Университет • Бүгін, 12:37

Astana IT University «Digital Public Administration» бағдарламасын іске қосты

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттік сектордың цифрлық трансформациясы қарқынды дамып жатыр. Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің 92%-дан астамы онлайн форматта қолжетімді, бұл – электрондық үкіметті дамытудағы ел жетістігі екені өз алдына. Осы үдеріске қолдау ретінде Astana IT University (AITU)  «Digital Public Administration»  жаңа білім беру бағдарламасын іске қосып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Astana IT University «Digital Public Administration» бағдарламасын іске қосты

Бұл – мемлекеттік басқаруда цифрлық технологиялар әдістерін біріктірген бакалавриат бағдарламасы. Бағдарлама – электрондық қызметтерді жобалай алатын, әкімшілік процестерді автоматтандыруға атсалысатын, мемлекеттік секторда үлкен деректермен жұмыс істей алатын мамандардың жаңа буынын даярлауға бағытталған.

Қазіргі кезде онлайн-қызметтер үлесінің артуы, цифрлық платформалар мен «mobile first» бағытында аудиторияның қарқынды өсуі электрондық үкіметті отандастарымыздың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырды.

Айталық, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік қызмет алуға жүгінген азаматтардың шамамен 45%-ы смартфондар арқылы өтініш берген. Бұл –азаматтар мен бизнеске ыңғайлы әрі қауіпсіз қызметтерді жобалай алатын мамандарға нарықта сұраныс жоғары екенін көрсетіп отыр.

фото

Білім беру саласының нарық сұранысына ұсынысы

AITU дәл осы қажеттілікті ескере отырып, «Digital Public Administration» бағдарламасын іске қосты. Бұл – B044 «Менеджмент және басқару» білім беру бағыты бойынша үш жылдық бакалавриат бағдарламасы.  Оқуға қабылданатын балл шегі – 60 балл, бейіндік пәндер – математика мен география.

Студенттер аталған бағдарлама аясында электрондық қызметтерді жобалау, әкімшілік үдерістерді автоматтандыру, деректермен жұмыс істеу, цифрлық трансформацияны басқару, сондай-ақ мемлекеттік сектордағы киберқауіпсіздік негіздерін меңгереді.

GOLD мектебі: цифрлық көшбасшылар орталығы

Бағдарлама  GOLD цифрлық мемлекеттік басқару мектебінің (Governance, Open Leadership & Digitalization) аясында жүзеге асады.

Аталған бағдарламаны тәмамдаған түлектер келесі мамандық иесі ретінде нарыққа өз қызметін ұсына алады:

  • цифрлық трансформация маманы;
  • мемлекеттік ақпараттық жүйелер аналитигі;
  • электрондық үкімет жобаларының менеджері;
  • мемлекеттік басқару саласындағы киберқауіпсіздік сарапшысы;
  • мемлекеттік платформалардың әкімшісі;
  • мемлекеттік сектор деректерімен жұмыс жөніндегі менеджер.

Айта кетелік, AITU түлектерінің 95%-ы диплом алған алғашқы айларда жұмысқа орналасып не болмаса магистратурада оқуын жалғастырып жатыр. Бұл университет дайындайтын мамандарға нарықта сұраныстың жоғары екенін айғақтайтын көрсеткіш.

фото

AITU-де білім алудың артықшылығы

Университет заманауи цифрлық инфрақұрылыммен толық жабдықталған. Атап айтсақ, үлкен деректер зертханалары, киберқауіпсіздік орталықтары, жобалық инкубаторлар жұмыс істейді. Білім ордасында оқу уақытының 70%-дан астамы практикалық жұмыстарға бағытталған. Студенттер хакатондарға қатысып, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп іске асырылатын пилоттық жобаларды жүзеге асыруға атсалысады. Студенттердің мұндай пилоттық жобаларға қатысуы оқу барысында нақты тәжірибе жинауға жасалған таптырмас мүмкіндік.

GOLD цифрлық мемлекеттік басқару мектебінің аясында іске қосылған  бағдарлама цифрлық көшбасшылардың жаңа буынын даярлау бағытындағы AITU-дің игі бастамасы. Аталған мектеп заманауи технологияларды тиімді қолдана отырып, халықтың әл-ауқатын арттыра алатын мемлекеттік басқарудағы цифрлық трансформация көшбасшыларын даярлауды, сонымен қатар, «GOLD» мектебін электрондық үкімет саласындағы халықаралық хаб ретінде танытуды мақсат тұтып отыр.

Еске салайық, «Цифрлық мемлекеттік басқару» бағдарламасы мектеп пен колледж түлектеріне арналған. Талапкерді оқуға қабылдау балл шегі – 60 балл, бейіндік пәндер – математика мен география.