Әлем • Бүгін, 09:15

Аляска саммиті бейбітшілікке бастау болса игі

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда АҚШ пен Ресей президент­терінің кездесуі 15 та­мызда Аляска штаты­ның Анкоридж қаласында өте­ті­нін хабарлады. «Жұма күні таңертең президент Трамп Анкориджге ұшады, онда Ресей президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізеді», деді Ақүйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт. Оның айтуынша, келіссөздер барысы әлі пысықталып жатыр, алайда Трамп алдымен Путиннің ұстанымын тыңдайды.

Аляска саммиті бейбітшілікке бастау болса игі

Жалпы, АҚШ пен Ресей прези­дент­терінің кездесуі Украина­дағы қақтығыс пен бітімгершілік келісімді талқылауға бағытталған. Трамп билікке келгеннен бері Мәскеумен Украинадағы қақтығысты тоқтату туралы келісімге келуге тырысып жатыр.

6 тамызда Путин АҚШ прези­денті­нің арнайы өкілі Стив Уиткоф­фпен Мәскеуде кездескен еді. Ресей ақпарат агенттіктері хабарлағандай, Ресей Федерациясы президенті­нің көмекшісі Юрий Ушаков қос тараптың сөзталқысы пайдалы әрі сындарлы болғанын айтқан.

Айта кетсек, 7 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путин­мен телефон арқылы сөйлесті. Саясаттанушы Қазбек Майгел­динов­тің айтуынша, Кремль басшы­сы­ның алдымен Қ.Тоқаевпен сөйле­суі халықаралық аренада біздің Прези­денттің беделі жоғары, маңызды сая­саткер екенін білдірсе керек.

«Әңгіме барысында Путин АҚШ-тың Украина қақтығысын реттеу жөніндегі арнайы өкілімен арада болған келіссөздердің нәтижесін хабарлаған екен. Естуімізше, Кремль басшысы телефон арқылы Қ.Тоқаевқа бүкіл жоспарын жет­кіз­ген. Яғни біздің Президент қабыл­данған шешім туралы хабардар. Тек келісімге қол қойылғанша ештеңені ашып айтпайтыны түсінікті.

Негізі, Қазақстан тарапы Украи­на­дағы соғыс басталғалы бері бейбітшілікке шақырып келеді. Ешқашан соғыспен мәселе шешілмейтінін алға тартып, тараптарды келіссөздер үстеліне отыруға үндеді. Ресеймен де, Украинамен де қарым-қатынасын үзген жоқ. Ресей басып алған территорияларды мойындамайтынын Қ.Тоқаев Санкт-Петербургте ашып айтты. Сөйте тұра, Кремльмен байланысты бекем ұстап қалды», деді Қ.Майгелдинов.

Саясаттанушының пікіріне сүйенсек, Қ.Тоқаев былтыр жел­тоқсанда Трамппен сөйлескен кезде Украинадағы қақтығыстың оңай шешілмейтінін, аумақтық даудың өте «нәзік» тақырып екенін жеткізген. Сол себепті Трампты мәселеге атүсті қарамауға шақырып, бір тәулік ішінде шешілмей­тінін түсіндірген. Сонымен қатар қақтығысты тоқтатуға шақыруды жалғастыра беруін айтқан.

«Қ.Тоқаевтың сөзінің растығына Трамптың көзі ендігі жеткен де шығар. Қалай дегенмен, қазіргі ха­лық­­аралық саясатта дәл Қ.Тоқаев секіл­­­ді тереңінен ойланатын саясат­кер­­лер көп емес», деп қосты сарапшы.

ВВС мәліметіне сүйенсек, Путинмен кездесуінен соң Стив Уиткофф Мәскеу алдымен Донецк облысынан украин әскерлерін шығарып, ондағы қақтығысты тоқтатуды ұсынып отырғанын айтқан. Екінші Путин мен Трамп бітімгершілік жоспарымен келісімге келеді, содан кейін ол Зеленскиймен талқыланады.

