Сұхбат • Бүгін, 09:10

«Спорт – мемлекеттік саясаттың басым бағыты»

20 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жыл сайын елімізде тамыз айының үшінші жексенбісі Спорт күні ретінде мерекеленеді. Қоғамды достыққа, бауырластыққа үндейтін спорт – елдіктің белгісі, мемлекеттің мәртебесі. Атаулы күн қарсаңында Туризм және спорт министрі Ербол МЫРЗАБОСЫНОВПЕН сұхбат құрып, саланың даму бағытын сұраған едік.

«Спорт – мемлекеттік саясаттың басым бағыты»

– Мемлекет тарапынан спорт­ты дамытуға айрықша кө­ңіл бөлініп отырғаны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстың нәтижелеріне тоқталсаңыз.

– Расында елімізде спортты дамыту мен насихаттауға айрықша мән беріліп, мемлекет барынша көп азаматты, әсіресе жастарды, спортпен айналысуға жан-жақты қамқорлық жасап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында спорттық инфрақұрылымды дамыту бағы­тын­да ауқымды жобаларды жү­йе­лі жүзеге асыру жалғасып ке­леді. Атап айтар болсақ, былтыр 90 спорт нысаны салынды. Оның 61-і – ауылдық жерлерде, 29-ы қалалар мен аудан орталықтарында бой көтерді. 2025 жылдың басынан бері 32 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Олардың қатарында Ақмола облысы Зеренді ауылын­дағы, Павлодар облысы Баянауыл ауылындағы спорт кешендері бар. Сонымен қатар биыл қыркүйекте Қызылорда қала­сында халықаралық стан­дартқа сай заманауи стадионның құрылысы аяқталуға тиіс. Бұдан бөлек, Астанада Қ.Мұңайтпасов атындағы жаңа стадионның құрылысы басталды, ал Түркістан қаласында есу каналының құры­лысы жүріп жатыр. Осы орайда елордада салынып жатқан Ұлттық спорт университетін ерекше атап өткен жөн. Бұл кешен колледжден бастап докторантураға дейін үздіксіз білім алуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары қазір кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Білім ордасы құрылысын 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Колледжде бір уақытта 500-ден астам адам, ал ЖОО-да 2000-нан астам бакалавриат студенттері, 60 магис­трант және докторант білім алмақ. Университет инфрақұрылымына стадион, олимпиадалық бассейні бар жабық жеңіл атлетика манежі, көпсалалы спорт кешені, ғылыми зерттеу және медициналық-оңалту орталықтары енеді.

Туризм және спорт министр­лі­гінің дерек­теріне сәйкес 2024 жылы елі­мізде ең танымал спорт түрі – футбол. Бұл ойынмен ел бойын­ша 1,1 мил­лионнан астам адам шұғылданады. Ең қызы­ғы, олардың жартысынан астамы ауылдық жерде тұрады, бұл фут­бол­дың еліміздің барлық өңірінде қол­же­тімді әрі кең таралғанын көрсетеді. Одан кейін клас­сикалық волейбол (760 мыңнан астам адам), бас­­кетбол (540 мыңнан астам адам) келеді. Сондай-ақ үздік ондыққа жеңіл атлетика, үстел теннисі және тоғыз­құмалақ енді. Бұл көр­сет­­кіштер отан­дас­та­ры­мыздың  дәс­түр­­­лі де, заманауи да спорт түрлеріне ерекше қы­зы­ғу­шылық танытатынын, белсенді өмір сал­тына деген ынтасының артқанын дәлелдейді.

