Кәсіпкер • Бүгін, 08:20

Кәсіпкерлікті дамыту: мүмкіндік те көп, қолдау да бар

10 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Шымкенттің кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында бренд-комитеттің отырысы өтті. Палата директоры Сабира Адамбекованың төрағалығымен өткен жиынға қалалық әкімдікке қарасты басқарма басшылары, «Даму» АҚ мен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері, қаланың креативті индустрия мен іскер әйелдер қауымдастығының жетекшілері қатысты.

Кәсіпкерлікті дамыту: мүмкіндік те көп, қолдау да бар

Бренд-комитет отырысында 10 кәсіп­кер өз өнімін таныстырып, өзара бақ сынады. Бұған дейін өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәрмеңкесіне жалпы саны 43 үміткер қатысқан еді. Комиссия мүшелері дауыс беріп іріктелген 10 кә­сіпкер шешуші сында жүлдені сарапқа салды.

«Қалада кәсіпкерлерді қолдау тұрақ­ты жалғасып келеді. Өз ісін бастаған аза­матқа қандай да бір құқықтық, консуль­тативтік көмек, құжаттарды рәсімдеу, сүйемелдеу жағынан жәрдем қажет болса, кәсіпкерлер палатасының мамандары қолдау білдіруге дайын. Ал «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы үміткерлер өнімі бірқатар талапқа сай болуға тиіс. Өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан жасалып, өндіріс барысында қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылуы керек. Сондай-ақ өнім жергілікті өңірден екенін танытып тұруға тиіс. Дегенмен, қандай да бір зат жасағанда жергілікті шикізатпен бірге басқа жақтан әкелген материалды да қолдануға болады», деді С.Адамбекова.

продукт

Бренд-комитет мүшелеріне танысты­рылған үміткерлер арасында жылқы және тауық етін кептіріп, қытырлақ әзірлеген, асқабақ дәнінен май сыққан, сүт өнімдерінен айран, май, құрт, йогурт, квас сусынын дайындаған, керамикадан кәдесый, әшекей бұйым жаса­ған, экологиялық матадан сөмке тіккен, ағаштан ою ойған кәсіпкерлер болды.

Комитет мүшелері байқау барысында әр кәсіпкердің өндірген өнімі, оның артықшылығы туралы сұрады. Комиссияны кәсіпкердің қоластында еңбек ететін жұмысшы саны да қызық­тырды. Сондай-ақ кәсіпкерлер алдағы жұмысы мен іске асыратын жоспары жайында ой бөлісті. Отырыс қорытын­дысында 3 кәсіпкер үздік деп танылды. Олар – жылқы мен тауық етін кептіріп, дәм әзірлейтін «Жолдыбаев» фирмасы, керамикадан кәдесый мен әшекей жасайтын «Салтанат» ЖК және асқабақ дәнінен май сығатын «Ақсабын» бизнес субъектісі.

Байқауда бақ сынаған барлық қатысу­шыға кәсіпкерлер палатасы тиісті қолдау көрсететін болды. Ол өндірісті кеңейту немесе өнімді экспортқа шығару бо­йынша жәрдем болуы мүмкін. Жалпы, бренд-комитет мүшелері шешуші сында жүлдеге таласқан барлық үміткерге кәсіптің табысын өсіру, өнімнің нарықтық әлеуетін арттыру бойынша кеңес берді.

  • Байқау жеңімпазы Айжан Машікей 9 жылдан бері табиғи сабын шығарумен айналысып келеді. Кейінгі 2 жылда қосымша кәсіп ашып, асқабақ дәнінен май сығуды бастады. Кәсіпкер Шымкентте тұрса да асқабақты Жамбыл облысы Шу аймағында 10 гектар жерге егеді. Бұл асқабақ елімізде өсетін бақша өніміне қарағанда өзгешелеу. Жергілікті асқабақ дәнегі аз болса, кәсіпкер егетін сортының дәнегі көп. Ол оның тұқымын Аустриядан әкелген. Салмағы 3-5 килоға дейін жетеді.

