
Сөздікте спорт репортаждарында қолданылатын терминдер мен әлі қалыптаса қоймаған спорттық ұғымдар қазақшаланған. Немесе қазақ тілінің қолданысына бейімделген. Осы тарапта тілші-журналистер, лингвист ғалымдар мен телерадиокорпорация мамандары бір жыл еңбек еткен. Нәтижесінде, эфирде жиі көрсетілетін баскетбол, биатлон, бокс, волейбол, гандбол, гимнастика, дзюдо, мәнерлеп сырғанау, күрес, конькимен жүгіру, теннис, футбол, футзал, хоккей және шорт-трек сияқты 15 спорт түріне қатысты 1200 термин топтастырылыпты. Сөздік Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми кеңесінде қаралып, мақұлданды.
«Бүгінде эфирде бір спорт түрін бірнеше комментатор жүргізетіндіктен және бекітілген ортақ терминологиялық база болмағандықтан, бір ұғымды әртүрлі сөзбен жеткізу жағдайы жиі кездеседі. Бұл бір жағынан көрерменнің ақпаратты қабылдауына қиындық тудырса, екінші жағынан тілдік тұтастыққа кері әсерін тигізеді. Жоба осы бағытта айтылып жүрген сын-ескертпелерді ескере отырып, қазақ тіліндегі комментаторлықтың сапасын арттыру мақсатында қолға алынды», деді «Қазақстан» РТРК» басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Сөздікті жасақтау барысында кәсіби мамандармен қатар, қарапайым оқырмандар ұсынған терминдер де ескерілді. Оқырмандар «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында жарияланған спорттағы түрлі жағдайлар мен әрекеттерді, әдіс-тәсілдерді көрсететін фото, видеоматериалдардың ұтымды сипаттамасын дәл табуға атсалысты. Сондай-ақ «Qazaqstan» арнасының «Таңшолпан» және Қазақ радиосының «Қайырлы таң, Қазақ елі!» бағдарламасынан аудио және видеосауалнама беріліп отырды. Осындай түрлі платформалар арқылы жолданған сөздерді, яғни, терминдерді спорт журналистері, комментаторлар және тіл ғалымдарынан құралған редакция алқасы қарап, сәйкес деп тапқандарын сөздікке енгізген.
Сөздік түсіндірме форматында жасалған. Бірінші бағанда термин, екінші бағанда оның түсіндірмесі жазылған. Көп жағдайда сөздер тек қазақ тілінде берілсе, кей жерлерде шет тілінен енген терминдердің баламасы жақша ішінде көрсетілген.
«Бұл жинақты әзірлеу барысында ауыз әдебиеті, көркем проза, аударма әдебиеттер, көнерген сөздер сөздігі мен ғылыми еңбектер пайдаланылған. XX ғасырдан бергі спорт тақырыбындағы мақалалар, алғашқы комментаторлар мен бүгінгі эфирдегі тәжірибелі мамандардың тілдік қолданысы да ескерілді. Мәселен, Сейдахмет Бердіқұлов, Сұлтанғали Қаратаев, Өмірзақ Жолымбет, Рабат Жәнібеков, Несіп Жүнісбай, Амангелді Сейітханов және басқа да журналистер мен жазушылардың еңбектері зерделенді», дейді редакция мүшелері.