спорт

Елімізде ұлттық және халық­аралық деңгейдегі жарыстар тұрақты өткізіліп келеді. Қазақстан спортшылары әлем чемпионаттары, құрлықтық турнирлер және Олимпиадаға тұрақты қатысады. Спортты насихаттауда маңызды қадамдардың бірі – Спорт күнін белгілеу болды. Бұл мереке – спортшыларымыздың жетістіктерін көрсетуге, жас­тарды саламатты өмір салтына ынталандыруға, осы салада еңбек етіп жүрген барша жанға – кәсіби спортшылардан бастап әуесқойларға дейін алғыс білдіруге арналған. Әр жылы бұл күні еліміздің барлық өңірінде бұқаралық спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

– Биылғы 16 маусымда «Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ артық құқық­тық реттеуді алып тастау тура­­лы» заң күшіне енді. Бұл заң саланы жаңғыртуға, спорт саясатының тиімділігін арттырып, бюджет қаржысын оңтай­ландыруға қаншалықты септігін тигізеді?

– Әрине, мемлекеттің қаржы­сы мақ­сатсыз жұмсалмауы қадаға­ланады. Мәсе­лен, командалық спорт түрлеріндегі клуб­­тарды ұстауға жұмсалатын бюджет шы­ғын­дарына айлық есеп­тік көрсеткішке (АЕК) бай­ланысты шектеу енгізілді. Бұл инфляцияға бейімделіп, қаржы­ландыру көлемінің жыл сайын қысқармауына мүмкіндік береді.

Спорттық федерациялардың мәртебесі нақтыланды: респуб­ликалық және өңірлік бірлестіктер ұлттық аккредиттелген федерациялар деңгейіне ауыстырылды. Аккредитацияның міндетті шарттарының бірі – жергілікті федерациялардың ұлттық федерация құрамында болуы.

І топтағы мүгедектігі бар спорт­­шы­ларды сүйемелдеп жүретін адамдардың құқықтары заңмен бекітілді. Олар спорт­шы­ға киіну, арба ауыстыру, меди­ци­налық тексеруден өту, өзге де рәсімдерде көмектеседі. Бұл норма жаттығу үдерісі мен жарыстарға қаты­су жағдайын жақ­сар­туға бағыт­тал­ған.

Спорт ұйымдары басшыларын ротациялау жүйесі енгізілді. Мерзімі – бес жыл. Бір құрылымы бар аудандарда ротация көршілес аудан-қалалар арасында жүзеге асады.

Олимпиадалық спорт түрле­рімен қатар, ұлттық спорт түр­лері де басым бағыт ретінде бел­гіленді. Министрлік спорт саласын қаржыландыру тетіктерін жетіл­діру және бюджет шығын­дарын тиімді басқару бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Өңірлік спорт басқармалары мен ұлттық спорт федерацияларына бюджет қаражатын үнемдеп, қаржыландырудың қайталануын болдырмау үшін «1 өңір – 1 клуб – 1 спорт түрі» қағидатын ұстану ұсынылды. «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға сәйкес командалық спорт түрлері бо­йынша кәсіби клубтарды қар­жы­ландыруға шектеу енгізілді. Бұл – қаржының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етіп, клубтарды балама қаржы көздерін тартуға бағытталған маңызды қадам. Сон­дай-ақ заң бойынша шетелдік спортшыларды ұстауға, оларға еңбекақы төлеуге бюджет пен квазимемлекеттік сектордың қаражатын пайдалануға тыйым салынды. Бұл шешім жергілікті кадрларды қолдауға, отандық спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ұлт­тық спорт мектептерін да­мы­­туға бағытталған. Жаңар­тыл­ған заң аясында спортты стра­­тегиялық тұрғыдан дамы­ту­ға бағытталған бірқатар маңызды нормалар енгізілді. Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Азия Пара ойындарындағы ұлттық құрамалардың нәтижелерін ескере отырып, 60-тан астам басым спорт түрінің тізімін бекітті. 11 ұлттық спорт түрі басым спорт түрлері қата­рына енгізілді

Биылдан бастап ұлттық спорт түрлері де олимпиадалық бағыт­тармен қатар мақсатты қаржы­­ландыруға, жоғары жетіс­­­­тіктер спорты ретінде жүйелі дамуға мүмкіндік алады. Қабыл­данған шаралар – отандық спортты тұрақты әрі тиімді модель бойынша дамытуға бағытталған кешенді реформаның бір бөлігі. Туризм және спорт министрлігі заңда көзделген нормаларды мемлекеттік саясат аясында іске асырып, олардың орындалуын барлық деңгейде қамтамасыз етеді.

