Көрме • Бүгін, 09:30

Тазы тұқымы – әлем чемпиондары

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Финляндияның Хельсинки қаласында халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) ұйымдастыруымен «World Dog Show 2025» дүниежүзілік иттер көрмесі өтіп жатыр. Қазақ тазысы жаһанға алғаш рет ит тұқымы ретінде ресми таныстырылды.

Тазы тұқымы – әлем чемпиондары

Әлем назарын аудар­ған ауқымды шараға еліміздің делега­циясы қатал талаптан өткізіліп, халықаралық шараға қатыстыруға мейлінше үйретілген 8 тазы тұқымын апарды. Жер жүзінің әр қиырынан жеткізілген 25 мың ит тұқымының арасына қазақ тазысы да дербес ит тұқымы ретінде енді.

Қазақы құмай тазылар алғаш рет көрмеге қатысқанына қарамастан, қанжығасы майланды. Биылғы әлемнің ең жас чемпионы аталымы Темірлан атты тазыға бұйырса, Лашын мен Ару да әлем чемпионы атағын алды. Көксерек пен Панаға күміс жүлде тиді. Бұдан сырт Лашын мен Ару тазыларға Финляндия чемпионы деген де марапат берілді.

Жаһандық көрмеде еліміздің делегациясы ат байлаған ордасы тамашалаушылардың назарын аударып, сүйіспеншілігіне бөленді. Ұлттық нақышта жабдықталған павильонға келушілердің шоғыры қалың болды. Келушілерге Қазақстан кинологтар одағының өкілдері тазы тұқымының бекзада болмысы мен шығу тарихын баяндап, мағлұмат берді. Қазақ халқы тазы итті ер жігітітң серігі, жеті қазынан бірі деп санайтынын айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазақы тазыны сақтау мен дәріптеу 2022 жылдан бері Прези­дент Іс басқармасының жетек­шілігімен жүргізіліп келеді. Үш жыл ішінде Қазақстан кинологтары одағымен бірлесіп, осы бағытта бірқатар ауқымды жұмыс атқарылды. 2023 жылы тамыз айында Қазақстан кинологтары одағы FCI-дың толық­­құқылы мүшелігіне өтіп, ұлттық ит тұқымдарын халықаралық аренада таныстыру құқына ие болды. Ал былтырғы мамырда Астанада өткен монотұқымды иттер көрмесі кезінде FCI комиссиясы 100 тазыны зерттеді. Сонымен қатар былтыр 3 қыркүйекте Амстердамда «қазақы тазы» тұқымын әдепкі тану туралы шешім шығып, Қазақстанға оның толыққанды иесі деген мәртебе берілді.

Тазы тұқымын дамыту, халықаралық сайыстарға белсенді түрде қатыстыру сынды шарттар орындалған жағдайда 2034 жылға қарай оны толықтай тану туралы шешім шығуға тиіс. «World Dog Show 2025» көрмесіне қатысып, Хельсинкиде тазыларды ресми түрде жұрт назарына ұсыну – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.