А.Машикейдің мамандығы – дәрігер-травмотолог. Шетелде білім алған. Сол жерде жүріп, табиғи өнімдерге қы­зыққан. Елге келіп экологиялық таза өнімдер шығаруды ойға алады. Сөй­тіп, алғашқы кәсібін табиғи сабын шы­ғарудан бастайды. Оның айтуынша, асқабақ майы денсаулыққа өте пайдалы. Әсіресе бүгінде балалар арасында кең таралған ішкі құрт ауруларына таптырмас ем.

Кәсіпкердің «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша байқауға қатысудағы мақсаты – егіс даласында асқабақты жарып, ішінен дәнін жинап беретін шетелдік заманауи техника сатып алу. Оның құны 12 млн теңге. Бұл техника 10 гектар аумақты екі күнде тазалап шыға алады. Ол екі күннің бірінде по­йызбен Шудағы егіс даласына барады. Былтыр күзге дейін егістік басында шайла тігіп тұрған. Шымкенттен қатынау қиын болғандықтан енді Түркістан облысынан немесе қаланың өзінен егістік жерді жалға алуды көздеп жүр. Оның айтуын­ша 1 гектар алқаптан 200-300 кило өнім алынады, ал 4 кило асқабақ дәнінен 1 литр май сығылады. Өнім жақсы болу үшін жаз күндері алқапты бірнеше мәрте суарады.

«Жұбайым инсульт алып, жатып қалғанда асқабақ майының көмегімен аяққа тұрғыздым. Канада елінде біраз жыл тұрып, елге келіп отандық өнімді салыстырғанда, бізде мұнай химиясынан дайындалатын тауар көп екенін байқадым. Сол үшін гигиеналық зат қатарында сабынды табиғи компоненттерден жасауға тырыстым. Бұл ретте сабын өндірісінде кокос, эфир, зәйтүн майларын қолданамын. Сонымен қатар ерінгүлділер тобына жататын хош иісті гүл лаванда егуді қолға алдым. Ол да сабынның табиғи шикізатына кіреді. Әрі лаванда гүлінен алынған майды күйген жерге жақса, тез жазылады. Канадада білім алып жатқан балаларымыз сонда көшуге үгіттейді, ал біздің барғымыз жоқ. Өз елімде ойға алған жоспарымды іске асырып, Отаныма пайдамды тигізсем деймін» дейді А.Машікей.

Кәсіпкер өнімін дүкенге қойып сатпайды. Білетіндер үйінен алып кетеді. Енді өндіріс ауқымын кеңейтіп, тауар са­нын арттыруды көздейді. Ол үшін сапа сертификаты қажет. Бұл құ­жат­тың көмегімен өнімін дүкен мен дәрі­ханаға шығара алады. Сапа сертификатын беруші мамандар тамыз айында кәсіпкердің өнімін тексеріп, сапасы мен қауіпсіздігі халықтың тұтынуына қаншалықты жарайтынын зертхана арқылы саралап көрмек. Құжат қолға тиісімен бизнесте жаңа кезеңге қадам басамын деп отыр.

  • Жоба байқауында жүлдеге ілінгеннің бірі – Салтанат Дәуренбекова. Оның керамикадан кәдесый мен түрлі әшекей бұйым жасау жобасы бірден көзге түсті. Кәсіпкер өнімінің «Ainalaiyn ceramics» деп аталуы – ұлттық мәдениет пен өнерді заманауи керамикалық бұйымдарда бейнелейтін ерекше бренд болып саналады. Оның осы кәсіппен айналысып келе жатқанына бес жыл болды. 2022 жылы «Бастау бизнес» байқауы арқылы грант ұтып алып, сол қаражатқа саз балшық күйдіретін пеш сатып алған. Қазір керамикадан түрлі бұйым жасап, клиенттердің алғысына бөленіп жүр.
  • керамика

Кәсіпкер бұған дейін туризм саласында оның қатарында қонақүй бизнесінде жұмыс істеген. Алайда 2020 жылғы пандемия кезінде жұмысы уақытша тоқтап, қолөнер саласына ауы­сып кетеді. Қолөнерді таңдауы тегін емес. Өйткені оның ата-анасы суретші. 

