
- Әлемдік додаларда саңлақтарымыз мерейімізді асырып, көк туымызды желбіретті. Атап айтқанда, шорт-трекші Денис Никиша наурыз айында Бейжіңде (Қытай) өткен әлем чемпионатында мансабындағы екінші күміс медалін жеңіп алды. Мәнерлеп сырғанаудан Бостонда (АҚШ) ұйымдастырылған жаһандық додада Михаил Шайдоров араға 6 жыл салып, ел қоржынына күміс жүлде сыйлады. Фристайл-могулдан Анастасия Городко Сент-Мориц қаласында (Швейцария) өткен фристайлдан әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеді.
- Қысқы спорт түрлерінен «Азиада-2025» додасынан отандастарымыз 4 алтын, 9 күміс, 7 қола медаль алды. Шорт-тректен Олимпиада бағдарламасына кіретін 5 000 метр қашықтықта ерлер құрамасы тарихи алтын медальды жеңіп алды. Фристайл-акробатикадан синхронды секіру бәсекесінен Роман Иванов пен Шерзод Хаширбаев дәл осы сайыстан алғаш рет алтын жүлде алды. Фристайл-акробатикадан аралас командалық сайыста 15 жастағы Асылхан Асан, Шерзод Хаширбаев, Аяна Жолдас күміс медальды еншіледі. Фристайл-акробатикадан синхронды секіру бәсекесінен Ардана Маханова мен Аяна Жолдас қола жүлдегер атанды. Шорт-тректен 2 000 метр қашықтықтағы аралас командалық сайыста Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Мерсаид Жақсыбаев, Яна Хан, Малика Ермек, Алина Ажғалиева, Ольга Тихонова алғаш рет жүлдегер атанды. Конькимен жүгіруден 100 метр қашықтықта Евгений Кошкин күміс алды. Конькимен жүгіруден командалық спринт бәсекесінде Надежда Морозова, Кристина Силаева, Дарья Важенина үздік үштікке енді.
- Наурыз айында Сербияның Ниш қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында орасан олжа бұйырды. Бірнеше жылдық үзілістен кейін ұлттық құрама жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ел қоржынына 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль салды. Назым Қызайбай боксшылардың арасында үш дүркін әлем чемпионы атағын алған алғашқы боксшы атанды. Сондай-ақ Алуа Балқыбекова мен Аида Әбікеева да топ жарды. Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова күміс медаль иеленсе, Наталья Богданова қола жүлдемен қайтты.
- Дзюдодан маусым айында Будапештте (Мажарстан) өткен әлем чемпионатында Әбиба Әбужақынова қазақ спортының тарихында қыздар арасынан алғаш болып финалда белдесіп, күміспен күптелді.
- 10–24 мамыр аралығында Шри-Ланка астанасы Коломбода өткен бокстан U22 Азия чемпионатында Бақыт Сәрсекбаевтың тізгіндеуімен ерлер құрамасы топ жарды. 13 салмақтың 12-сінде финалға шыққан жігіттеріміз 10 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды.
- Футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының финалында Алматының «Қайрат» клубы Испанияның «Пальма» командасынан 4:9 есебімен жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Бұған дейін алматылық ұжым Чемпиондар лигасының финалына 2019 жылы ғана шыққан еді.
- Маусым айында Оңтүстік Кореяның Куми қаласында өткен жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында саңлақтар 3 алтын, 2 күміс, 1 медаль жеңіп алды. Алғаш рет 3 000 метрге кедергімен жүгіру, 5 000 және 10 000 метрге жүгіруде Нора Джеруто мен Дейзи Джепкемей осы қашықтықтарда ел тарихындағы алғашқы жүлделерді олжалады.
- Семсерлесуден Балиде (Индонезия) өткен Азия чемпионатында сапы жаттығуында сынға түскен отандастарымыздың арасынан Вадим Шарлаимов алғаш рет қола жүлдегер атанды. Ол жарыс жолында құрлық додасының басты фавориті, Париж Олимпиадасының чемпионы Коки Каноны 1/4 финалда (Жапония) 15:14 есебімен жеңді.
- Көркем гимнастикадан Софияда (Болгария) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Ақмарал Ерекешева әнұранды шырқатты. Ол доп және таспа жаттығуында топ жарып, ал шығыршық сайысында күміс жүлдеге ие болды.
- Алты айда елімізде өткен жаһандық сайыстардың да бәсі жоғары. Мамырда Астанада дзюдодан өткен «Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы рекордтық нәтижемен 9 медаль еншіледі.
- Бокстан 30 маусым – 6 шілде аралығында елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында алғаш рет әлем кубогінің үшінші кезеңі өтті. 30 елден 300-ге жуық боксшы сынға түскен бәсекеде еліміз құрамасы 16 салмақта жүлде тұғырынан көрініп, 8 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль олжалады.
- Еліміз ұзақ жылдардан кейін ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдердің Азия чемпионатын өткізуге мүмкіндік алды. Толағайлар 7 алтын, төрт рет күміс, алты қола медальға қол жеткізді. Азия чемпионатында Ксения Прозорова (58 кг), Әлихан Әскербай (71 кг), Нұржан Жұмабай (79 кг), Едіге Емберді (79 кг), Кира Данилова (69 кг), Ерасыл Сәулебеков (88 кг), Денис Полубояринов (94 кг) топ жарды.