ұстауға, кез келген нәрсеге немесе жағдайға байыппен қарап, дұрыс шешім қабылдауға үйретуі керек. Нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды зиянды әдеттермен күресуде мұға­лім­дер айрықша рөл атқарады. Жас ұрпақ арасындағы наркотизмге қарсы іс-қи­мылға бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Бұл туралы жақында Қауіпсіздік Кеңе­сінің отырысында айтылды. Бірақ ең бас­тысы, әртүрлі стимуляторлармен әуес­тену, тіпті ол зиянсыз болса да, түбі жарға жы­ғатынын балалар мен жастарға түсін­діру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Зиянды заттарды тұтыну немесе виртуалды ойындар арқылы шындықтан ажырап, қиялға ерік беру адамды айналасына жексұрын қылып, қоғамнан шеттетеді. Шын мәнінде, мұндай жандар өз болашағына балта шабады. Олар жақсы жұмыс тауып, берекелі отбасын құру мүмкіндігінен айырылады. Өзінің дарынын көрсетіп, биік мақсаттарға жете алмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер бо­лу­ға тиіс екенін де айтты.

– Зорлық-зомбылыққа, әлім­жетікке, яғни буллингке, қатыгездік пен озбыр­лыққа мүлде жол берілмеуі керек. Кейінгі екі жылда өскелең ұрпақ­тың құқығын қорғау үшін нақты шара қабыл­данды. Атап айтқанда, кәмелет жасына толмағандарға қатысты жасал­ған кез келген зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза қатайды, Бала құқық­тары жөніндегі уәкілдің құзыреті кеңейді. Сондай-ақ тағы бір өзекті мәсе­ле. Балалардың өз-өзіне қол жұмсау жағ­дайларының, яғни суицидтің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Еліміздегі барлық мектепте «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орнатылды. Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде әлімжеттікке, буллингке қарсы «ДосболLIKE» атты бағдарлама іске қосылады.

Негізгі мақсат – балалар мен жеткін­шектер арасындағы зорлық-зомбы­лықтың алдын алу. Бұл бағыттағы маңыз­ды жұмыс тоқтамайды, жасөспірім­дердің құқығы мен мүддесін қорғау мәсе­лесі әрдайым мемлекет назарында бола­ды. «Не ексең, соны орасың» деген. Қазір біз бір қоғам болып жас ұрпақтың бойы­на қандай құндылықтарды сіңір­сек, ертең ондаған жылдан кейін ұлты­мыздың сапасы да сондай болмақ. Әді­летті, Озық, Таза, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанның іргесі мектепте қаланады, – деді Президент.

 

Жасанды интеллект дәуіріндегі білім

Мемлекет басшысы әлем жаңа тех­нологиялық дәуірге қадам басқанын айтып, жаһан­дық үдерістерге бейімделу  керектігімізді ескертті.

– ТӨРТІНШІ. Білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу қажет. Әлем жаңа технологиялық дәуір­ге қадам басты. Оның басты нышанын инновацияның қарқынды дамуы мен жасанды интеллек­тінің өмі­рімізге дендеп енуінен байқауға бола­ды. Сондықтан бүгінде «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғым­дары – егіз. Біздің міндетіміз – жаһан­дық үрдістерге бейімделу. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады.

Бүгінде еліміздегі мектептердің 95 пайыздан астамы жылдам интернетпен қамтылған. Аталған көрсеткішті 100 пайызға жеткізу керек. Жерсерік жүйелерінің мүмкіндіктерін осы мақсатқа пайдалануға болады. Мұны жай ғана инфрақұрылымға теңдей қол жеткізу мәселесі емес, әлеуметтік әділдіктің маңызды идеологиялық қағидаты ретінде қарастырған жөн. Сонымен қатар озық инновациялық тәсілдер ерекше қажеттілігі бар бала­лардың толыққанды білім алуына жол ашып, инклюзивті орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Елімізде мектепке немесе колледж­ге қабылдау, сондай-ақ басқа мектепке ауысу бойынша барлық негізгі қыз­меттер цифрлық жүйеге көшірілген. Электронды Үкіметтің мобилді қосым­шасында білім саласына қатысты барлық ақпарат жиналған Bilim қызметі жұмыс істеп тұр. Бірақ алда әлі де ауқымды жұмыс бар. Босаңсуға болмайды. Үкімет пен әкімдер бұл жұмысқа баса мән беруі керек. Мысалы, білім беру мекемелерін тиісті интерактивті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету керек. Оқытуға арналған цифрлық платформалар мен электронды оқулықтар барлық оқушыға қолжетімді болуға тиіс. Бұл ретте оқыту материалдары түгел мұқият сарапталуы керек.

