Руханият • Бүгін, 08:28

Ақын аузының дуасы

90 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында Халық жазушысы, поэзия падишасы, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың 1990 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген «Ұлытау қызы» атты очеркі көзіме оттай басылды. Сұрау салып кейіпкері Рақыш Ыдырысова апайды тауып алдым. Ақын Фариза аузының дуасы шы­ғар, әлгі очерктен соң жергілікті жұрт Рақыш Нәшкенқызын «Ұлытау қызы» деп атайды.

Ақын аузының дуасы

Рақыш апай «менің өмірімде ақын Фариза Оңғарсынованың орны ерекше. Туған апамдай болған қимас жан. «Танысу хат» жазуымнан басталған байланысым сый­ластыққа, бауырмалдыққа ұласып кетті. Фариза апайдың қолтаңбасы бар кітап­тар үйімде сақтаулы тұр» деп ақын­­мен таныс­тығы, араластығы жа­йында әңгі­ме­леп берді.

Мемлекеттік қызметтің ардагері, Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауда­ны­ның құрметті азаматы Рақыш Ыдырысова 1971 жылы Алматыдағы Қыздар педа­гогикалық институтын бітіріп, жолдамамен бұрынғы Жезқазған облысының Жезді кентіндегі мектеп-интернатқа қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасады. Баспасөз беттерінен Фаризаның жырларын жібермей оқып жүрген жас қыз «Қазақтың ақын қыз­­да­ры­ның ішінде, Фариза апай, мен үшін дарасыз, өлеңдеріңіздің оттылығы, қуатты сезіміңіз тәнті етті. Сіз мен сияқты қазақ қыз­дарының булыққан сырларын дөп басып, өлеңге көшіргендейсіз», деп хат жазады. Ол жылдары – Фариза ақын «Қазақ­стан пионері» газетінің редакторы сол мекен­­жайға хатын салып жібереді. Көп кешік­­пей Алматыдан ақынның өзінен жауап хат келеді.

Фариза апай хатында: «Айналайын Рақыш, сенің хатыңды алдым. Бізге, яғни редакциямызға, жеке өзіме де күніне 200-ге тарта хат келіп түседі. Сол күнделікті келіп жатқан хаттардың бәріне бірдей жауап жазу мүмкін емес. Алайда сенің хатың шыншылдығымен есімде қалып, жауап жазбауды өзіме күнә санап, жауап хат жазып отырмын. Оқушысың ба, студентсің бе, өзің жайында неге жазбағансың?», деп сұраған екен. Осы хат сыйластыққа жетелейді.

1986 жылы Фариза ақын Жезқазған облыстық кітапқұмарлар қоғамының шақыртуымен осы қалаға келгенде, «Ұлытауға, Рақышқа баруым керек», деп арнайы ат басын тірейді. 1989 жылы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Рақыш Нәшкенқызы Ұлытау ауданының құрылғанына 50 жыл толған мерекелік іс-шараға Фариза апайды арнайы қонақ ретінде шақырады. Бұл тойға ақын «Қазақстан әйелдері» журналы бас редакторының орынбасары, белгілі жазушы Мағира Қожахметовамен бірге келеді. Фариза апай осы сапарында «Ұлытауым» атты өлеңін жазып әкеледі. Сонда ақын Ұлытау ауданының халқымен жақынырақ танысады. Сапардан соң Фариза Оңғарсынова «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне Рақыш Нәшкенқызы жөнінде «Ұлытау қызы» атты көлемді очерк жариялайды.

«...Рақыш Нәшкенқызы лауазым жағынан алғанда аудандағы ең үлкен әкім емес, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары. Қазіргі заманда ең қиын жұмыс – орынбасардың жұмысы. Әрі халықтың мұң-мұқтажын қанағаттандырар іс тындырып, әрі басшылардың да көңілінен шығып отыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Рақыш сіңіліміз өз деңгейлестерінің арасында алғыр басшы екенін, сөзінен ісі көп, жұлқынып алға шығып, «мына шаруаны мен тындырып жатырмын!», деп көзге түсуге ұяты жібермейтін, халқымыздың елдік намысын өз қамынан биік қояр азамат екенін Ұлытау жерінде оның жанына ерген шұғыл сапар кезінде байқағанбыз. 1989 жылы Ұлытау ауданының жарты­ғасырлық тойы өткізілді. Мен де сол ме­ре­кеге қатысып, елдің қуанышты сәт­­­те­ріне куә болғаным бар еді. Суы тапшы, шаруашылықтары шалғай, Ұлытау секілді мал баққан елге қазіргі жетпестік заманында той өткізу оңай шаруа емес. Сол жолы Мәскеуден, Алматыдан шақырылған қонақтар үш жүздің басын қосып, елдіктің туын көтерген замандағыдай сән-салтанаттың куәсі болып еді. Рақыштың үндемей жүріп, көп істі тындыратын азамат екенін сол жолы байқап ем... Ұлытауда еңбеккке, бейнетке толы өмір бар. Арманы биік, жолы бұралаң, жаны адал адамдар бар. Олар құла­зып жатқан қасиетті аймағымыздың тір­шілік тамырын жалғастырып жүр. Атақ үшін, жақсы көріну үшін емес. Ел мен Ардың алдындағы перзенттік парыздарын өтеуде. Солардың бірі – Рақыш Нәшкенқызы Ыдырысова», деп жазады.

Р.Ыдырысова бастаған сол елдің айтулы азаматтарын 1989 жылдың желтоқсан айында Фариза апай 50 жасқа толған мерейтойына шақырады. Жақсылар мен жай­саңдар жиналған кешті Серік Әбдірахманов пен Зейнолла Қабдолов жүр­гізеді. Фариза апай сол кеште алғашқы құт­тықтау сөз кезегін ұлытаулықтарға бере­ді.

 

Ұлытау облысы