
Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің мәлімдеуінше, жыл басынан бері туризм саласындағы қызмет көлемі 1,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 1,3%-ға өскен. Шетелдік туристердің саны да өткен жылдың тиісті кезеңдерімен салыстырғанда 2 есеге артып отыр.
«E-qonaq» жүйесіне сәйкес, қаңтар-маусым айларында өңірге келген шетелдіктердің саны 24 мыңға жуықтапты. «Қытай, Жапония, Италия, Германия елдерінен келген туристердің саны артып келеді. Халықаралық БАҚ-та Түркістан туралы кеңінен ақпараттар таратылып, өңірдің туристік әлеуеті таныстырылып келеді. Шаһарда жыл соңына дейін ескек есу каналы іске қосылмақ. Сонымен қатар, қолөнершілер қалашығы да биыл аяқталады деп күтілуде. Күлтөбе қалашығы жобасын да жақында іске қосу жоспарланып отыр. Биыл жалпы 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобаларға 26,3 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1 130 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, туристік инфрақұрылым саласында 11,3 млрд теңге көлеміндегі 6 жоба іске асырылмақ. Жыл соңына қарай Түркістан облысына келетін туристер саны 350 мың адамға жетеді деп күтілуде. Жалпы саладағы инвестиция көлемін 55,8 млрд теңгеге жеткізу межеленіп отыр», деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ өңірде қонақ үйлердің саны 245-ке, демалыс орындары 298-ге және емдік-сауықтыру кешендерінің саны 117-ге жетті. Биылдың I тоқсаны бойынша қонақ үйлерге жайғасқан туристер саны 61,3 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 1,5%-ға өскен.