Келесі маңызды міндет. Балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқытқан жөн. Бұл – болашақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті бірден-бір дағды. Бұл педагогтерге де қатысты. Мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керек. Жалпы, білім беру саласын мүлдем жаңа сапалы деңгейге шығару үшін цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Сіздер тұтас елімізді технологиялық тұрғыдан жаң­ғырту ісінде алдыңғы шептен табылып, біздің қоғамды нағыз прогрессивті әрі дамыған ұлтқа айналдыруға ерен үлес қосасыздар деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев мұғалімнің құқығын қор­ғау мәселесіне тоқталып, «Педагог мәрте­бесі туралы» заңға өзгерістер енгізу қажеттігін баса айтты.

– Бесінші. Мұғалімнің құқығын қор­ғау мәселесі әрдайым бас­ты назарда болуға тиіс. Мен сөз басында ұстаз­дардың өз міндетінен тыс жұмыстардан босатылғанын айттым. Бірақ кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы керек. Сондай-ақ бала­ларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұғалімді жазалау орынсыз. Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған педагог жауапты емес. Алматы облысында түлектер арасында болған қайғылы жағдай үшін директор мен мұғалімдер жауапқа тартылып, жұмыстан шығарылды. Министрлік олардың мүддесін қорғап қалды. Дұрыс. Біз мұндай келеңсіздікке жол бермеуіміз керек. «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет.

Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру. Тағы бір мәселе. Маңғыстауда балалар сапасыз тамақтан уланып қалғанын білесіздер. Осы сұмдық жағдайдан кейін мектептегі тамақтың сапасын қадағалау жұмысын Денсаулық сақтау министрлігі толығымен өз міндеті­не алды. Бұл өте дұрыс шешім болды. Жалпы, білім саласы – мемлекет үшін стратегиялық мәні бар сала. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдар білім саласындағы мәселелерден сырт қалмауы керек. Түптеп келгенде, балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе.

Әлем тарихында білім-ғылымды бас­ты орынға қойып, дамудың даңғыл жолына түскен, орасан зор табысқа жеткен елдер аз емес. Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы мін­детті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мем­лекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық.

Мен Қазақстан ұстаздарының қа­жыр­лы еңбегін жоғары бағалаймын, сіздер жас буынға беріп жатқан білімнің күшіне сенемін. Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биік­ке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады. Қазақ­стан­ның жарқын болашағы Сіздердің табан­ды еңбектеріңізге тікелей байланыс­ты. Себебі сіздер тұтас ұлтты оқы­тып, тәр­биелеп жатырсыздар. Осы жауапкер­шілі­кті терең сезініп, қастерлі міндетті абырой­мен атқара бересіздер деп сенемін. Сіздердің еңбек­теріңіз ең жоғары құрметке лайық. Көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр шә­кірт­теріңіз көбейе берсін! Жаңа оқу жылы табысты болсын! – деп сөзін түйіндеді Президент.

 

Міндеттер межеленген мезет

Тамыз конференциясында сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады. Ол білім саласы қыз­мет­керлерінің басты жиынында білім жүйесіндегі қол жеткізген жетістіктер мен алдағы міндеттерге тоқталды.

