
Осыдан екі ай бұрын ашылған тарихи-өлкетану музейінен қазір адам аяғы арылмайды. Ұжым болып келгендерден бөлек, қалалықтар да, облыс орталығына қыдырып келгендер де ең алдымен осы ғимаратқа асығады. Басқа өңірден келген ағайындарын әкеліп, тарих деректерімен таныстыратындар да аз емес. Жазғы каникул кезінде оқушыларға музейге кіру тегін болғандықтан, жаңадан ашылған залдарды қызықтаған балалар қатары да көп.
«Қырық жыл пана болған бұрынғы ғимараттың қор сақтау ғимараты шағын еді, мыңдаған экспонатты талапқа сай сақтау қиындық тудырып келген. Музей залының тарлығы да көп нәрсеге кедергі-тін. Қазір оның бәрі ұмытылды. Жаңа ғимараттың жертөлесіндегі 800 шаршы метр аумақ қор сақтауға берілді», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Жанат Ахметова.
Екі ай бұрын музейдің ашылу салтанатына облысқа сапармен келген Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев қатысып, ұлт атауын қайтарған Қызылорданың Алаш астанасы атанған кезеңінің 100 жылдығына орайластырылған өңірдегі бастамаларға оң бағасын берген.
Құрылысына «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы үлес қосқан жаңа музейде экспонаттарды таныстыру үшін заманауи технологиялар, жасанды интеллект мүмкіндіктері қолданылады. Экспозициялық алаңы екі мың шаршы метрден асатын музей залдарындағы жәдігерлер келушілерді қызықтыра түседі.
«Басқа облыстарда да салынып жатқан музейлер көп қой. Бірақ дәл біздегідей ғимарат жоқтың қасы. Бұрын түрлі құжаттар, фотоларға ден қойсақ, қазір ол қатарға мультимедиялық технология қосылды. Келушілер әр экспонат туралы арнайы тақтайшадан үш тілде толық мәлімет ала алады», дейді музей директорының орынбасары.
Жаңа ғимараттағы жаңалық – миллиондаған жыл бұрын Қазақстан, оның ішінде осы Сыр табанында өмір сүрген алып кесіртке қаңқасы. Табиғат және палеонтология залындағы «Аралозавр» – ұзындығы 8-9, биіктігі 2 метр, салмағы шамамен 5 тоннаға жететін алып кесіртке. Мыңға жуық кішкентай тістері бар бас сүйек қаңқасы жануардың шөпқоректі болғандығын көрсетеді.
Мыңдаған жәдігерді талапқа сай сақтай алатын ғимаратта балаларға арналған музей де бар. Ортағасырлар өркениеті, Ғарышты игеру, Киелі мұра мен Алаш зиялыларына арналған зал да ел байтағы атанғанына бір ғасыр толған Қызылорда жұртына тамаша тарту.
Қызылорда