Сондай-ақ Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков «Известия» газетіне берген сұхбатында Ресей мен АҚШ көшбасшылары Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуі елдер арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге көмектесетінін айтты. Ол алдағы саммит «екіжақты қарым-қатынастарды қалыпқа кел­тіруге серпін береді», деді. Бұл алдымен әуе қатынасын қалпына келтіру сияқты мәселелердің шешімін табу­ға мүмкіндік береді деп есептейді дипло­мат. Сонымен қатар С.Рябков пре­зи­денттердің «мүлдем басқа тақы­рыптарға» тоқталатынын баса айтты.

Бұған дейін Трамп егер «аумақ алмасуын» талқылайтын болсақ, Путин бейбіт кездесуге келісім беруі мүмкін екенін айтты. Киев болса, бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын бірнеше рет білдірді.

«Украинаның аумақтық мәсе­лесінің жауабы Украина Конс­титу­циясында тайға таңба бас­қан­­дай жазылған. Бұдан ешкім шегін­­бейді де, шегіне де алмайды. Украиндар өз жерлерін бермейді. Елі­міз бейбітшілік әкелетін нақты ше­шім­дерге дайын. Ал Украинасыз ке­лі­­сілген кез келген шешім – бейбітшілікке қарсы шешім. Олар нәтиже бермейді», деген Украина президенті өз ұстанымынан таймайтынын жеткізді.

Еуропа көшбасшылары да Зеленскийді қолдап отыр. Олар келіссөздер мен консультациялар қорытындысы бойынша шығарылған бірлескен мәлімдемеде «Украина­ның болашағы туралы келіссөздер тек оның қатысуымен, атысты тоқтату жағдайында ғана өтуі мүм­кін» екенін айтты. Мұндай мәлім­демеге Франция, Германия, Ұлы­британия, Италия, Финляндия, Польша басшылары, сондай-ақ Еурокомиссия басшысы қол қойды.

Сонымен қатар Еуропа көшбас­шылары «аумақ алмасуына» қарсы­лық танытпайтынын жеткізді, бірақ бұл тепе-теңдік жағдайында ғана болу қажет. «Wall Street Journal»-дың ха­бар­лауынша, Еуропа елдері мен Украина қарсы ұсыныс жасаған, ол ту­ралы АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Кит Келлог толық хабардар. Қарсы ұсыныста біріншіден, атысты тоқтату, содан кейін ғана аумақтар алмасу, екіншіден, концессиялар өзара болуы керек – Украина Ресейге қандай да бір аумақтарды берсе, Ресейден өзге аумақтарды да алуға тиіс. Мәселен, егер Украина Донецк облысынан кетсе, оның орнына ресейлік әскерлер Запорожье мен Херсон облыстарынан кетуі керек. Бұған қоса, Еуропа көшбасшылары мен Украина «Киевтің кез келген аумақтық концессиясы, соның ішінде Украинаның НАТО-ға ықтимал мүшелігін қоса алғанда, темірдей қауіпсіздік кепілдіктеріне бағынуы керек», деп талап қойып отыр. НАТО Бас хатшысы Марк Рютте де ABC News-ке берген сұхбатында аумақтармен алмасуға қарсы еместігін мәлімдеді.

Айта кетсек, жұма күні Ресей мен АҚШ көшбасшылары төрт жылдан кейін кездескелі тұр. Бұған дейін Владимир Путин мен АҚШ-тың сол кездегі президенті Джо Байден 2021 жылы Женевада өткен екіжақты саммитте кездескен. Аляска штатының бұрынғы лейтенант-губернаторы Лорен Леманның айтуынша, Путин мен Трамптың келіссөздері Анкоридж жанындағы Эльмендорф-Ричардсон немесе Фэрбенкс жанындағы Эйэлсон әуе күштерінің базасында өтуі мүмкін.