Министр мәлімдегендей, 2 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту жоспары бүгінде 93%-ға орындалды. Ендігі меже – жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу. Оған жетуге тиісті жағ­дай жасалып отыр. Мәселен, был­тыр бастал­ған ваучерлік қаржылан­дыру­дың қанатқақты жобасы кезектіліктің 44%-ға азайға­нын әрі 8 миллиардқа жуық теңге үнем­делгенін көрсетсе, биыл 179 мектепке дейін­гі ұйым ашылды, ал кейінгі алты жылда бұл көрсеткіш 1 600 мекемеге артты. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыру мақсатында «Беске дейін үлгер» және «Тілге бойлау» қанатқақты жобалары сәтті іске асырылды. Бұл жобалар ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру жүйесіне жаппай енгізіледі. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім жүйесінің бизнес-қауымдастығымен көптеген талқылаулардың нәтижесінде білім беру үдерісінің қауіпсіздігін, ашық­тығын қамтамасыз етуге және білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға ба­ғытталған алғаш рет республикалық қоғам­дық өзін-өзі реттейтін ұйым құрылды.

– Кейінгі алты жылда «Педа­гог мәрте­­бесі туралы» заңның қабыл­­дануы, 1 300 мектептің реновациясы, 4000 мек­теп­тің модернизация­сы, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдар­­лама­сы, заманауи «Келешек мектеп­терінің» құрылысы тың өзгеріс­терге үлкен қозғау салып, білім саласы­ның қарқынды дамуына жол ашты. Бұл бас­тамалар осы жылдары еліміздегі үш ауы­сымды мектептердің санын – 4 есеге, апатт­ы жағдайдағы мектептерді – 2 есеге, оқу­шы орнының тапшылығын 4 есеге азайтты.

Инклюзивті білім беру және психоло­гиялық-педагогикалық қолдауға жағдай жасау 90%-ға артты, ерекше білім қажет­тіліктері бар балаларға арналған кабинеттер саны екі есе өсті, ал арнайы білім беру ұйымдарының желісі 230-ға жетті. Осы жылдың наурыз айында Құрылтайда қойылған міндеттерге сәйкес «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында өткен Халықаралық білім беру көрмесінде Инклюзия бойынша тұңғыш Дүниежүзілік конгресті 2025 жылдың қазан айында Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданды. Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды күшейту мақсатында 6 заңға 94 түзету енгізілді және БҰҰ-ның бала құқықтары туралы хабарламаларға қатысты конвенция­сының Факультативтік хаттамасы ратификацияланды, – деді Ғ.Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, Қамқор­шылық және қорғаншылық органдары жұмысының тиімділігін арттыру үшін осы жылдың қаңтар айында бес мың балаға кемінде бір маманнан келетін қорғаншылық органдары штат санының нормативі бекітілді. Бірлескен жұмыс нәтижесінде қорғаншылық орган­дары мамандарының штаты 593 бірлікке өсті. Қаңтар айында Женева­да қазақстандық делегация құқық қор­ғау саласындағы міндеттемелердің орындалуы туралы төртінші баяндаманы қорғағанда БҰҰ-ға мүше мемлекеттер балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қазақстандық реформаларға жоғары баға берген.

Жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы қабылданады. Балалардың мүдделерін жан-жақты ескере­тін бұл бағдарлама 7 стратегиялық бағытты қамтиды (отбасы, білім, денсау­лық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқықтық қорғау, қауіпсіз орта құру, бос уақытын ұйымдастыру және спорт). Мемлекет тарапынан педагогтердің кәсіби өсуіне жүйелі жағдай жасалып келеді. Биылғы жылдың өзінде біліктілікті арттыру курстарымен қамту екі есеге өссе, әділ әрі ашық аттестаттаудың жаңа цифрлық жүйесі сапалық құрамды 72%-ға арттырды.

Отырыста баяндалғандай, Қазақстан­ның PISA көрсеткіштері Францияның Париж қаласында өткен Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының отырысында оң бағасын алды, Білім алу­шы­­лардың білім жетістіктерін монито­рингілеудің отандық құралы алғаш рет халықаралық сертификаттаудан өтті.

Сонымен қатар республикалық білім беру ұйымдарының инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. Атап айтқанда, Түр­кістандағы «Білім-инновация лицейі» жаңа ғимаратқа көшірілсе, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі толықтай реновациядан өтті. Ал бұрынғы Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мек­теп-интернатының жаңа ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын.