– Бұқаралық, балалар-жасөс­пірімдер спорты – мемле­кет­тік сая­сат­тың негізгі бағыты. Резерв даяр­лау, дарынды, талантты жастарды қолдау қай деңгейде?

– Қазір­де елімізде 912 балалар-жасөс­пірім­дер клубы, 521 маман­дан­дырылған спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 700 мыңнан астам жасөспірім спортпен айналысады.

Дарынды балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Олимпиадалық резервтегі спорт-интернаттарда 6 мыңнан астам бала оқиды. Олар болашақта ұлттық құраманың негізгі сапын толықтыруы мүмкін. Бұл – тек талантты қолдау ғана емес, жүйелі чемпиондарды даярлау жұмысы.

Мемлекет спортқа қолжетім­ділікті арттыруға да баса назар аударады. Мем­­лекеттік тапсырыс аясында 240 мыңнан астам бала ел бойынша 7 мың спорт секция­­сына тегін қатысады. Бұл – тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағ­­дайына қарамастан, әр балаға спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, спортпен жүйе­лі түрде шұғылданатын бала­лардың үлесі 30,4%-ға жетті, яғни 1,5 миллионнан астам бала. Бұл көрсеткіш жастардың ден­сау­лығына оң әсер етіп қана қоймай, олардың бойында тәртіп, жауапкершілік және командалық рухты қалыптастырады.

– Биылдан бастап бірнеше өңірде бірыңғай ваучерлік жүйе енгізілді. Қанатқақты жобаның артықшылығы қандай?

– 2025 жылғы 1 маусымнан бастап Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе қалаларында бірың­ғай ваучер енгізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды. Мақсат – мемлекеттік және жеке­меншік спорт секцияларын, шығармашылық үйірмелерді, қосымша білім беру курстарын бір цифрлық платформада біріктіру.

Жаңашылдықтың бірі – 12 санат бойынша, соның ішінде әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қамтитын Бірыңғай ашық кезек жүйесін құру.

Негізгі қағида – ваучер бала­ның атына тіркеледі, ұйымға емес. Бұл спорт, шығар­машылық және білім беру бағдар­­­ла­малары арасында еркін ауысуға, қаржы­лан­дырудан және кезектен айы­рыл­мауға мүмкіндік береді. Мемлекет қызмет тек іс жүзін­де көрсетілгеннен кейін ғана төлейді. Қатысу цифрлық түрде белгіленеді, ал ата-ана төлемді нақты үйірмеге платформа арқы­лы жібереді. Мұндай жүйе жал­ған есептер мен жасанды көрсеткіштерді болдырмайды.

Егер балаға үйірме ұнамаса, ата-ана құжаттарды қайта тапсыр­май-ақ, жеткізушіні ауыстыра алады. Ваучер жойылмайды, бұл балалардың мүддесін қорғап, таңдау еркіндігін арттырады. Қанатқақты жоба аяқталған соң, нақты пікірлер мен тәжірибелер негізінде алгоритм жетілдіріліп, елдің барлық өңірінде қолданысқа енгізіледі.

– Елімізде халықаралық дәре­жедегі бәсі жоғары спорт­тық іс-шараларды өткізу қарқын алып келеді. Бұл әлемдік додаларды ұйымдастыруға сенім­­діліктің артқанын айқындай түсері анық.

– Дұрыс айтасыз, Қазақстан ірі халықаралық спорттық жарыс­тардың сенімді ұйымдас­ты­ру­­шысы ретіндегі мәртебесін жүйелі түрде нығайтып келеді. Елде заманауи спорттық инфра­құрылым, турнирлерді өткізудегі танылған тәжірибе және жоғары ұйымдастырушылық деңгей қалыптасқан.

