
Келелі іс-шараға Иран, Қытай, Біріккен Араб әмірліктері, Филиппин, Швеция, Америка Құрама Штаттары, Жапония елдерінен келген кітапхана саласының өкілдері қатысты. Қонақтар заманауи үрдістер мен технологияларды тарихпен байланыстыра талқылап, қолданушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға әсер ететін кітапхана жұмысының тиімді стандарттары төңірегінде ой бөлісіп, өзара пікір алмасты.
Ұлттық академиялық кітапхана директоры Күміс Сейітова еліміздің кітапхана саласындағы жұмысын атап өтті.
– Ұлттың бірегейлігін, ұрпақтар сабақтастығын және мәдени диалогті сақтауда ерекше маңызды болып отырған қазіргі заманғы кітапхана кеңістігі аясында кітапханаларымыздың тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітапхана – мемлекеттің ұлттық негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сол себепті кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деген болатын. Өзіндік алтын арқауы сонау көне дәуірлерден бастау алатын кітапханалар бүгінде баспа өнімдерін, құнды көне жазбалар мен сирек кітаптарды сақтаумен қатар, ұлттық әмбебап ақпарат көздерін жинақтап, жалпы оқырманға насихаттайтын бірден-бір мәдениет ошағына айналып отыр, – деді Күміс Қарсақбайқызы.
Кездесу аясында аталған маңызды тақырыптарды қамтитын жинақтарды көбейту, инклюзивті бағдарлама жасау және меценаттарға өлке тарихын зерттеуге көмектесуде жаңа технологиялар арқылы үздік үлгілер ұсыну жолдары қарыстырылды. Көпмәдениетті тарихты сақтау, генеалогиялық зерттеулер үшін цифрлық құралдарды пайдалану, қауымдастықты тарих жобаларына тарту және әртүрлі шежірелерді ұсынудағы қиындықтарды шешу стратегиялары айтылды.
–Бүгінгі шара арқылы біз өзге елдердің кітапхана жүйесі қалай жұмыс атқаратынын білдік, олардың озық тәжірбиесін меңгере отырып, өз ісімізді жаңғырта аламыз. Маған Филиппин, Қытай, Америка, Еуропа елдерінің оқырманмен байланыс, мұрағат сақтау сынды саладағы тың тәжірбиелері қызық, – деді Германия елінен келген қонақ Томсен Кукс.
18-22 тамыз аралығында өтетін кітапхана ісі саласындағы ең ірі жиын саналатын осы басқосу әлемнің 114 елінен келетін 1600-ге жуық делегатты біріктіретіні мәлім етілді.