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында мемлекеттік білім беру тапсырысы 150 мың орынды құрады, оның 70%-ы техникалық мамандықтарға бөлінді. Студенттердің шәкіртақысы екі есе өсті. Кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша оқып жатқан колледж студенттерінің саны соңғы екі жылда үш есе артты. Биыл бұл көрсеткішті 45 мың орынға жеткізу көзделген. 74 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Қазан айында Ақтау қаласында Түркітілдес елдер арасында Қазақстанның ұйымдастыруымен «TurkicSkills» бірінші халықаралық жұмысшы мамандықтар чемпионаты өтеді. Ол жастар мен студенттердің кәсіби шеберлігін дамытуды және ілгерілетуді мақсат етеді.

– Өткен оқу жылында еліміздің ұстаз­дар қауымының қажырлы еңбегі мен шығармашылық ізденістерінің арқасын­да бірқатар жетістікке қол жеткіздік. Енді жаңа оқу жылына жоспарланған жаңа міндеттер туралы сөз етсек. «Адал азамат» біртұтас тәр­бие бағдарламасы меншік нысанына қарамастан, білім жүйесінің барлық сатысына жаппай енгізіледі. Жасанды интеллекті элементтері жаңа оқу жылында білім беру үдерісіне енгізу басталады. Академиялық еркіндік пен ұжымдық жауапкершілікті басшылыққа алатын, әр оқушыға бағытталған жасанды интеллект негізіндегі білім беру жүйесі қалыптастырылады. AI-Kitap платформасын кезең-кезеңімен қолданысқа енгізу жоспарланған. Осыған байланысты педагогтер 3-деңгейлік курстан өткізіледі (Acquire → Deepen → Create). 1-11-сынып оқу­шыларының барлығы «Day of AI» курстарымен қамтылады. «Келешек мектептерінің» жұмысын үйлестіру, сүйемелдеу және әдістемелік басқару Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына жүктеледі. «Әр мектеп – үздік мектеп» қағидатына негізделе отырып, сапа мен тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін басқарудың жаңа моделі мен аккредиттеудің стандарттары енгізіледі. Педагогтерді аттестаттаудың цифрлық «Ұстаз» платформасы толық­қанды жүзеге асады. Жас әрі талантты мұғалімдердің базасы жасақталады. Білім берудегі өзгерістердің жаңа буын менеджерлер пулын қалыптастыру жалғасады, – деп қорытындылады сөзін министр.

 

Үздіктер тәжірибесі

Республикалық Тамыз конференция­сының мінберінде бірнеше білім саласы қызметкері сөз сөйлеп, өз тәжірибесін бө­лісті. Солардың бірі Қызылорда облысы № 290 Келешек мектебінің директоры Мөлдір Смаханова өзі басқарып отырған оқу ошағында қолайлы, жайлы жағдай жасалғанын, соның нәтижесінде, оқушыларының қолданбалы білім арқылы практикалық ойлауы дамып келе жатқанын жеткізді.

– Біз жасанды интеллектіні оқыту құралы ретінде ұтымды пайдалана бас­тадық. Алғашқы жеңістеріміз де бар. Оқушыларымыз Қытайдың Макао қала­сында өткен халықаралық роботтехника чемпионатында жеті бірдей жүлдеге ие болды. Біз үшін әр оқушы – қайталанбас тұлға, өз дарыны мен дамуына лайық жеке әлем. Сондықтан мектептердегі инклю­зивті ортаны, тең мүмкіндік пен шынайы қамқор­лық кеңістігін қалыптастырып келе­міз. Жалпы, өз басым, «Келешек мектеп­терінің» негізгі миссиясы еліміздің кез келген баласына бірдей дәрежеде заманауи білім беру, сол арқылы орта білім деңгейін күрт өсіру, яғни PISA көрсеткіштерін барынша жақсарту деп түсіндім.

