
Жиынға Жәнібек және Қазталов аудандарынан әскери міндетті 206 азамат тартылған. Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловтың айтуынша, бұл шара ел қорғанысын нығайтып, жастардың бойында патриоттық рухты көтеру мақсатында өткізіліп отыр.
- Бүгін ауданымыз үшін ерекше мәнге ие шара басталды. Аумақтық әскери-тактикалық оқу-жаттығу – бейбіт күнде де ел қорғанысын ойлайтын, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға дайын азаматтардың бірлігін, ерік-жігерін, кәсіби даярлығын шыңдайтын маңызды кезең. Мемлекет басшысы атап өткендей, ел қауіпсіздігі – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі жаттығулар тек әскери машықты жетілдірумен шектелмейді, ол – біздің ортақ Отанымызға деген сүйіспеншіліктің, жауапкершіліктің айқын көрінісі. Біз бейбіт өмірдің бағасын білеміз. Бірақ бейбітшілікті сақтау – күшті қорғаныс қабілетіне, мықты рух пен темірдей тәртіпке негізделеді. Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Бұл сөз – әрбір сарбаздың жадында берік сақталуы тиіс өсиет, – деді аудан әкімі.
Оқу-жаттығу кезінде әскери міндетті жастар әскери білімін жетілдіріп, тактикалық машығын шыңдайды және төтенше жағдайларда іс-қимыл жасау қабілетін арттырады.
Жиынға қатысушылар ауылдық округтерден аудан орталығына жеткізілген. Қорғаныс ісі жөніндегі бөлім арқылы барлық ұйымдастыру жұмысы үйлесіп жатыр. Толық құрам қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.