
- Қыркүйектің 13–21 аралығында Хорватияның Загреб қаласында күрес түрлерінен ересектер арасында әлем чемпионаты түңлігін түреді. Мадияр Құрамысов баптайтын еркін күрес құрамасы Грузияда оқу-жаттығу жиынын өткеріп жүр. Әлем чемпионатының жүлдесі үшін еркін күрестен белдесуге түсетін балуандар нақтыланды. 57 кг салмақта Әділет Әлмұхамедов, 61кг салмақ дәрежесінде Асылжан Есенгелді күрессе, 65кг салмақта ресейлік легионер Начын Куулар, 70 кг салмақта былтыр әлем чемпионы атанған Нұрқожа Қайпанов, 74 кг салмақ дәрежесінде Әлібек Әбілқасым, 79 кг-да Болат Сақаев, 86 кг салмақта әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков белдеседі. 92 кг салмақта жастар арасында жасындай жарқылдаған Камил Куруглиев, 97 кг-да әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, 125 кг салмақта Әлішер Ерғали сынға түседі.
- 16–30 тамыз күндері Шымкент қаласында нысана көздеуден және стенд атудан XVI Азия чемпионаты өтеді. Құрлық додасына Бахрейн, Вьетнам, Гонконг, Үндістан, Қатар, Қытай, Кувейт, Малайзия, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы, Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония сынды 26 мемлекеттен 800-ден астам спортшы қатысады. Жасөспірімдер, жастар мен ересектер арасындағы құрлық чемпионатында тапанша, винтовка, жылжымалы нысана көздеу, стенд атудан жүлдені бөліске салады.