Тәрбие мәселесі – басты бағыт. Біз білім сапасын көтерумен шектелмей, жас ұрпақты өмірлік ұстанымы нық, адал азамат ретінде тәрбиелеуге баса назар аударамыз. Өткен жылдан бас­тап еліміздің мектептерінде енгізіліп жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы осы мақсатқа қызмет етеді. Оның түпкі мәні – әділдік, адамгершілік, жауапкершілік және еңбексүйгіштік сияқты құндылықтарды бала бойына сіңіру. Бала тәрбиесі – мұғалім мен ата-ананың ортақ жауапкершілігі, ал заманауи мектептердің мазмұнын биікте ұстау – біздің басты міндетіміз, – деді М.Смаханова.

Спикердің айтуынша, мектеп ашыл­ғаннан кейін жергілікті телеарнаға сұхбат берген Олжас атты келешек мектеп оқушысы «Осы білім ұясында саған не ұнайды?» деген сұраққа: «Мен мектептің қолайлы, өзіңе қызық іспен, ұнайтын бағытпен айналысуыңа мүмкіндік беретініне қуандым. Өзімнің осы ортада қажет екенімді сезіндім», деп жауап беріпті. Ал Мақсат есімді оқушысы ақиық ақын Мұқағалидің рөлін мектепішілік «Самғау» театрында сомдағаннан кейін сабаққа деген көзқарасы күрт өзгерген. Үлгерімі жақсарып, патриоттық сезімі арта түскен.

Ақтөбе политехникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Дархан Шаңбаев 2025 жылдың елімізде Жұмысшы маман­дықтары жылы болып жариялануы техникалық және кәсіптік білімге деген көзқарасты түбегейлі өзгерткенін айтты. Оның ойынша, бұл бастама – еңбек адамына жаңа мәртебе берді.

– Биылдан бастап барлық мектепке «Кәсіби бағдар беруші» лауазымы енгізіліп, 1000-ға жуық профильдік сынып ашылды. Соның нәтижесінде жоғары сынып оқушыларының нақты кәсіп иесі болуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Қазір талапкерлер саны жыл санап көбейіп келеді. Мысалы, біздің колледжде былтыр 1 орынға 7 талапкер таласты. Бұл мемлекеттік техникалық және кәсіптік білім саласындағы саясаттың табыс­ты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Осы үрдістің одан әрі жалғасатынына сеніміміз мол, – деді ол.

Д.Шаңбаевтың айтуынша, Жұмыс­шы мамандықтары жылы аясында салада ілгерілеу көп. Айталық, еліміздің 60 білім ұйымы әлемнің 30-ға жуық дамыған елінің оқу орнымен серіктестік орнатып, 200-ден аса адам тағылымдамадан өт­кен. Колледждер білім бағдарламаларын сала­лық стандарттарға сәйкестендіріп жатыр. Мысалы, Ақтөбе политехникалық колледжінің 6 студенті британдық «Reason–Certiport» компаниясынан ІТ бағыты бойын­ша тәжірибеден өтіп, сертификат алды.

– Колледждерде кәсіпорындар тарапынан шефтік қамқорлық саны артып жатыр. Мен жұмыс істейтін оқу орны кадрлар даярлау мақсатында «Колледждер және ERG» альянсына кірді. Бұл өз кезегінде білім бағдарламаларын бірлесіп өзектендіруге, дуалды оқыту­ды ұйымдастыруға, педагог­тердің тағылым­дамадан өтуіне ықпал етеді. Кәсіптік білім саласын трансфор­мациялау – экономиканың өсімін қам­та­масыз ету және инвестициялық тартым­дылығын арттыру үшін аса қажет­ті қадам. Біз студент­тер­мен жасанды интеллект көмегі­мен көп­функ­­ционалды қызметтерді атқара­тын, қазақ­ша сөйлеп, сұрақтарға жауап бере ала­тын «Smartkhan» атты роботты жасап шығар­дық. Бұл да жасанды интеллект пен кәсіптік білімнің ұштасуы деп білемін, – деді Д.Шаңбаев.

Конференцияда Мемлекет басшысы бір топ педагогті білім берудегі аса үздік жетістіктері мен елімізге сіңірген айрықша еңбегі үшін мемлекеттік наградалармен марапаттап, еңбегіне табыс тіледі.