
Алдағы қыркүйек айында оқушылар 6 600 орындық жаңа 8 мектептің табалдырығын аттайды. Олар: Ақтау қаласы Өмірзақ ауылында, 20-шағын ауданда, Жаңаөзен қаласы Мерей шағын ауданында, Бейнеу ауылында және осы ауданның Сам ауылында, Маңғыстау ауданы Косбұлақ ауылында, Мұнайлы ауданы Маңғыстау-3 және Батыр ауылында. Сондай-ақ қазан айында Ақтау қаласының 16-шағын ауданында 1 500 орындық мектеп пайдалануға беру жоспарланған.
– Жаңа білім ошақтарының бірі – Мұнайлы ауданы Батыр ауылы Самал шағын ауданында орналасқан №20 жалпы білім беретін мектеп. Қазіргі таңда мектептің құрылысы тәмамдалып, кабинеттер жабдықталып жатыр. 1 200 орындық мектеп 56 заманауи пән кабинеттерімен жабдықталған. Мұнда оқушылардың шығармашылығын дамыту үшін STEM зертханалары, визуалды дизайн және хореография кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар ерекше білімді қажет ететін балаларға сенсорлық кабинет, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері кейінгі үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жеткіншектердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында мектепте 2 спорт зал, хореография, визуалды өнер, дизаин және технология, шеберхана, тамақтану мәдениеті кабинеттері бар, – дейді Мұнайлы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы С.Жұбанов.
Ал Бейнеу ауданының Сам ауылында 300 орындық, Бейнеу ауылында 900 орындық заманауи мектеп құрылысын «СК Строй» ЖШС жүргізіп жатыр. Жаңа білім ошақтары типтік жобаға сай салынып, заманауи талаптарға толық сәйкес жабдықталмақ. Мектептерде бейнебақылау камералары, дабыл батырмалары, асхана, мәжіліс залы, спорт залдары, лингафонды-компьютерлік кабинеттер орналасқан. Сонымен бірге STEM-зертханалар, роботтехника және хореография кабинеттері, инклюзив және логопед кабинеттері, демалыс аймақтары мен коворкинг алаңдары, оқушылардың жеке заттарына арналған шкафтар мен қосымша білім беру бөлмелері қарастырылған. Екі мектептің де құрылысы қыркүйекке дейін аяқталып, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауды жоспарлап отыр.
Маңғыстау облысы