
Ұлттық өнер мен тарихты темірқазығына айналдырған мүсінші Қордайдың сұр гранитіне Абайдың портретін қашап салып, оның сыртына кемеңгер тұлғаның «ақын, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген ұлағатты сөзін жазып қойған. Мұнымен қоса, төменгі тұсына арнайы QR код қойылған. Онда хакімнің ғұмырбаяны мен шығармашылығы жөніндегі мәліметтер топтастырылған.
Ақын көшесіндегі ағайын шарапатты іс-шараға қуанып, шашуын шашып, киіз үйін тігіп, меймандарға ас берді. Абай көшесінің тұрғындары бұл үлкен сый болды деп, суретші, руханият жанашыры Амантай мырзаға алғысын жаудырды.
Көшенің басында орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімінде Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әли мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төкен Арбабаев құттықтау сөз сөйледі. Ауыл молдасы Сұлтанғали Бектасұлы Абай рухына Құран бағыштап, дұға оқыды.
Аудандық орталық кітапхана қызметкерлері көше қуанышына ортақтасып, ашық көрме өткізді. Қонақтар Абай шығармашылығымен танысып, оларға жадынамалар таратылды.
Одан соң халық театры ұлы Абайдың өмірінен шағын қойылым ұсынып, ақынның өлеңдері мен қара сөздері оқылды, әндері шырқалды. Осылайша, көшенің көшелі тойы сән-салтанатымен өтті.
Амантай Нұртайұлы – Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтой эмблемасының авторы. Сол кезде автор Бикен есімді анасының ақылымен жеңімпазға тағайындалған сыйақыны баба тойының кәдесіне беріпті. Былтыр шешен және ингуш ұлтының саяси қуғын-сүргін құрбандарына 80 жыл толуына орай, өз әулеті атынан үлкен қорымға екі метрлік гранит тастан белгі орнатып, ынтымақтастық туын көтерді.
Атымтай азамат қазір «Руханият» қосымша білім беру орталығында бейнелеу өнері бөлімінің ұстазы. Шәкірттері халықаралық, республикалық сайыстардың жеңімпазы ретінде танылып жүр. Осындай еңбектері ескеріліп, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов атындағы «Жылдың үздік қайраткері» сыйлығы табысталған. Мұраты биік ердің мерейі ассын дейміз.
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы,
Ботақара кенті