2025 жылғы тамыз айында Қазақстан бірқатар маңызды халықаралық спорттық оқиғалар­ға төрелік етеді. Мәселен, 14–16 тамыз аралығында Астана қала­сындағы Ж.Үшкемпіров атын­дағы жекпе-жек сарайында таеквондодан (WT) G-1 санатындағы «Kazakhstan Open 2025» халық­аралық рейтингтік турнирі жо­ғары деңгейде өтті. Ал 16–30 тамызда Шымкент қаласындағы «Shymkent Shooting Plaza» спорт кешенінде 26 елден 800-ден астам спортшы қатысатын нысана көздеу және стенд атудан XVI Азия чемпионаты ұйымдастырылады. Сондай-ақ 14–15 тамызда Астана­дағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде тұңғыш рет әскери қызметшілер арасындағы қазақ күресінен әлем чемпионаты жалауын желбіретті.

Бұдан бөлек, 11–14 тамыз аралығында елордада Азия паралимпиадалық спорты­­­ның басты іс-шараларын – Азия Паралимпиадалық комитетінің (АПК) конференциясын және VIII Бас Ассамблеясын қабылдады. Мұндай ауқымды форум тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет өткізіліп отыр. Іс-шараға 45 елден 190-нан астам делегат қатысты. Бұл – халықаралық спорт федерациялары мен серіктестердің елімізге деген сенімінің айқын дәлелі.

Айта кету керек, этноспорт саласындағы ең ірі халықаралық жарыстардың бірі – былтыр 8–13 қыркүйек аралығында Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпе­лі­лер ойындары. Мәдени мұра мен спорт рухын тоғыстырған бұл ерекше турнирге 90 елден 2 500-ден астам спортшы жиналды. Қазақстан құрамасы 43 алтын, 32 күміс, 37 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді. Көшпелілер ойындары Қазақстанның дәстүр мен заманауилықты үйлестіре отырып, мәдениеттер диалогіне мықты негіз қалап отырған ел ретіндегі беделін нығайтты.

– Ғылымға түрен салмай ілгері жылжу болмасы анық. Елімізде спортшыларды даяр­лаудың ғылыми моделін енгізудің игілігін көреміз бе?

– Елімізде алғаш рет спорт­тық білім беру жүйесінде кадр даярлаудың жаңа санаттары енгізілді. Бұған дейін оқыту тек мектептегі дене шынықтыру пәніне бағыт­тал­ған «Дене шынық­тыру» маман­дығы аясында жүр­гізілсе, енді жат­тықтырушы, әдіс­теме, оңал­­ту, инклюзивті және цифрлық спорт бағыт­­­та­рын қам­титын арнайы бағдарламалар іске қосылды.

Бұл – елімізде спорт мамандарын даярлауға жүйелі әрі ғылыми тәсіл қол­данудың алғашқы қада­мы. Дене шынықтыру және бұқаралық спорт ака­демиясының базасында мынадай білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда: «Жаттықтырушылық қызмет (спорт түрлері бойынша)», «Спорт және сауықтыру сала­сындағы нұсқаушы-әдіс­кер», «Спорттық оңалту», «Үс­тел үсті спорт түрлерінен педагог-жат­тықтырушы (шахмат, то­ғыз­құмалақ)», «Киберспорт (Esport)», «Дене шынықтыру және спорт (IP)», «Бейімделген дене шынықтыру бо­йынша педагог», «Қазақ күресі бойынша педагог-жаттықтырушы».

Барлық бағдарламада негізі­нен тәжіри­беге басымдық берілген. Студенттер оқу барысында спорт федерацияларында, клубтарда, инклюзивті және оңалту орталықтарында тағылымдамадан өтіп, нақты жағдайларда кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Оқу модульдеріне спорттық талдау негіздері, құқықтық дайындық, жекелей жаттығу жүйесі, жарақаттың алдын алу, алғашқы көмек, спорт психологиясы сияқты пәндер енгізілген.

