
Ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеп келе жатқан компания ондаған жыл бедерінде облыс аумағында көптеген ірі әлеуметтік нысандардың және тұрғын үйлердің құрылысын жүргізді. Жетекші ұжымның жемісті еңбегінің арқасында ондаған білім ордасы, балабақша, аурухана, гидротехникалық құрылғылар мен жүздеген көппәтерлі тұрғын үй бой көтеріп, пайдалануға берілді.
Серіктестік басшысы Серік Олжабековтің айтуынша, компания қызметкерлері құрылыста сапаға баса мән береді. Сонымен қатар, салынатын нысанға қажетті материалдардың басым бөлігін өздерінде шығаруға ден қойған.
«Біз үшін жобалық-сметалық құжатты өзімізде жасаудың маңызы зор. Бұдан бөлек, нысандарға керек материалдың 80 пайызын кәсіпорында шығару, материалдық-техникалық базамызды нығайту, өз ісінің білгіріне айналатын білікті мамандарды даярлау және өндіріске қажетті озық технологияларды енгізу нәтижесінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз», дейді серіктестік басшысы С.Олжабеков.
Құрылыста сапаға мән бергеннің ұтылмайтыны анық. Расында көпқабатты тұрғын үйлерді қызыл кірпішпен, құм және газоблокпен соғудың өзіндік машақаты көп. Қол күшін және ұзақ уақытты талап етеді. Дамудың даңғыл жолына түскен елдерде жүз қабаттан асатын нысандар бой көтеріп жатқаны мәлім. Әлгіндей зәулім ғимараттарға негізінен металл каркастар және ірі қабырғалық панельдер қолданылады. Тұрғын үй салуда озық технологияға басымдық берген биномдықтар да осы тәсілді таңдаған.
Іргелі кәсіпорын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында темірбетон өндіретін зауытында ірі қабырғалық панель жасайтын инвестициялық жобаны жүзеге асырған еді. Бүгінде кәсіпорын жылына 60000 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіруге қауқарлы. Мұның өзі оларға жылына 60 пәтерлік 30 тұрғын үйді ел игілігіне ұсынуға мүмкіндік береді.
Уақыт сұранысына сай өндірілетін ірі панельдердің басқа материалдарға қарағанда артықшылығы көп екенін мамандар да айтып жүр. Панель – жеңіл, жазда – ыстық, қыста суық өткізбейді. Ол – тегіс әрі жылтыр болғандықтан жұқа сылақ жүргізіледі. Шіліңгір шілденің аптап ыстығы да, үскірік аяз да жыл он екі ай жұмыс істеуге кедергі келтіре алмайды.
Ірі панельді нысандарда жұмыстың 80 пайызы техника күшімен атқарылады. Серіктестікте оған қажетті қуатты мұнаралық крандар мен оларды құрастыратын мамандар жеткілікті. Бүгінде «Биномда» жүзден астам бірлік техника бар, оның 70 пайыздан астамы жаңа екен. Жаңа технологиямен салынған ғимараттар жер сілкінісіне де төзімді.
Серіктестіктегі техника мен құрал-жабдықтардың 10 пайыздан астамы жыл сайын жаңартылып тұрады. Жұмысқа жаңадан қабылданған жастарды өз қаржысы есебінен біліктілікті жетілдіру курстарында оқытады. Соның нәтижесінде маман тапшылығын сезініп отырған жоқ. Қазір мұнда 500-ден астам адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы – 250 мың теңге. Қазір кәсіпорынға тапсырыс көп түссе, жылына 10 миллиард теңгенің құрылыс-құрастыру жұмысын игере алатын әлеуеті бар екен.
«Қандай нысанның болсын, құрылысының сапасына айрықша мән берген жөн. Өйткені, құрылыс – экономика локомотиві. Бұл сала кері кетсе, еліміз өркендемейді. Өкінішке қарай, мұнда да шұғыл шешімін күтіп тұрған проблемалар аз емес. Қымбатшылық жан-жақтан қысып барады. Нарықта материалдардың бағасы ай емес, апта сайын өсіп жатыр. Сондықтан да мемлекеттік сатып алу конкурстарына ұсынылатын нысандардың жобалық-сметалық құжаттарындағы құрылыс материалдарының бағасына жыл сайын түзетулер енгізіп тұру керек.
Бұл мәселе ескерілмесе, мердігерлер қарыздан көз ашпайды. Бұл ұсынысымызды құзырлы органдарға үздіксіз айтып, талап қойып келеміз. «Бином» тендерде ұтып алған нысандардың құжаттарын қайта қарап, тұрақты түзетулер мен толықтырулар енгізіп отырады», дейді Серік Бектенұлы.
Әулиеаталық ірі компания соңғы жылдары тендерге қатысып, жер телімдерін ұтып алады. Ол жерде ірі панельдермен 5 және 9 қабатты тұрғын үйлер салады. Оларды өздері қолжетімді бағамен сатады. Өткен жылы Жуалы ауданындағы Түктібай ауылында 300 орындық мектеп пен Б.Момышұлы ауылында бес қабатты тұрғын үй салып, пайдалануға беріпті. Байзақ ауданында 6 көпқабатты үй қолданысқа берілген.
Биыл мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, Байзақ ауданында 2,5 гектар жер телімін сатып алған. Ол аумақта 6 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Таяуда Тараздағы 14 шағын аудан аумағынан тендерде 4,5 гектар жер ұтып алды. Келешекте осында үш жылда 5 және 9 қабатты 10 үй ел игілігіне беріледі. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.
Осы жылы кәсіпорын Тараздағы Қан орталығы ғимаратының қасында 30 және 60 пәтерлі екі элиталы үйдің құрылысын бастайды. Бұл ғимараттарда тұрғындар бір жылдан кейін қоныс тойын тойлайтын болады. Биномдықтар мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысып, ірі де күрделі нысандардың құрылысын ұтып алғысы келеді. Бұған олардың әлеуеті мен кәсіби шеберлігі толық жетеді.
Серіктестік басшысының айтуынша, компаниядағы мамандардың әлеуеті кез келген ірі нысанның құрылысын сапалы атқаруға жеткілікті. Ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан «Бином» ЖШС әлі талай ауқымды жұмысты атқаратынына сенім мол. Өйткені, ұжымда маман да, техника да бар. Одан бөлек құрылыс материалдарын айтарлықтай көлемде шығаруға барлық мүмкіндік қарастырылған.
Тараз