
Бір кездері жекеменшікке өтіп кеткен жарық жүйесіне ешқандай жаңарту, жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Салдарынан электр жүйелері тозып, жиі-жиі ақау шыға бастады. Осы мәселені шешуде Жаңаарқа ауданы әкімшілігі жауапкершілікті өз мойнына алып, электр тогын жекеменшікке алған мердігермен соттасуға дейін барды. Нәтижесінде, ауданның жарық жүйесі коммуналдық меншікке алынды. Соттасып жүріп 2021 жылы 61 жұмыскердің ұзақ жыл бойы алмаған жалақыларын өндіртіп берді. Сөйтіп, электр мәселесі жөніндегі күрделі мәселені шешу мүмкіндігі туды.
Жаңаарқа кентінің электр жүйесін жөндеуге құны 3 млрд 417 млн теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енді.
2022 жылы құжаттарын аяқтап бітіріп, 160 млн-дай қаржы аудандық бюджеттен бөлінді. Электр желілерін жаңарту жұмысы 2023 жылы басталды. Жаңаарқа кентіне биыл 1,1 млрд теңге (жалпы құны 3,4 млрд), Ералиев ауылына 730 млн теңге (жалпы құны 930 млн), Ақтүбек ауылына 700 млн теңге (жалпы құны 1,2 млрд теңге), С.Сейфуллинге 500 млн теңге (жалпы құны 750 млн теңге) бөлініп, жұмыс жүріп жатыр.
Өткен жылы Жаңаарқа кентіне 730 млн теңге, Ералиев ауылына 200 млн теңге бөлініп, игерілген. Ал Жаңаарқа ауданы орталығы, Ақтүбек, Сәкен Сейфуллин ауылдарындағы желілерді жаңғырту келесі жылы аяқталмақ. Алдағы уақытта Қараағаш пен Түгіскен ауылының электр жүйесін жөндеуге құжат әзірленіп жатыр.
Электр желілерін Түркістан облысынан келген мердігерлер жөндейді. Тек С.Сейфуллин атындағы ауылды Жаңаарқаның мердігері қолға алды.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірдегі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте «2024 жылы облыста 415,3 шақырым электр желілері мен 213 қосалқы стансаға жөндеу жүргізілді. Биыл 818,9 шақырым электр желілері мен 272 қосалқы стансаны жөндеу жоспарланып отыр. Қаражал қаласы мен Жәйрем кенті электр желілерінің жай-күйі мәселелерін жақсарту мақсатында «Вест 2001» ЖШС-ын мемлекет меншігіне қайтару бойынша сот процестері жүргізіліп, оң нәтижеге қол жеткіздік. Бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Сонымен қатар биылға республикалық бюджеттен 4 жобаға 2,9 млрд теңге қарастырылған», деді.
Ал осы ауданға қарайтын Қызылжар кентінде 1 600 тұрғын бар. Мұнда көптен бері айтылып, жазылып келе жатқан өзекті мәселе – көпір құрылысы қазір кестеге сай жүріп жатыр. Жобаның келісім-шарт құны – 2,1 млрд теңге. Биылға 577,0 млн теңге бөлінген. Оның 300 млн теңгесі жергілікті бюджеттен, 277 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінді. Көпір салумен ЖБС мердігер компания айналысуда. Ол 1 мамырдан бастап жұмысын бастады. Құрылыс компаниясы бұрынғы өткелдің жанынан қосалқы өткел салады. Оны бітіргеннен кейін қазіргі қолданыстағы көпірді бұзып, жаңасын тұрғызу жұмысын бастайды. Бұл – екі жылдық жоба. Келесі жылы аяқталып, қолданысқа беріледі.
Тағы бір айта кететін мәселе, аудан орталығы Атасудан теміржол өтеді. Теміржол Жаңаарқаны екіге бөліп жатыр. Сол екі ортада теміржолдың үстіне салынған аспалы көпір бар. Осы орайда халық теміржолда болатын жазатайым жағдайларға алаңдап, орынды мәселе көтеріп келеді. Биыл аудандық бюджеттен 167 млн теңге бөлінген, әлі де 75 млн теңге қажет. Қаражаттың реті келсе, теміржолдың үстімен өтетін аспалы көпірді жөндеу жұмыстары жыл соңында аяқталады.
Ұлытау облысы