
Фото: opennews.kz
Жаңа басқарма балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаумен айналысады. Олар өтініштерге жедел әрекет ету, отбасыларға көмек көрсету және өңірдегі бала әл-ауқатына жауапты барлық қызметтердің жұмысын үйлестіруі тиіс.
Жергілікті атқарушы органдардың базалық құрылымына Балалардың құқықтарын қорғау басқармасын құруды көздейтін өзгерістер енгізілген. Басқармаға облыстық және республикалық маңызы бар қалалар мен аудандардағы балалардың құқықтарын қорғау бөлімдері, сондай-ақ елордадағы тиісті бөлімдер бағынады.
«Біз әр баланың сенімді қорғалуын қамтамасыз ететін жүйе құрып жатырмыз. Бұл мәселелерді жедел шешуге және балаларға жергілікті деңгейде көмек көрсетуге мүмкіндік береді», деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Аталған бөлімшелердің тиімді жұмыс істеуі үшін Оқу-ағарту министрлігі заңнамалық деңгейде норма бекіткен. Қорғаншылық және қамқоршылық органының бір маманы 5 мың балаға қызмет көрсетеді. Соның нәтижесінде биылғы жылдың басынан бері жергілікті деңгейдегі қызметкерлер саны 303-тен 896-ға өсті. Олар үшін оқыту курстары ұйымдастырылып, бірыңғай жұмыс стандарттары енгізіліп жатыр.
Жоба ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.