
Елдің қорғаныс қабілетін арттырудың басты талабы – жауынгерлердің кәсіби біліктілігін көтеру мен заманауи бес қаруын сайлау. Егемендігі мен елдігін баянды қылуды мақсат тұтқан әрбір мемлекет бұл мәселеге аса сергек қарайды. Осы орайда елімізде 14 тамыз – Жауынгерлік дайындық мамандарының күні аталып өтеді. Бұл – кәсіби мереке – әскер әлеуетін арттыруға айрықша көңіл бөлініп отырғанының бір белгісі.
Жалпы, Қарулы күштерге қабілетті жауынгер даярлау үдерісі қалай жүреді және неден басталады? Ең алдымен әскердің біліктілігін көтерудің алғашқы «әліппесі» – жеке құрамды оқытуды ұйымдастыру. Жауынгерлік дайындық жүйесі бөлімшелер мен взводтардан бастап батальон штабтары, әскери бөлімдер мен құрамаларға дейінгі барлық әскери бөлімшелерді қамтиды.
Бүгінде Қорғаныс министрлігі әскерді сапалы даярлау үшін полигондар мен оқу-жаттығу орталықтарының инфрақұрылымын белсенді түрде дамытып жатыр. Заманауи мультимедиялық сыныптармен, атыс және техника басқару тренажерларымен, автоматтандырылған бағалау жүйелерімен жабдықталған жаңа оқу-жаттығу кешендері бой көтеріп келеді.
Жыл сайын Қарулы күштеріміздің қатысуымен 300-ден астам ірі оқу-жаттығу өтетінін еске сала кетейік. Олардың қатарында «Айбалта» стратегиялық, «Қаратау», «Батыл тойтарыс» сияқты жедел-тактикалық және кешенді оқу-жаттығулар бар. Бұлар Қарулы күштердің барлық түрі мен әскер тектерінің өзара іс-қимылын шынайы жауынгерлік жағдайға барынша жақындатылған жағдайда пысықтауға мүмкіндік береді.
Жауынгерлік даярлық жүйесіне қос мақсатты мамандықтар бойынша оқыту да кіреді. Бұл мамандықтар армияда ғана емес, азаматтық салада да жоғары сұранысқа ие.
Жыл сайын жауынгерлік дайындық аясында 15 мыңнан астам кәсіби маман – офицер, сержант, сарбаз және техникалық сарапшы даярланып шығады. Бұл тәсіл әскери кадрлардың әмбебаптығы мен олардың азаматтық өмірдегі бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
Қорғаныс министрлігі жүзеге асырып жатқан маңызды жобаның бірі – «Sarbaz 2.0» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында жауынгерлік дайындықта жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер ұлттық бірыңғай тестілеусіз және емтихансыз жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болады.
Қазақ армиясындағы жауынгерлік дайындық жүйесінің негізін қалағандар қатарында генерал-майорлар Юрий Курматов, Дамир Халиков, Нұрлан Жоламанов, Асқан Тасболатов, Алмаз Асенов, Талғат Қойбақов, Әлімжан Ерниязов, Тимур Әбішев, Алмаз Жұмакеев, Дәулет Оспанов, полковниктер Камил Урманов, Владимир Медведев, Нышанәлі Күзербаев, Хайрулла Ильясов, басқа да есімдері елге белгілі әскери басшыларды атауға болады. Ел іргесінің берік, аспанының ашық болуы – осындай қарымды қолбасшылар мен қабілетті жауынгерлердің арқасы.
Қазіргі таңда Қарулы күштер Бас штабының Жауынгерлік дайындық департаментін генерал-майор Анатолий Довганюк басқарады. Бұл сала мамандарының тәжірибесі мен Отан алдындағы адалдығы – армиямыздың кез келген жағдайда өз борышын абыроймен атқара алатынына кепіл.