Айбын • Бүгін, 08:55

Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығуда шыңдады

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі әскери-теңіз күштері теңізде орын алатын түрлі қауіп-қатерге тойтарыс беру операциясын жүргізудің амал-тәсілдерін пысықтады. Жедел-тактикалық оқу-жаттығу Каспий теңізінде өтті. Геосаяси жағынан маңызды стратегиялық аймақта сыналған әскери-теңіз күштеріміздің әлеуеті қандай?

Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығуда шыңдады

Каспий теңізінің жағалауында бес мемлекеттің әскери-теңіз күштері орналасқан. Қауіп-қатер төнген жағдайда қай елдің болсын сол жердегі күштері оны құрықтау қажет, тіпті кейде бірлескен операциялар да орындалады. Каспий айдынында әскери-теңіз күштерінің жауынгерлері алдымен қарсыластың кеме тобына бірлескен соққы беру амалдарын жасады. Бұл тапсырма әскери кемелер мен Ми-8 және Ми-35 тікұшақтарына жүктелді.

Сондай-ақ Зымыранды артил­лериялық кемесінің коман­дирі Ерлан Оспановтың айтуынша, шабуылдаушы жақтың кемелеріне, әуе нысандарына қарсы тойтарыс беру, су үсті диверсанттарының көзін жою жауынгерлік атыс­тары өткізілген. Әскери-теңіз күштері дабыл бойынша көтеріліп, нақты ұрысқа жақын жағдайда бө­лім­­шелердің жауын­герлік да­йындық деңгейін толық тексеруге мүм­кін­дік берген.

Су астынан жарылғыш заттар іздеп, апатқа ұшыраған кемені құтқаруға теңізшілер қатысты. Олар сондай-ақ теңізде кеме жүргізу машықтарын пысық­тады. Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінің орталық бөлігінде оқу-жаттығу штурмандық жорығын өткізген. Штурмандық дайындық бойынша штабтың жетекші маманы капитан-лейтенант Қуаныш­бек Дүйсембаевтың айтуын­ша, мұнда теңізшілер кемені бас­қару дағдыларын жетілді­ріп, штур­ман­дық қызметті ұйымдас­тыруды тәжірибе жүзінде мең­герді.

Сабақ барысында жауын­­­гер­лер теңіздегі әскери іс-қи­­­мыл­дар театрының ерекшеліктерін зерттеуге және түрлі кеме жүргізу әдістерін қолдану арқылы на­ви­гациялық міндеттерді де орындаған. Оқу жорығының қорытындысы бо­йынша штур­мандық жауынгерлік бөлімшенің офицерлері сынақты сәтті тап­сырған.

Теңіздегі практикалық опера­­цияларға Әскери-теңіз күштері запас­тағы офицерлері алғаш рет қатысқан. Жиынға Шах­мардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің әскери-теңіз кафедрасында бұрын оқыған 30 әскери міндетті тартылды. Олардың барлығы – корабльдерді штур­манмен қамтамасыз ету, радио­техникалық байланыс құрал­­дарын, сондай-ақ дизель-энер­гетикалық қондыр­ғы­лар­ды пайдалану және жөндеу сала­сындағы мамандар.

Жиын аяқталған соң жақсы нәтиже көрсеткендерге заңнамаға сәйкес кезекті әскери шен беріл­ді. Мұндай жиындарды өткізу резервті даярлау жүйесін дамы­ту­дағы және ел Әскери-теңіз күш­терінің жауынгерлік әлеуетін нығайтады. Жедел-тактикалық оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша, еліміздің теңіз әскеріне «Каспийдегі қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ете алатын деңгейде», деген баға берілді.

– Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша жеке құрам жедел және тактикалық даярлық деңгейін арттырып, бөлімшелер арасын­дағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ Каспий теңізінің отандық секторында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиімді орындау қабілеті бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізді, – деді бас қолбасшының орын­басары-ҚК ӘТК бас қолбас­шысы басқармасы жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы 1-дәрежелі капитан Данияр Хайрушев.