«Пандемиядағы карантин кезінде үйде жұмыссыз отырып қалдым. Әрі қарай немен айналысуды білмедім. Бірде әлеуметтік желіден әдемі керамикалық бұйымды көзім шалып қалды. «Адам қолынан келмейтін дүние жоқ екен ғой» деп таңғалып, мен де осындай бұйым жасап көрсем бе деп ойладым. Содан арнайы курсқа бара бастадым. Сол кезде бір байқағаным, Шымкентте саздан бұйым жасайтындар көп-ақ. Бірақ арнайы бояу қолданып оны керамикаға айналдыратын қолөнер шеберлері некен-саяқ екен. Көпшілігі саз балшықтан жасалған бұйымдарын акрилмен бояп қоя салады. Ал менің арманым басқаша еді. Мақсатым – дүкендерде сатылатын кера­микалық сапалы ыдыстар секіл­ді күнделікті тұтынуға жарамды бұйым жасап шығару болды. Ас-ауқат­қа пай­даланатын ыдыс немесе үйдегі бөл­менің сәнін келтіретін тамаша қол­өнер туындысын жасағым келді», деді С.Дәуренбекова.

Кәсіпкер содан арман қуып 2021 жылы Астанаға оқуға келеді, сосын Өзбекстандағы Риштен қаласында оқуын жалғастырып, одан кейін Қытайдың Цзиндэчжэнь қаласында білімін терең­детеді. Бұл шаһар Қытайдағы фарфор қолөнерінің астанасы болып саналады. Қазірде осы алған білімінің арқасында С.Дәуренбекова өзі де оқытумен айналысады. Керамика бұйымдарын қалай жасаудың қыр-сырын үйрену үшін оған еліміздің түкпір-түкпірінен шәкірттер келеді.

2023 жылы ЮНЕСКО-ның «Тірі адамзат қазынасы» (Living Human Treasures) деген тізімге енген аты әлемге әйгілі Ахмет Ташхомджу деген қолөнерші бар. Ол 2013 жылы биіктігі 5.5 метр құмыра жасап, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Міне, сол маманнан С.Дәуренбекова биылғы тамыз айында бір апталық дәріс алып қайтты. Оқу барысында ол әйгілі қолөнершіден құмыра жасаудың құпиясын үйренді. Енді осы алған білімі мен тәжірибесін іс жүзінде қолданып, Шымкентте керамика қолөнерін дамытуды мақсат тұтып отыр. Бір айта кетерлігі, С.Дәуренбекова Түркістанның «Қолөнершілер қаласы» мәртебесін алуы­на көп еңбек сіңірді. Осынау еңбегі үшін оған Түркістан облысы әкімдігі алғыс білдірді. Ал Шымкент қаласының әкімі қолөнершіге қолдау таныту мақсатында оның құмыраларын арнайы сатып алған.

  • Өз кезегінде «Бір ауыл – бір өнім» байқауының жеңімпазы Жансері Жол­дыбаевтың да керемет жобасы жа­йында айтып өтпеске болмайды. Оның бизнес жобасы жылқы, тауық етінен чипсы, яғни қытырлақ дайындауға арналған. Бүгінде қытырлақ өндіретін цехтың өнім шығарып жатқанына сегіз айдан асты. Сүрленген еттен жасалған бұл өнім калориясы аз тағам түріне жатады. Себебі оның негізінде ақуыз жатыр. Ол адамды семіртпейтін, керісінше күш беретін микроэлемент.

