Абай • Бүгін, 16:47

Көкшетауда Абайдың 180 жылдығы кең ауқымда аталып өтті

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетау жағалауы бүгін саз, поэзия, өнер мен қолөнер тоғысқан ерекше мерекелік алаңға айналды. Ақмола облысында ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аталып өтуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көкшетауда Абайдың 180 жылдығы кең ауқымда аталып өтті

Ұлы ойшылдың мерейтойына арналған мерекелік кеңістік музыкалық, әдеби, театр, бейнелеу өнері және қолөнер алаңдарын біріктіріп, қаланың орталығын қазақ мәдениетінің тірі энциклопедиясына айналдырды.

Таңертеңнен бастап арбат бойындағы алаңдарда түрлі іс-шаралар өтті. Келушілер поэзиядан бастап, вокалдық байқаудың соңғы аккордына дейінгі мәдени бағдарламаны тамашалады.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Абай мұрасын насихаттау мемлекеттік деңгейге көтерілді. Бұл – тек ақынға ғана емес, бүкіл халқымызға көрсетілген құрмет. Жыл бойы облыста көптеген іс-шаралар, ғылыми конференциялар, әдеби байқаулар мен көрмелер ұйымдастырылды. Бұл – жас ұрпақты рухани байлыққа жетелейтін ізгі қадамдар, – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев.

Поэзиялық «Өлең сөздің патшасы» байқауында республикалық жарыстардың жеңімпаздары Абай философиясы мен шығармашылығына арналған авторлық туындыларын оқыды. Жырлар бірде терең тебіреніспен, бірде әдеби бәсекенің қызуымен орындалып, көрермендерді баурады.

Жас суретшілердің «Жыл мезгілдері» байқауы аясындағы көрмеде Көкшетау, Қосшы, Степногорск және облыс аудандарындағы арт-студиялардың жұмыстары ұсынылды. Туындыларда ұлы ақын ойларынан шабыт алған бейнелер мен метафоралар арқылы жыл мезгілдері көрініс тапқан.

«Абай әлемі» кітап жәрмеңкесінде сирек басылымдар, шығармалардың түрлі тілдердегі аудармалары және мұрағаттық материалдар қойылды. Сондай-ақ «Шеберлер шаһары» қолданбалы өнер алаңында киіз, былғары, тас және металдан жасалған қазақы дәстүрлі бұйымдар дайындалды.

Фольклорлық ансамбльдер фестивалінде «Абай дана, Абай дара» тақырыбында Атбасар, Ерейментау, Қорғалжын, Жарқайың және өзге де аудандардың ұжымдары домбырамен халық әндерін орындады.

Облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Әнді сүйсең, менше сүй» вокалдық байқауы өтсе, облыстық халық шығармашылығы орталығында «Даналық бастауы – Абай» театр фестивалі аясында ақын мен Біржан салдың кездесуін бейнелейтін қойылымдар сахналанды.

Күннің екінші жартысында өткен «Абай әлемі» концертіне Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері қатысты. Музыка, поэзия, бейнелеу өнері мен театр тоғысқан бұл мерекеде Абайдың рухы бүгінгі күнмен үндесіп, адамдарды мәңгілік құндылықтар төңірегінде біріктірді.

Кешкісін әдеби-музыкалық мереке театрландырылған бағдарлама, музыкалық нөмірлер мен шығармашылық қойылымдармен жалғасады.