
фото: ашық дереккөз
Атырау қалалық №2 сотының ақпаратына қарағанда, шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысқан үшін С.-ға Қылмыстық кодекстің 172-бабымен айып тағылған.
«Атырау қаласының тұрғыны С. Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, 2024 жылдың наурыз айының соңында Мәскеуге келіп, Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен ерікті түрде әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан. Қысқа мерзімді оқудан кейін киім-кешек алып, танк полкінің құрамында әскери дәрігер ретінде Донецк облысында қарулы қақтығыстарға заңсыз қатысқан. 2024 жылдың желтоқсанында қарулы қақтығыс кезінде жарылғыш құрылғы жарылып, сынық жарақатын алған. Емделу үшін әскери госпитальге жатқызылған», деп хабарлады аталған соттан.
Прокурор С.-ға 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды ұсынды. Ал сотталушы кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сот үкімімен сотталушы С.-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.