«Біздің цехта жоғары білікті технолог мамандар жұмыс істейді. Сол мамандар тәжірибесінің арқасында дәмді, пайдалы өнім жасап жатырмыз. Сүрленген еттен дайындалған өнімдер шетелде, әсіресе АҚШ-та жақсы дамыған. Тіпті көршілес Ресей мен Қырғызстанда да мұндай тағамдар сауда сөресінде толып тұр. Тек Шымкентте ғана жаңа өнім енді-енді халыққа танылып келеді. Ол тұтынушылар арасында сенімге кіріп, сұранысы артуы үшін әлі кішкене уақыт қажет болады. Өндірістік цехта күніне 100 қорап сүрленген еттен жасалған дәмдер жасап шығарамыз» дейді кәсіпкер.

  • Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, биылғы алты айда жеңіл өнеркәсіптің өндіріс көлемі 14 млрд теңгеден асқан. Тарқатып айтсақ, есепті кезеңде мегаполисте 8 млрд 297,7 млн теңгенің тоқыма бұйымдары, 5 млрд 374,3 млн теңгенің киім-кешегі, 328,8 млн теңгенің теріден жасалған және былғары өнімдері өндірілді. Жеңіл өнеркәсіптің қаланың жалпы өнеркәсіп өніміндегі үлесі 2,1%-ды құрайды. Басқарма таратқан мәліметке сәйкес, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жеңіл өнеркәсіп саласында 173 кәсіпорын тіркелген. Оның ішінде 165 өндіріс ошағы шағын, алтауы орта, екеуі ірі кәсіпорынға жатады. Олардың қатарында «Арайлы», «Жібек Н.М.», «Гаухар» тігін фабрикасы, «АГФ Групп»ӨК», «Жаңаталап-МТ», «KazPlast», «Шабитекс», «Әлем-БТ», «Хлопкопром-Целлюлоза», «Бал Текстиль», «Назар Текстиль», «Tumar Textile», «Nappa.kz» секілді серіктес­тік­тер­дің фабрикаларын атап өтуге болады.

Қала аумағында шұлық-байпақ өнім­дерін шығаратын фабрикалар жұмыс істейді. Мәселен, «Әлем-БТ» ЖШС – еліміздегі шұлық-байпақ өнімдерін өндіретін ең ірі кәсіпорын саналады. Өнді­ріс орны Оңтүстік Кореядан әкелінген жоғары сапалы қондырғылармен жаб­дықталған. Кәсіпорын «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орна­ласқан. Фабриканың өнім шығарып келе жатқанына биыл 10 жыл болды. Осы жобаны іске асыруға зауыт басшылығы 1,8 млрд теңге инвестиция салды. Бүгінде мұнда жүз шақты адам еңбек етеді. Фабрика жылына 20 млн жұп шұлық шығарады. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықта кеңінен танымал және алыс-жақын шетелден Ресейге экспортталады.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан тоқыма фабри­ка­сының бірі ретінде «Balabi Textile» ЖШС-ін айтуға болады. Фабрика құрылысы 2023 жылғы шілдеде басталып, 2024 жылғы желтоқсанда аяқталды.Нысан 2024 жылғы 20 желтоқсанда пайдалануға берілді. Жалпы инвестиция көлемі 4 млрд 326 млн теңгені құраса, оның ішінде меншікті қаражат – 613,4 млн теңге, қарыз қаражаты – 3 675 млн теңге. Кәсіпорын 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 2,5 гектар жер аумағын алып жатқан кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы – жылына 50 млн жұп шұлық тоқуға қауқарлы.

Сондай-ақ мегаполистегі ірі тоқыма фабрикасының бірі – «Azala Textile» ЖШС. Ол мақта шикізатынан бастап да­йын өнімге дейін толық өндірістік циклді қамтитын ірі кәсіпорын. Мұнда негізінен мақта-мата иірім жібі, мата және басқа да дайын бұйымдар өндіріледі. Өнімнің 70%-ы экспортқа, қалған 30%-ы ішкі нарық­қа жөнелтіледі. Биыл шілдеде кә­сіп­орынның бояу цехы іске қосылып, қазір онда 8 адам еңбек етіп жатыр.