Мамандарды даярлаудың жаңа жүйе­­сін­дегі маңызды жаңа­лықтың бірі – елімізде алғаш рет іске қосылған Executive MBA Sport Management халықаралық қос дипломды бағдарламасы. Оны академия Францияның EKLORE-ed School of Management университетімен бірлесіп әзір­леген. Бұл – елдегі спорт сала­сының мамандары мен басшыларына арналған алғашқы басқару магистратурасы. Бағдар­ламаға басқарушылық ойлау қабілеті, халықаралық стандарттар мен спорт индустриясындағы нақ­ты тәжірибелер енгізілген. Сонымен қатар шетелде тағылымдамадан өту және еуропалық дип­лом алу мүмкіндігін қарастырады.

Жалпы, министрлік заманауи білім мен технологияларды спорт саласына енгізуге де басымдық беріп отыр. Мәселен, Performance Hub ғылыми зерттеу тобының базасында бокс, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, биатлон, семсерлесу, еркін күрес, таеквондо және басқа да спорт түрлері бойынша кешенді ғылыми тестілеу жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 16 спорт түрінен (оның ішінде 10 жазғы және 6 қысқы) 150-ден астам спортшы сынақтан өтті. Сонымен қатар ұлттық құрамалар мен бапкерлерге арналған арнайы семинарлар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, велоспорт бапкер­ле­ріне арналған семинар, биатлоннан ұлттық және жас­тар құрамаларына арналған дәрістер өткізілді. Бұл іс-шараларға спорт­тық медицина мамандары мен Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ғалымдары да тартылды.

Министрлік спортты дамытуда ғы­лыми негізделген, тұрақты әрі заманауи модельді енгізу жұмыстарын жалғастырады. Ең алдымен, мамандарды сапалы даяр­лап, олардың кәсіби жетіс­тік­те­рін қолдауға басымдық беріледі.

– Мемлекеттік саясаттың арасалмағы спортта да айқын аңғарылады. Әлемдік спорт қауымдастықтарымен байланыс нығайып келе ме?

– Мемлекет басшысының жоғары жетістіктер спортын және бұқаралық спортты дамы­туға бағытталған жүйелі қолдауы мен стратегиялық шешім­дерінің нәтижесінде Қазақ­стан халықаралық спорт аренасындағы орнын нықтап келеді. Президент тапсырмасы бойынша елімізде халықаралық спорт қауымдастықтарымен ынты­мақтастықты нығайтуға бағыт­талған іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылады. Жыл басынан бері Қазақстанға 19 халықаралық федерация мен ұлттық олимпиада комитет­те­рінің басшылары келді. Бұл еліміздің әлемдік спорт қауым­дас­тығындағы беделінің артып, атқарылып жатқан мемлекеттік саясатқа деген сенімнің жоғары екенін көрсетеді.

Еліміздегі гимнастика, күрес, дзюдо, бокс сияқты федерациялардың халық­­ара­лық спорт федерациялары мен ұйым­­­­да­рын­дағы өкілдерінің саны артты. Бұдан бөлек, тек олимпиадалық спорт түрлері бойынша 38 жерлесіміз халықаралық ұйымдардың мүше­сі саналады.

Президент тапсырмаларын орындау мақсатында Туризм және спорт министрлігі халық­аралық федерация­лармен ынты­мақтастықты кеңейту, инфра­құ­рылымды дамыту, еліміз­де маңызды спорттық іс-шараларды өткізу бағытында ке­шенді жұмыстар атқарады. 2027 жылы дзюдодан әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді, бұл – отандық дзюдо тарихындағы екінші әлем біріншілігі. 2023 жылдан бастап Астанада «Grand Slam» сериясындағы «Qazaqstan Barysy» турнирі ұйымдастырылып келеді (биыл отандық спортшылар 9 медаль жеңіп алды, жүлде қоры – 154 000 еуро). Биыл мамыр айында елордада парадзюдодан (IBSA) әлем чемпионаты өтті, оған 38 елден 300-ден астам спортшы қатысты. Бұдан басқа да жаһандық ірі сайыстар да ұйымдастырылады.

Қорыта айтқанда, спортты дамытудың стратегиялық кешенді жоспары негізінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»