
Біздің мектеп 2025 жылы 19 ақпан күні жаңадан ашылды. Жобалық қуаты 1 500 оқушыға арналған мектебімізді қауіпсіз мекеме деп айтуға болады. Өйткені мұнда оқушы қауіпсіздігін қамтамасыз ету қолға алынған. Атап айтқанда, барлық «Келешек мектептерінде», соның ішінде біздің мектепте де алғашқы медициналық көмек көрсететін пункт, мектепке кіріп-шығудағы бақылау, бейнебақылау жүйесі, төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік, қосалқы шығу жолдары, өрт қауіпсіздігі жүйесі, зорлық-зомбылықтың, буллингтің алдын алу бағытындағы шаралар, сыныптардың, мектеп асханасының, спорт залдың санитарлық жағдайы, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар үшін арнайы жағдай, психолог мамандармен жұмыс жүйесі іске қосылған. Сонымен қатар оқушылардың мектепке келіп кету жолдары да басты назарда.
Мәселен, біздің мектепте оқушы мен персонал қауіпсіздігі үшін 180 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың 116-сы мектеп ішінде болса, 64-і мектеп ауласында орналасқан. SOS түймелерінің саны – төртеу. Ал төтенше жағдай кезінде қосалқы 16 есік қолданылады. 12 турникет бар. Мектепте интернет жылдамдығы – 120 м/бит секунд, ол екі желіге бөлінеді. Мектеп ғимаратының төбесіне шығатын 2 есік; 5 люк баспалдақ қолдануға дайын тұрады. Мектепте жалпы 66 өрт сөндіргіш, 30 гидрант орнатылған, ол ғимараттың әр қабатына және жертөлеге ретімен бөлінген. Бұған қоса мектепте 3 жерде байланыс телефоны қойылған.
«Келешек мектептері» жобасы аясында салынғандықтан, мектебімізде бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жеке санитарлық бөлмелер, кең кабинеттер, жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері толық жабдықталған.
Мектебіміздің тағы бір ерекшелігі – кіруді бақылау жүйесі ID карта арқылы өтеді. Бастауыш, орта және жоғары буын оқушылары бөлек-бөлек, өздеріне арналған есіктен кіріп, өз оқу блоктарына өтеді.
Біздің мектеп күні кеше ашылса да, оқушыларымызды түрлі жағдайдан сақтандыратын іс-шаралар кешенін өткізіп үлгердік. Мысалы «Қауіпсіздік және электр энергиясы: трансформаторлық күркелер мен электр қосалқы станцияларына неге жақындауға болмайды» атты сынып сағатында жетекші инженер Мейрамгүл Болатқызы оқушыларға түсіндіру жұмысын өткізді. «Қауіпсіз жол» жобасы аясында Азаматтық бастамалар қауымдастығы SAMGAU мүшелері және Шаған полиция бөлімі қызметкерлері мектепте бастауыш сынып оқушыларымен профилактикалық акция ұйымдастырды. Аналар күніне және республикалық репродуктивті денсаулық апталығына орай оқушылар №6 емхананың дәрігері Жадыра Жақсылыққызымен кездесті. БҚО Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен де тұрақты іс-шаралар өтіп тұрады. Буллингтен қорғау қауіпсіздік сабағы, «Саламатты ұрпақтың – салауатты өмірі» тақырыбында өткен қауіпсіздік сабақтары балаларға пайдалы болғаны анық. Ал Шаған полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Мөлдір Қадимқызы қатысқан «Қауіпсіз қоғам», «Құқықтық мәдениет және оның маңызы» секілді кездесулер оқушыларға заң мен тәртіпті түсіндіріп, өз құқын қорғауға көмегін тигізді деп ойлаймын.
Шындығында оқушы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – болашақ үшін жасалған қадам. Қауіпсіз ортада тәрбиеленген бала еркін ойлайтын, білімді, жауапкершілігі жоғары тұлғаға айналады. Сондықтан білім беру ұйымдарында қауіпсіздік мәселесі үнемі басты назарда болуға тиіс. Мемлекетіміз осы мәселені маңызды деп танып, алғы шепке қойып отыр. Президент тапсырмасымен салынған ұлттық жоба – «Келешек мектептері» тек жаңа ғимарат пен заманауи жабдық емес, ең алдымен баланың жан-жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірден бір ортаға айналды.
Самал РАХМЕТУЛЛИНА,
№52 мектептің директоры
Орал